"Ақша салсаң, алтынға сал" деп бекер айтылмаған сыңайлы. Нарықтағы бағалы металл құны кәдімгідей өсті. Жаһандық инвесторлар: "Экономикалық дағдарыс болуы мүмкін", - дейді. Көпшілігі алтынды сенімді актив ретінде көптеп алып жатыр. Тамыз айында орталық банктер де 15 тонна алтын сатып алды. Соның жартысынан көбі Ұлттық банк еншісінде. Бүкіл әлемдік алтын кеңесі елдегі резерв 316 тоннаға жеткенін хабарлады.
Бүкіләлемдік алтын кеңесі:
Қазақстанның Ұлттық банкі сегіз тонна алтын сатып алды. Бұл ел жарты жылдан бері бағалы металды сатып алып жатыр. Осылайша, алтын резерві 316 тоннаға жетті. Бұл 2024 жылдың аяғындағы көрсеткіштен 32 тоннаға көп.
Данияр Серік, сарапшы:
- Елімізде тазартылған алтынның көп көлемде сатылмайтынын ескеру керек. Қарапайым халық жылына 2-2,5 мың тоннасын ғана алады. Ұлттық банк кейінгі 2-3 жылда алтынды сыртқы нарыққа сатып келген еді. Биылға ақпаннан бері тоқтатты.
Экономист Мақсат Халық: "геосаяси тұрғыда тұрақсыз кезеңде қордағы бағалы металл көп түйткілдің түйінін тарқатуы мүмкін", - дейді. Әсіресе теңгеге тірек болары сөзсіз.
Мақсат Халық, экономист:
- Интервенция жасау арқылы нарықта теңгенің құнын арттыра алады. Яғни Ұлттық банк осы мақсатта алтын резерв қорын арттырып отыр деп айтуға болады. Бұл бір мәселе. Екінші жағдайда алтын-резерв қорын ҰБ ұлғайта беретін болса, біз әлем бойынша қарайтын болсақ, алтын қоры бойынша 12-13 орында тұрмыз. Бұл да мемлекеттің қаржылық-экономикалық тұрақтылығының белгісін көрсетеді. Сыртқы мемлекеттер қарыз беретін болса да, бұл мемлекеттің алтын резервтік қоры көп деп қарызды төмен пайызға алудың бір мүмкіндігі ретінде айтуға болады.
Елдегі алтын қоры 2050 жылға дейін жетеді. Былтыр ірі өндіруші компаниялар 72 тонна таза металл өндірсе, биылғы көрсеткіш 67 тоннамен шектеледі. Себебі қор азаюда.
Данияр Серік, сарапшы:
- Біздің еліміз қанша алтын экспорттап отырғанын ешкім айта алмайды. Ұлттық банктің өзі шетелде қанша алтын сақталғанын жасырады. Алайда бағалы металды Нью-Йорк не Лондон биржаларында сату үшін жылдам логистика керек. Сол үшін алтынның бір бөлігін шетелде сақтау керек.
Алтынның құны да, құндылығы да артып жатыр. Сұраушысы бар өнімнің биржадағы бағасы 3900 доллардан асты.
Мақсат Халық, экономист:
- Алтынның бағасы қатты өсіп жатқаны әрине, алтынды ұстаушылар үшін жақсы жаңалық, бірақ ол - әлемде сын-қатерлер тұр дегеннің белгісі. Қаржылық дағдарыстан қандай да бір акциялардың, облигациялардың құнын жоғалтудан қорыққан инвесторлар көптеп сенімді валютаны сатып алып жатыр деп айтуға болады. Соңғы уақытта алтынға деген сұраныс қатты өсіп келе жатыр. Бағасы да бұрын-соңды болмаған рекордтық көрсеткіштерге жетіп отыр. Кім жылдың басында алтын сатып алған болса, қазір жақсы табысқа кеңеліп жатыр деп айтуға болады.
Мәселен, 999 сынамасы нағыз алтынды білдіреді. Ал 375 сынамалы алтынның құрамында басқа металдар болуы мүмкін. Бұған қоса, өнімнің дизайны мен бренді де бағаға әсер етеді. Ұлттық банк 1 грамм алтынды 68 мың теңгеге бағалап отыр. Жыл басынан бергі өсім 51%-дан асады. Бұған бағалы металдың халықаралық бағасы, сондай-ақ теңгенің долларға шаққандағы бағамы әсер етті.
Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Ғалымжан Абдылахат
Тегтер #алтын #Ұлттық банк #инвестор #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz