Қарағандыдағы онкологиялық аурухананың операциялық-жансақтау бөлімінің құрылысы жүріп жатыр.
Ал Балқаштағы көпбейінді аурухана жанынан салынған жаңа ғимараттың құрылысы жақында аяқталады. Бұл нысандарға арнаулы мемлекеттік қордан қаражат бөлінді.
Былтыр Қарағанды облысында қайтарылған активтер есебінен 51 ауылда медициналық нысан салынған еді. Осылайша, өңірдің медицина саласындағы өзекті мәселелер шешімін тауып жатыр. Шалғай ауылдардың тұрғындарына да сапалы қызмет қолжетімді бола бастады.
Құрылыс ауылында бұған дейін шағын медициналық пункт жұмыс істеп келді. Мұндағы 500-ден астам тұрғын кейбір дәрігерлік көмекті алу үшін 12 шақырым жердегі Үштөбе ауылына баратын. Ал биыл мұнда жаңа фельдшерлік-акушерлік пункт салынды. Енді медициналық көмекті алу үшін алысқа бармай-ақ, осы жерде қолжетімді.
Фельдшерлік-акушерлік пункт заманауи үлгіде салынды. Мұнда алғашқы медициналық жәрдем көрсету үшін қажетті құрал-жабдықтың барлығы бар. Ғимаратты жылыту жүйесі электр энергиясымен жұмыс істейді. Ал жарық жоқ кезде қосымша дизельді қондырғы іске қосылады.
Серікбай Нұрмағанбетов, Құрылыс ауылының тұрғыны:
- Бұл дәрігерлік пунктің тиімділігі әрине азаматтарға керек. Қан қысымы бар ақсақалдарымыз, аналарымыз түнде қысылып қалғанда 12 шақырым жердегі Үштөбеге барып қаралады. Сонау Қарағандыға барады. Қыс уақытында білесіздер ғой, жолдардың барлығы жабылып қалады, сол уақытта осы жерде дәрігер болып қаралып жатса өте жақсы нәрсе.
Облыс бойынша қайтарылған активтер есебінен 51 ауылда медициналық нысан салынды. Бұл мақсатқа 5 млрд теңге бөлінді. Соның нәтижесінде шалғайда тұратын мыңдаған адамға медициналық көмек қолжетімді болды. Қазір Қарағандыдағы онкологиялық аурухана жабдықталып, жаңа операциялық-жансақтау бөлімі салынып жатыр. Оған 6 млрд 200 млн теңге бөлінді.
Абылай Смағұлов, Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары:
- Бұл нысан біраз жыл құрылысы тоқтап тұрған еді. Екі жарым жылдай тоқтап тұрған. Енді биыл қараша айында қаражат бөлініп, құрылыс жұмысы жанданды. Қазіргі таңда құрылыс-монтаж жұмысы жүргізіліп жатыр. Біздің жоспарымыз бойынша 2026 жылдың үшінші тоқсанында аяқталатын болады.
Ал Балқаштағы көпбейінді аурухананың базасында ауданаралық медициналық хаб құрылады. Жоба аясында 1 милиард теңге бөлініп, мекеменің қосымша корпусының құрылысы жүріп жатыр. Онда науқастарды жедел қабылдау және операция бөлімдері іске қосылады. Аурухана шалғай елді мекендердің тұрғындары мен «Алматы-Екатеринбург» тасжолы арқылы өтетін жолаушыларға қызмет көрсетеді.
Дмитрий Пинаев, Балқаш көпбейінді ауруханасының травматолог-дәрігері:
- Келешекте науқастарды тексеру, операция жасау әлдеқайда жылдам әрі сапалы түрде жүргізіледі. Жаңа операциялық бөлімде хирургтер, нейрохирургтер және травматологтар топтасып жұмыс істейтін болады. Науқасқа диагноз қою кезінде тексерудің жан-жақты болуы маңызды. Бұдан бөлек, жаңадан сатып алынатын заманауи жабдықтардың өзі жұмысты жеңілдетеді. Соның арқасында оқыс жағдай бола қалса адам жанын сақтап қалу үшін маңызды «алтын сағатты» жоғалтпаймыз.
Сонымен қатар қайтарылған қаражат есебінен Балқаштағы бұрынғы шипажайда балаларды оңалту орталығы құрылады. Мұнда кішкентай пациенттер облыс орталығына бармай-ақ, өз үйіне жақын жерде сапалы медициналық көмек алады.
Авторлары: Руслан Нұрланұлы, Сайлау Игіліков, Аман Хамит
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #Қарағанды #онкология #ауруханаPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz