RU
Толық нұсқаға өту

Президент Республика күніне арналған салтанатты жиында сөз сөйледі

24.10.2025, 12:52 529

Қасым-Жомарт Тоқаев: «Бұл күнді халқымыздың дербес ел болуына жол ашқан қастерлі күн деуге болады»

«Еліміздің ең басты мерекесі – Республика күні құтты болсын! Ұлттық мейрам қарсаңында дәстүрге сай Ақорда төрінде мемлекетіміздің үздік азаматтарымен бірге жиналып отырмыз. 

Биыл еліміз азаттықтың мерейлі белесіне жетті. Осыдан 35 жыл бұрын Қазақстанның Егемендігі туралы декларация қабылданды. Дәл осы күні сан ғасырлық мемлекеттілік дәстүріміз қайта жаңғырды. Көп ұзамай жұртымыз Тәуелсіздік байрағын көтерді. Тарихи әділдік орнап, ұлттың рухы асқақтады. Сондықтан бұл күнді халқымыздың дербес ел болуына жол ашқан қастерлі күн деуге болады.

Тәуелсіздік – бәрінен қымбат құндылығымыз. Оны сақтап, нығайта түсу – баршамызға ортақ қасиетті борыш. Егемендік – ата-бабаларымыздың ұлт мүддесі жолындағы өшпес ерлігінің айқын көрінісі».

Мемлекет басшысы: «Біз өткеннен сабақ алып, ешкімге жалтақтамай, өз жолымызбен жүріп келеміз»

«Заңғар ойшыл Әбіш Кекілбаев «Өткеннен тағылым, ертеңнен үміт іздегендер ғана ілгері баса алады» деген. Біз әр кезеңде ұлт тарихында өшпес із қалдырған барлық мемлекет және қоғам қайраткерлеріне құрмет көрсетеміз, оларды ешқашан ұмытпаймыз.

Сонымен бірге келешекке үлкен үмітпен, зор сеніммен қараймыз, биік мақсаттарға ұмтыламыз. Осы жылдарда еліміздің бағындырған белестері аз емес. Біз жер жүзіне егемен мемлекет ретінде танылдық. Шекарамызды шегендеп, іргемізді бекітіп, қауіпсіздігімізді қамтамасыз еттік. Бірлігімізді бекемдеп, татулық пен тұрақтылықтың арқасында түрлі сынақтардан сүрінбей өттік. Бүгінде жаһан жұрты еліміздің өсіп-өркендеп келе жатқанына куә болып, өз құрметін көрсетуде.

Алайда кемшіліксіз, мінсіз жұмыс болмайтыны анық. Біз өткеннен сабақ алып, ешкімге жалтақтамай, өз жолымызбен жүріп келеміз.

Соңғы жылдары халықтың әл-ауқатын арттыру үшін аса маңызды қадамдар жасалды. 2019 жылы ауқымды реформалар қолға алынды. Қазақстан жаңа тұрпатты ел болу жолына түсті.
Жалпыхалықтық референдум арқылы Ата заңымызға түзетулер енгізілді. Парламенттің құзыреті кеңейді, Үкіметтің жауапкершілігі артты. Конституциялық сот құрылды. Адам құқықтары жөніндегі уәкіл институты конституциялық мәртебеге ие болды. Биыл шілде айынан бастап Кассациялық сот жүйесі іске қосылды, бұл қоғамымызда әділеттілікті күшейтуге жағдай жасады».

Президент: «2019 жылдан бері экономикамыз 16 пайызға өсті»

«Әділетті Қазақстанды құру жолында басқа да нақты шаралар қолға алынды. Азаматтарымыз мемлекеттік маңызы бар шешімдер қабылдауға белсенді түрде араласа бастады.

Ауыл, аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдері тікелей сайланатын болды. Ауыл әкімдерінің барлығы, ал аудан әкімдерінің 25 пайызы жаңарды. Осылайша, билік жүйесі айтарлықтай өзгерді.

Елімізде «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидаты орныға түсті. Ашығын айтсақ, осы аймақтағы билік жүйесінде мұндай ауқымды өзгеріс ешқашан болмаған.

Біз бір ел болып саяси реформаны табысты іске асырып жатырмыз, соның нәтижесі ретінде қоғамда түбегейлі жаңғыру үдерісі басталды. Реформаларымызды жүзеге асыруға барша адамзат үшін аса қиын, күрделі кезеңде кірістік.

Пандемия, алпауыт елдердің санкциялық текетіресі, қалыптасқан сауда жолдарының бұзылуы, түрлі қақтығыстар мен соғыстар әлем елдерінің дамуына орасан зор шығын келтірді. Бұл жағдайлар Қазақстанға да салқынын тигізді. Дегенмен біз қажетті шараларды дер кезінде қабылдадық. Экономикамыздың әлеуетін сақтай отырып, оны тың серпінмен дамыта түстік.

2019 жылдан бері экономикамыз 16 пайызға өсті, биыл осы көрсеткіш шамамен 137 триллион теңге, яғни 291 миллиард доллар болады деп күтілуде, бұдан да асуы мүмкін. Бұл Қазақстанның біздің аймақтағы ең үлкен экономика екенін көрсетеді. Жан басына шаққанда ішкі жалпы өнім 47 пайызға артып, 14 400 долларға жетті. Бұл – Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдері арасындағы ең жоғары көрсеткіштің бірі.

Қазақстанның алтын-валюта резервінің көлемі 58 миллиард долларға жетті. Жеті жылда сыртқы сауда айналымы 83 пайызға артып, бүгінде 142 миллиард доллар болды».

Қасым-Жомарт Тоқаев: «Биыл да қамбамыз астыққа толды, 20 миллион тоннадан астам бидай жиналды»

«Біз ұлттық экономиканы түбегейлі жаңғырту үшін әртараптандыруға баса мән беріп отырмыз. Әсіресе, көлік-тасымал саласын стратегиялық маңызды бағыт ретінде дамытып жатырмыз. Қазақстан Еуразияның басты логистика орталығы, яғни хабы болуы керек. Оған еліміздің әлеуеті жетеді, мүмкіндігіміз де мол.

Өткен айда «Достық – Мойынты» теміржолының екінші желісі іске қосылды. Бұл – егемендік кезеңінде салынған ең ірі теміржол құрылысы. Сондай-ақ биыл 13 мың шақырым автокөлік жолы салынып, жөнделді. Қытай арқылы ауқымды жүк тасымалдау мүмкіндігіне ие болдық. Қазіргі халықаралық нарықтағы тұрақсыз ахуалды ескерсек, мұны үлкен жетістік деп айтуға болады.
 
Әуе қатынасы саласындағы табыстарымыз да аз емес. Биыл 36 жаңа әуе рейсі ашылды, олардың ішінде Азия мен Еуропаның ірі қалалары бар. Бірақ бұл жүйені одан әрі дамытуымыз керек. Оның үстіне әуе жолдары арқылы жүк тасымалдау жүйесін де (карго) нығайтуымыз қажет.

Елімізде өндіріс те дамып келеді. Бұл саланың өсімі жыл басынан бері 7,5 пайызға жетті. Шағын және орта бизнестің экономикадағы үлесі 40 пайызға жақындады. Кәсіпкерлер еліміздегі еңбекке қабілетті азаматтардың жартысына жуығын жұмыспен қамтып отыр.

Құрылыс саласы қарқынды дамып жатыр. Былтыр Қазақстанда 19 миллион шаршы метрге жуық тұрғын үй салынды. Бұл – Тәуелсіздік жылдарындағы ең жоғары көрсеткіш, нәтижесінде мыңдаған отбасы баспаналы болды.

Ауыл шаруашылығы саласындағы жалпы өнім көлемі 2,5 есе өсті. Биыл да қамбамыз астыққа толды, 20 миллион тоннадан астам бидай жиналды. Қазақстанның экспорттық әлеуеті артуда, сауда серіктесі ретіндегі беделі нығаюда».

Президент бес жылда білім беру саласына бөлінетін қаржы үш есе артқанын айтты

«Қазақстан – Конституция бойынша әлеуметтік мемлекет. Сондықтан біз осы жауапты, құрметті миссияны міндетті түрде орындаймыз. Әлеуметтік стратегиямыз тиімді, әділетті болуы керек.

«Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасын жүзеге асырып жатырмыз. Бұл өскелең ұрпақ үшін жасалған үлкен қадам. Біз озық ойлы ұлт болуымыз керек.

Бәсекеге қабілетті ел болу үшін, ең алдымен, білім-ғылымды дамыту қажет. Сондықтан бес жылда білім беру саласына бөлінетін қаржыны үш есе арттырдық. Ұстаздардың жалақысын екі есе ұлғайттық. Қазіргі таңда қоғамымызда мұғалім мамандығының мәртебесі анағұрлым көтерілді. 1200 жаңа мектеп аштық. Соның ішінде «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында көптеген білім ордасы бой көтерді.

Ұлттық ғылымды қолдауға да мән беріп отырмыз. Бұл салаға салынған қаражат бес жылда 5 есе өсті. Шетелдің 33 беделді университеттерінің филиалы ашылды.

Сондай-ақ ұлт саулығын жақсарту үшін жүйелі шаралар қабылданды. 2020 жылдан бері медицина саласына бөлінетін қаржы 3 есе артты. 927 медицина нысаны ашылды. Еліміздегі орташа өмір сүру ұзақтығы 75 жастан асты». 

Мемлекет басшысы: «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы – еліміздің жарқын болашағын құру үшін аса маңызды тетік»

«Қазақстан қауіпсіз ел болуы керек. Сондықтан «Заң мен тәртіп» қоғамымыздың басты қағидаты саналатын болды. Осы жұмыстың аясында жемқорлыққа қарсы күресті жалғастырып, күшейтеміз, онсыз Әділетті Қазақстан туралы айтудың өзі қисынсыз.

Соңғы бес жылда қылмыс саны және көшедегі бұзақылық едәуір азайды, қылмыстық ахуал қатаң бақылауға алынды. Тұрмыстық зорлық-зомбылық оқиғалары азаюда, еліміздің бұл мәселеге қатысты тәжірибесіне шетелдік сарапшылардың ықыласы күшейді.

Түптеп келгенде, «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы – еліміздің жарқын болашағын құру үшін аса маңызды тетік».

Қасым-Жомарт Тоқаев «Таза Қазақстан» акциясы азаматтарымыздың экологиялық сана-сезімін өзгерте бастағанына назар аударды

«Елімізде «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы азаматтарымыздың, әсіресе, жастардың басым көпшілігінің қолдауына ие болып, табысты жүзеге асырылып жатыр. Былтырдан бері шамамен 2,8 миллион гектар жер тазартылды, 4 миллионнан астам ағаш отырғызылды. Ең бастысы, азаматтарымыздың экологиялық сана-сезімі, бүкіл болмысы өзгере бастады.

Жалпы, барлық салада атқарылған жұмыс өз жемісін беріп жатыр деп айтуға болады. Бірақ біз мұнымен тоқтап қалмаймыз, өзгерістерді міндетті түрде жалғастырамыз.

Биыл еліміздің мерейі өсіп, рухы көтерілген жыл болды. Азаматтарымыз көптеген салада табысқа жетті, жаһандық жарыстарда топ жарды.

Оқушыларымыз түрлі халықаралық білім додасынан мыңнан астам медаль иеленді. Үздік спортшыларымыз, соның ішінде боксшылар туымызды биікте желбіретті. Дарынды жастарымыз ұлт өнерін жер жүзіне паш етіп, кеңінен дәріптеп жүр.

Жаһан жұрты қазақты рухы биік, көзі ашық, мәдениеті бірегей, зияткер ұлт ретінде тануда. Бұл – жылдар бойы жүргізілген жүйелі және тиімді жұмыстың нәтижесі. Енді осы қарқынды бәсеңдетпей, тек алға қарай қадам басуымыз қажет».

Президент: «Тұрақтылық пен тыныштықтың қадірін білу қажет»

«Қазақстанымыз Әділетті, Қауіпсіз, Таза, Күшті ел болуы керек. Бұл – жалпыұлттық стратегиялық мақсатымыз, барша азаматқа ортақ міндет, қастерлі парыз. Озық ел болу үшін біз әлі талай белесті бағындыруымыз керек.

Тұрақтылық пен тыныштықтың қадірін білу қажет. Әсіресе, мұны жастарымызға дұрыс түсіндіріп, оларға бағдар көрсеткен жөн. Еліміздің ертеңі – өскелең ұрпақтың қолында. Сондықтан жастарымызды ең алдымен Адал азамат етіп тәрбиелеу қажет.

Адал азамат дегеніміз – елін, жерін сыйлайтын, заңға бағынатын, білімге ұмтылатын, ұлттық құндылықтарды қолдайтын және ел бірлігін нығайтуға үлес қосатын азамат.

Еліміздің озық болуы осындай отаншыл, тәртіпті, білімді, мәдениетті, белсенді және ойы ұшқыр жастарға тікелей байланысты. Өз қабілетіне сенетін, көзі ашық, көкірегі ояу, еті тірі, еңбекқор адамның ешкімге тәуелді болмайтынын жас ұрпақ ұғынып өсуі қажет. Әр азаматымыз өз ісіне тиянақты, ұқыпты және жинақы болса, тұтас мемлекет те табысты болмақ.

Біз бәсекеге қабілетті ұлт болуымыз керек. Бұл – ең алдымен, ұлтымыздың сапасы, яғни азаматтарымыз заманауи, озық ойлы, жасампаз болуы қажет деген сөз. Қазіргі аса күрделі, құбылмалы және қарама-қайшылыққа толы заманда озық ел болу оңай шаруа емес. Сол себепті біз батыл шешімдер қабылдап, нық сеніммен жарқын болашаққа қарай жүреміз. Сонда ғана осы уақыт халқымыздың сана-сезімінде ұлы бетбұрыс жасаған тарихи кезең болып қалары анық. Мен бұған кәміл сенемін».

Мемлекет басшысы: «Қазіргі алмағайып заманда салиқалы дипломатия дәстүріне негізделген сыртқы саясатты ұстану айрықша маңызды»

«Бәріміз бір ел болып қолға алған реформалардың түпкі мақсаты – Қазақстанды жаңа жағдайға бейімдеу, сол арқылы еліміздің егемендігін нығайтып, бәсекеге қабілетін арттыру. Мемлекет басшысы ретінде мен жеріміздің тұтастығын, еліміздің дербестігін және экономикалық дамуын қамтамасыз етуім керек. Бұл – менің азаматтық борышым.

Қазір әлем түбегейлі жаңа тарихи кезеңге қадам басты. Бәріңіз де мұны көріп-біліп отырсыздар. Бір жағынан, қақтығыстар мен соғыстар азаймай тұр, басқа жағынан, жоғары технологиялар, жасанды интеллект тез дамуда.

Осындай күрделі жағдайда еліміз дамудың даңғыл жолына түсті. Барша елмен достық қатынас орнатып, мемлекетімізді сенімді серіктес ретінде таныттық. Соның арқасында энергетика, көлік, логистика, ақпараттық технология, ауыл шаруашылығы және басқа да салаларға қомақты инвестиция тартып жатырмыз.

Қазіргі алмағайып заманда салиқалы дипломатия дәстүріне негізделген сыртқы саясатты ұстану айрықша маңызды. Біз мемлекеттердің бәрі өзара тіл табысып, ортақ мәмілеге келе білгені жөн деп санаймыз. Өзара сенім мен құрметті нығайтып, әріптестік қарым-қатынасты дамыту қажет деп есептейміз.

Жақында Алматыда Біріккен Ұлттар Ұйымының Орталық Азия мен Ауғанстан үшін орнықты даму мақсаттары жөніндегі өңірлік орталығы ашылды. Мұны зор жетістік деп айтуға болады.

Мен Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының мерейтойлық сессиясында негізгі халықаралық мәселелерге баса назар аудардым, бірқатар ұсыныс айттым. Әлемде барлық елдің мүддесі ескерілетін әділ халықаралық қатынастар жүйесін орнату керек. Қазақстан дүние жүзі қауымдастығының жауапты әрі ықпалды мүшесі ретінде алдағы уақытта да теңгерімді әрі сындарлы сыртқы саясат жүргізеді».

Президент: «Соңғы жылдары тікелей сайлау институтын айтарлықтай кеңейттік»

«Саяси бағдарымыз бен қабылдаған нақты шешімдеріміз ұлтымыздың ұзақ мерзімді мүддесі мен мемлекеттің қауіпсіздігін қорғау, елді дамыту қағидаттарын көздейді. Мұны берік ұстанамыз.

Жолдауда бір палаталы Парламентті пропорционалды сайлау жүйесі арқылы жасақтау қажет екенін ашық айттым. Бір палаталы Парламентті тек партиялық тізім бойынша қалыптастыру партиялардың институционалдық негізін нығайтуға септігін тигізеді. Сайлаушылармен жүйелі жұмыс істеуіне ықпал етеді. Яғни мемлекеттілігімізге пайда әкеледі. Бұл ешқандай кері кету немесе демократиялық қағидаттардан бас тарту емес. Ел қамын ойлап, саяси тұрғыдан салмақтап осындай ұйғарымға келдім.

Аймақтық деңгейде азаматтар билікпен тікелей әрі тұрақты қарым-қатынас жасайды. Сондықтан жергілікті мәслихаттар мен әкімдіктер белсенді жұмыс істеп, елдің мұң-мұқтажын шешуде маңызды рөл атқаратынын көрсетуге тиіс.

Соңғы жылдары тікелей сайлау институтын айтарлықтай кеңейттік. Әуелі ауыл әкімдерін сайлауды енгіздік, кейін ол аудан, содан соң облыстық маңызы бар қала басшыларын сайлауға ұласты. Сол себепті Қазақстанда ай сайын түрлі электоралды науқан жүріп жатады. Бұл біздің өңірдегі бірегей саяси тәжірибе саналады.

Баршамыз осынау істің мақсатқа сай орындалуын бақылап, егер оның жағымсыз салдары болса, шара қабылдау қажет. Реформалар – табиғи үдеріс, мұнда артық консерватизмге орын жоқ.

Жергілікті мәслихаттарды сайлауда мажоритарлық жүйені сақтау керек деп санаймын».

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz