Киберқауіпсіздік кеңесін құру, суару жүйелерін цифрландырып, бұл бағытта тың әдістерді кеңейту.
Бүгін Президент Түркі мемлекеттері ұйымының кезекті саммитіне қатысып бірқатар маңызды бастамаларды көтерді. Жиында Қасым-Жомарт Тоқаев заманауи қауіптерге қарсы күш біріктірудің маңызын атап өтті. Бұл бастамалар түркі елдерінің технологиялық және цифрлық даму бағытын күшейтіп, ортақ қауіпсіздік кеңістігін қалыптастыруға жол ашатындығын жеткізді.
Кавказ тауларының етегінде орналасқан Габала қаласы. Түркі мемлекеттері ұйымының кезекті саммитін бұл шаһарда өткізу кездейсоқтық емес. Сонау VI-VII ғасырларда бұл аймаққа хазарлар мен оғыздар қоныстанған. Яғни бұл ежелгі өркениет, ислам дәуірі мен түркі мәдениетінің ізі тоғысқан ерекше мекен.
Түбі бір түркілердің басы қосылған жиынға Каспий асып, Қасым-Жомарт Тоқаев та арнайы ат терлетіп келді. Бауырлас елдің басшысы Ильхам Әлиев құшақ жая қарсы алып, саммитке қатысушылармен бірге ортақ суретке түсті.
Қазір әлемдік қауіпcіздік жүйесі күрделі кезеңді бастан өткеріп жатыр. Қақтығыстар мен геосаяси текетірестер кез келген елге әсер етуде. Ал мұндай алмағайып заманда 30 жылдан астам уақыт шешімін таппаған Әзербайжан мен Армения арасындағы шиеленіске нүкте қойылды. Тараптардың Бейбітшілік декларация қабылдағанын бүгін саммит барысында Президент ерекше атап өтті. Сонымен қатар қазіргі күрделі жағдайда түркі елдері бірігіп әрекет етуі тиіс екенін де жеткізді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Бүгінде жаһан жұрты бізді зор сын-қатерлерге төтеп бере алатын, беделі мықты, ынтымағы жарасқан мемлекеттер ретінде таниды. Бірқатар ел біздің Ұйымға ерекше қызығушылық танытуда. Бұл ретте Қазақстан ынтымақтастық аясын кеңейтуге бағытталған «Түркі мемлекеттері ұйымы+» форматын құру идеясын қолдайды. Осы бастама біздің Ұйымның халықаралық беделін арттыруға жол ашатыны сөзсіз.
Технология дамыған сайын қауіптің де сипаты өзгеріп келеді. Енді ол шекарамен шектелмейтін, көзге көрінбейтін жаңа қатер киберқауіп түрінде бой көрсетуде. Ал оған қарсы тұру үшін өзара сенім мен қорғау жүйесін күшейту керек. Сол себепті Президент ұйым аясында Киберқауіпсіздік кеңесін құруды ұсынды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Бұл Кеңес мемлекеттеріміздің іс-қимылын үйлестіріп, күш жұмылдыруға жағдай жасайды. Сонымен қатар цифрлық қауіпсіздік пен технологиялық байланысты бекемдей түседі. Биыл қыркүйекте осы тақырып бойынша Алматыда өткен конференция нәтижелері киберқауіпсіздік саласындағы ықпалдастықты күшейту аса маңызды екенін тағы да растады.
Қазақстан цифрландыруға, әсіресе жасанды интеллектіні дамытуға баса мән беріп отыр. Алдағы 3 жылда ел толық цифрлық мемлекетке айналуды көздейді. Биылдың өзінде 400 мыңнан астам студент осы бағытта білім алды. Тың бағыттағы тәжірибесімен Қазақстан өзге елдермен бөлісуге әзір. Саммитте Президент аладағы уақытта жасанды интеллект мамандарын даярлайтын алғашқы зерттеу университеті ашылатынын айтып, бұл жерде түркі елдерінің жастарына арнайы гранттар бөлуге дайын екенімізді де жеткізді. Сондай-ақ Астанадағы Alem.Ai орталығында Түркі мемлекеттері ұйымының Цифрлық инновациялар орталығын құруды ұсынды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Бұл Орталық стартаптарды қолдап, бірлескен жобаларды дамытуға жол ашады. Жасанды интеллект саласында тәжірибе алмасуға және венчурлік капитал тартуға мүмкіндік береді. Біз цифрландыру және жасанды интеллектінің әлеуетін халықтарымыздың игілігі үшін ұтымды пайдалануымыз қажет. Сонымен қатар жаңа технологиялардан туындайтын тәуекелдер мен сын-қатерлердің алдын алуымыз керек. Сондықтан келесі жылы Қазақстанда өтетін Ұйымның бейресми саммитін «Жасанды интеллект және цифрлық даму» тақырыбына арнауды ұсынамын.
Жалпы ұйым аясында жүзеге асыратын мәселелер жетерлік. Басты міндет 2040 жылға дейінгі Түркі әлемінің даму жоспарын толық жүзеге асыру. Бұл ретте Президент оны нақты істермен толықтыру қажет деп есептейді. Яғни ұйымға мүше әр елдің өз артықшылығы бар, алайда ортақ табысқа жету үшін сауда-экономикалық ынтымақтастықты күшейту маңызды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Түркі инвестициялық қоры. Осы қаржы ұйымының мүмкіндіктерін барынша пайдалануымыз керек. Биыл Түркістанда елдеріміздің экономика және сауда министрлері бас қосады. Сол кезде Қор қаржыландыратын жобалар тізімін жасаған жөн болар еді. Өнеркәсіп саласындағы ықпалдастық елдеріміздің экономикасын әртараптандыру ісінде маңызды рөл атқарады. Осы орайда, Түркі сауда-өнеркәсіп палатасының әлеуеті зор деп есептейміз.
Тағы бір бас міндет – ол көлік-логистика саласындағы әріптестікті жаңа деңгейге көтеру. Ұйымға мүше елдер Еуразия төсінде орналасқан. Шығыс пен Батысты, Оңтүстік пен Солтүстікті жалғайтын тоғыз жолдың торабында жатыр. Тек Қазақстан аумағы арқылы ғана 5 халықаралық теміржол дәлізі өтеді. Ал жуырда «Достық – Мойынты» бағытының екінші желісі іске қосылды. Осылайша жүк тасымалының көлемін 5 есе арттыру мүмкіндігі туды. Аймақтық логистиканы әртараптандыру ісіне тың серпін беру үшін тағы 2 теміржол салынып жатыр.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Транскаспий халықаралық көлік бағдары Еуразиядағы жол торабының стратегиялық бөлігіне айналды. Соңғы 5 жылда Орта дәліз арқылы тасымалданатын жүк көлемі 6 есе өсті. Бұл ретте біз түркі мемлекеттерін Орта дәліз бойындағы әуе хабтары, теміржол бекеттері және теңіз порттары инфрақұрылымын жаңғыртуға белсене атсалысуға шақырамыз.
Энергетика саласы - экономиканың тірегі, әрі түркі елдерінің стратегиялық серіктестігіне негіз. Қазір мемлекеттер ортақ инфрақұрылымдық жобаларды іске асырып, энергия тасымалдаудың қауіпсіз бағыттарын қарастыру үстінде. Осы ретте Президент Қазақстан, Әзербайжан және Өзбекстан арасындағы жасыл энергия дәлізін табысты ынтымақтастықтың айқын мысалы ретінде келтірді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Сонымен бірге жаңартылатын энергия көздеріне, ең алдымен, күн энергиясына айрықша назар аудару қажет деген ойдамыз. Осыған орай, Түркі мемлекеттері ұйымы аясында Энергия тиімділігі жөніндегі озық тәжірибе кеңесін құруды ұсынамыз. Дегенмен мұнай мен газды, уранды, көмірді, сирек кездесетін минералдарды игеру және оларды тиімді пайдалану Қазақстанның энергетикалық стратегиясының негізі болып қала береді.
Саммит барысында Президент су тапшылығы мәселесін де қаузады. Бұл проблема әлемдегі ең өзекті мәселелердің біріне айналып, алдағы уақытта Орталық Азия үшін басты сын-қатер болуы мүмкін. Өзен-сулар – ортақ байлық. Сондықтан оларды тиімді пайдалану үшін жаңа тәсілдер қажет. Бұл ретте Қасым-Жомарт Тоқаев тиісті жүйелерді цифрландырып, тамшылатып суару әдісін кеңейту мен су қоймаларының тиімділігін арттыру жөнінде бірлескен бағдарлама қабылдауды ұсынды. Сонымен қатар Мемлекет басшысы барша түркі елдерін алаңдатып отырған өзекті проблема – қарт Каспийдің тартылуын да тілге тиек етті.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Біз тамырлас және шекаралас елдер ретінде Каспий теңізінің ахуалын жақсартуға баса мән беруіміз керек. Мен түркі мемлекеттерін осы бағытта күш біріктіріп, бірлескен жобалар әзірлеуге, халықаралық бастамаларды қолдауға шақырамын. Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымының қолдауымен келесі жылы сәуірде Өңірлік саммит өткізуді жоспарлап отыр. Тақырып: «Тұрақты болашақ жолындағы ортақ көзқарас». Біз түркі елдері осы саммиттің жұмысына жоғары деңгейде белсене қатысады деп үміттенеміз.
Түркі елдері өркениетінінің өрісін кеңейтуде өнер, білім, ғылым құндылықтары мықты ықпал етеді. Бұл ретте мемлекеттер арасындағы мәдени және гуманитарлық байланыстардың нығайып келе жатқанын атап өту қажет. Биыл Ақтау Түркі әлемінің мәдени астанасы, ал Алматы жастардың елордасы атанды. Енді Президент өскелең ұрпақты бауырластық рухында тәрбиелеу үшін келесі жылы Алматыда Креативті экономика форумын өткізуді ұсынды. Сондай-ақ Түркі әлемін зерттеушілер клубын Түркі академиясы базасында құруды және зиялы қауым өкілдерінің кездесуін Ақсақалдар кеңесі аясында ұйымдастыру бастамасын көтерді. Ал саммит қорытындысы бойынша Габала декларациясына қол қойылды.
Тегтер #түркі мемлекеттері ұйымы #Габала #Әзербайжан #Тоқаев #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz