Қазақстандық боксшылар Сәкен Бибосынов, Оразбек Асылқұлов және Абылайхан Жүсіпов әлем чемпионатының алтын жүлдегері атанды.
Дубайда IBA ұйымдастырған доданың ақтық сынында 54 келі салмақта өнер көрсеткен Сәкен Бибосынов ресейлік Вячеслав Рогозинді жеңді. Ал шаршы алаңға 57 келі салмақта шыққан Оразбек Асылқұлов тәжікстандық қарсыласы Хусравхон Рахимовтан 5:0 есебімен басым түсті. Абылайхан Жүсіпов Ресей өкілі Сергей Колденковты қапы қалдырды. 75 келі салмақта жұдырықтасқан Сабыржан Аққалықов ресейлік Исмаил Мутсолговқа есе жіберіп, күміс жүлдені місе тұтты.
Сәкен Бибосынов, бокстан екі дүркін әлем чемпионы:
- Ақтық сын өте қиын болды. Ресейлік боксшы өте жас. Өте талантты, шыдамды боксшы екен. Жеңісімді көлік оқиғасына түсіп, жарақат алған анама арнаймын. Анашым, бұл жеңіс сіз үшін. Барлығы жақсы болады. Қазақ елін осындай жеңістерімен шын жүректен құттықтаймын. Бұйырса, бұдан да жақсы жеңістерге жету үшін бар күшімізді саламыз.
Оразбек Асылқұлов, бокстан әлем чемпионы:
- Барша қолдаған қазақ еліне алғысым шексіз. Жекпе-жек өте ауыр болды. Тартысты жекпе-жек өтті. Үшінші ранудта бастан көп соққы алып, шыдадық. Аяқпен ойнап, алдап кеттік. Бүгін әлем чемпионы атанып жатырмыз.
Тегтер #Қазақстан #бокс #спорт #Дубай #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz