RU
Толық нұсқаға өту

Президенттің сұхбатында ресми мінберлерде айтыла бермейтін тақырыптар қаузалды

05.01.2026, 17:00 313

Өткен жыл еліміз үшін табысты болды.

Экономикамыз 6 пайыздан астам өсіп, ішкі жалпы өнім 300 миллиард долларды құрады. Бұл - рекордтық көрсеткіш. Алайда Қазақстан экономикасы «орташа табыс қақпанына» түсті. Түркістан газетіне сұхбат берген Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деп, саладағы «өсім ауруы» жайлы ашық айтты. Бірақ мәселені шешетін нақты жоспар да бар. Президент Экономикалық реформалар жауапкершілігін Мемлекет басшысы ретінде осындай өз мойныма аламын деді. Сұхбат барысында ресми мінберлерде айтыла бермейтін көп тақырып қаузалды. Кәсіпкерлермен кездесудегі әңгімелердің сырын ашты. Президент кім деген сұраққа да жауап берді.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың жыл басында мерзімді басылымға сұхбат беретін саяси дәстүрі бар. Президент биыл да сол жолдан жаңылмай, "Түркістан" газетінің бас редакторы Бауыржан Бабажанұлымен әңгімелесті. Бұл ­­ өткенді саралап, болашақты бағдарлайтын сәт. Билік пен бұқараның көпірін бекітетін мүмкіндік. Сол үшін сөз басы былтырғы жұмысты қорытындылаудан басталды.

2025 жыл еліміз үшін табысты болды. Экономика 6 пайыздан астам өсті. Ішкі жалпы өнім 300 миллиард доллар межесіне жетті Ал оның жан басына шаққандағы үлесі 15 мың доллардан асты. Бұл еліміз үшін рекордтық көрсеткіш. Мұндай меже Қазақстан ғана емес, өңірдегі өзге елдерде де бұрын соңды болмаған. 

Экономика өсімі – 6

ІЖӨ – 300 млрд

Жан басына шаққандағы ІЖӨ үлесі – 15 мың

Алайда проблема да жоқ емес. Инфляция деңгейі әлі де жоғары. Осы ретте биыл Үкімет пен әкімдерді көп жұмыс күтіп тұр. Тіпті қарқынды еселеу керек. 

ЦИТАТА: Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті

Қазақстанда әділдік, заң мен тәртіп, еңбекқорлық сияқты мемлекетіміздің болашағы үшін айрықша маңызды қағидаттарға негізделген қоғам құрып жатырмыз. Ұзақ мерзімге арналған нәтижеге жету үшін бұл жұмыс жаңа жылда екі есе тың қарқынмен жалғасын табады. 

Жығылыс пен жүгіріс, серпіліс пен сүрініске толы 2025 тәмам. Енді биліктің біраз бастамасы сыналатын сәтке жеттік. Әсіресе, жаңа Салық кодексіне қатысты сұрақ көп. Осы ретте, Президент бұл реформаны салық жүйесін қайта құруға балады. Мемлекет бақылау жасауға емес, өзара серіктестік орнатуға тырысып жатыр деді.  

ЦИТАТА: 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті

Бұрынғы Үкімет қосымша құн салығын, тіпті, 20 пайызға дейін көтеруді ұсынды. Олар фискалдық саясатта қателік жіберілгенін ескере отырып, мұндай қадамның өте қажет екенін мойындады. Талқылау барысында қазіргі Үкімет те қосымша құн салығын 20 пайызға дейін көтеруді ұсынды. Алайда, мен Үкіметке оның жоғарғы шегін 4 сатыға төмендету туралы тапсырма бердім. 

Ал қымбатшылық ше? Халықты сол алаңдатады. Экономикалық реформалар бағаға салмақ салатыны анық. Халық табысына инфляцияның да әсері аз емес. Бірақ, еліміз үшін бұл даму жолы екені айғақ. 

ЦИТАТА: Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті

– Әлемдік тәжірибеге қарасақ, реформалар қолға алынған кезде жұртшылық оны көп жағдайда түсінбей, қабылдамай жатады. Ондай кезде барлық жауапкершілікті арқалай алатын көшбасшының рөлі айрықша. Мен Мемлекет басшысы ретінде осындай жауапкершілікті өз мойныма аламын. Болашақта да бұған дайынмын. Менімен бірге жұмыс істеп жатқан азаматтар мұны жақсы біледі. Әрине бұл кедергісі көп, қиын жол екенін түсінемін. Бірақ Қазақстан үшін басқа жол жоқ. 

«Орта табыс тұзағынан» қалай шығамыз?

Экономикада «орташа табыс қақпаны» деген ұғым бар. Халықаралық сарапшылардың пікірінше, Қазақстан сол қақпанға түсті. Яғни, орташа табысы бар мемлекетке айналды, бірақ байлардың қатарына өте алмай жатыр. Қысқаша айтқанда бұл өсім ауруы. Байлық деп те, кедейлік те атауға келмейді. Ал қарапайым тұрғындар қаржыны қанша тапса да, жиналмайды. Аяқасты жұмысынан айырылса, тұрақытылығы теңселеді. Президент мұны біліп отыр. Тіпті бұған қарсы нақты жоспар бар деді. 

ЦИТАТА: Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті

Халықаралық қаржы институттары мен рейтинг агенттіктерінің бағалауынша, елімізді бақуатты, тіпті, бай мемлекет деп атауға болады. Бұл сөздің жаны бар. Соған қарамастан, экономикамызда теңсіздіктер әлі де сақталып отыр. Оның бәрін шұғыл реттеп, түзу жолға салуымыз керек. Біз бұл жағдайды білеміз, оны жұрттан жасыратын ойымыз жоқ. Мұндай қиындықты көптеген мемлекет басынан өткеріп жатыр. Біз «өсім ауруы» мәселесін міндетті түрде шешеміз. Нақты жоспарымыз бар.                           

Экономиканың жайы осындай. Энергетика саласы да ауқымды реформаларды бастап кешіп жатыр. Коммуналдық нысандарды жаппай жаңғыруда. Ұзындығы жүздеген шақырым болатын инженерлік желілер салу керек. Осы ауқымды жобаның есеп-қисабы әзірленіп жатыр. Қауіпті жылу электр станцияларының саны 19-дан 10-ға дейін азайды. Дегенмен, Президент бұл жұмыс жеткіліксіз дейді. Жалпы жұмыс тәсілін өзгерту керек. 

ЦИТАТА: Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті

Тамыры тереңге кеткен экономикалық мәселелерге ондаған жылдар бойы назар аударылған жоқ. Қалалар мен ауылдардағы инфрақұрылым тозды, энергетика нысандары мен коммуналдық желілер әбден ескірді. Соған қарамастан, біздің үкіметтеріміз «авгийдің атқорасын» тазалауға асыққан жоқ. Себебі мұндай күрделі жұмыс ешкімге жақсы атақ әкелмес еді. Ең дамыған отыз мемлекеттің қатарына қосылу сияқты «керемет» бағдарламалар әзірлеп, оның «табысты» орындалғаны туралы баяндау әлдеқайда жеңіл болатын. Шындықты жасырып, бір сәттік алдамшы жетістіктерге ұмтылу ақырында мемлекетіміз үшін тым қымбатқа түсті.

Қасым-Жомарт Тоқаев былай деді. Бұл жұмысты келесі басшылыққа ысыра салу, жеке абырой ғана ойлаудың салдары. Президент жауабын риторикалық сұрақпен жалғады. Электр қуатының арзандығы кімге тиімді? Әрине ірі кәсіпорындарға. Арзан жанармайдың қызығын кім көрді? Олигархтар. Ал коммуналдық қызметтің арзандығы делдал-кәсіпкерлерге қолайлы. 

ЦИТАТА: Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті

Посткеңестік кеңістіктегі ең төмен бағалар мен тарифтер Қазақстанға тиесілі. Соның салдарынан, біз амалсыздан арзан жанар-жағармайды көрші мемлекеттерге астыртын тасымалдайтын, сол арқылы олардың экономикасына демеу көрсететін елге айналдық. Сол себепті, тарифтің төмен болуы қарапайым тірлік кешіп жатқан адамдарға пайдалы деген жалған сенімнен арылатын уақыт жетті. Іс жүзінде бұл – ауқатты азаматтарға жасырын түрде берілетін субсидия.

Ядролық энергетика туралы айтпай кетпеуге болмас. Президент суперкомпьютерлерге, дата-орталықтар мен автоматтандырылған өндіріс кешендеріне өте көп энергия қажет екенін жеткізді. Мемлекет басшысының пікірінше, АЭС салу – тарихи олқылықтың орнын толтыру. Себебі уран өндірісі бойынша әлемде көш бастап тұрған елдің бірде-бір атом электр станциясын салмауы мүлдем ақылға қонбайды. Екіншіден, бұл қадам Қазақстанның абырой-беделін нығайта түседі. Тағы бір жаңалық − еліміз сирек кездесетін минералдар қоры бойынша әлемдік көшбасшылар қатарына қосылуы мүмкін.

ЦИТАТА: Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті

Тағы бір өте маңызды тақырып: жер қойнауында сирек кездесетін металдар. Болашақта ондай материалдарға деген сұраныс арта береді, алдағы бес жылдың өзінде бұл сұраныс екі есе өседі. Осы ретте, Қазақстан үшін тағы бір мүмкіндік ашылады. Еліміз жер қойнауында сирек кездесетін минералдар қоры бойынша әлемдік көшбасшылар қатарына қосылуы әбден мүмкін. Қазақстан стратегиялық маңызы бар осы саладағы өз рөлін күшейту үшін АҚШ, Қытай, Ресей, Оңтүстік Корея, Жапония елдерімен және Еуропа Одағының бірқатар мемлекетімен ынтымақтастығын дамыта бастады.

Президент кәсіпкерлерді қайырымды әрі отаншыл болуға шақырды

Келесі сұрақ – бизнес төңірегінде. Президент Республика күні қарсаңында кәсіпкерлермен жеке кездескені баршаға аян. Сол басқосуда бизнесмендерге наразылығын жеткізген екен. Ресми мінберде айтыла бермейтін әңгіменің сыры сұхбатты ашылды. Мемлекет басшысы жеке бастың жайын емес, халықтың қамын да ойлау керегін айтқан. 

ЦИТАТА: Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті

Халық болмаса, олар ешқашан табысқа жете алмас еді. Мен қоғамның игілігіне қызмет ету билік жүктеген міндет емес, мәртебелі парыз екенін тағы да олардың есіне салдым. Осы орайда, шетелде табысқа жетсе де, туған жерін ұмытпай, халқына көмектесіп жүрген ірі кәсіпкерлерді жақсы үлгі ретінде атап өттім. Ондай азаматтар ауқымды жобаларды жүзеге асырып жүр. Қалаларда инфрақұрылым салып, жөндеп, мұражайлардың, емханалар мен мектептердің құрылысын қаржыландырып жатыр.

Қ. Тоқаев: Мен мемлекетшіл адаммын

Ал 2026 қандай болады? Президенттің пікірінше, ел тағдырына тікелей әсер ететін, Қазақстанның ұзақ жылдарға арналған бағыт-бағдары айқындалатын жыл болады. Сондай-ақ, биыл көп жұмыс атқарылатынын, серпілісті биліктен де, бұқарадан да күтетінін жеткізді. Келер жылы жасанды интеллект пен цифрландыруға баса мән беріледі. 

ЦИТАТА: Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті

Жасанды интеллект пайда болғаннан бері болашақтың кемесіне мініп үлгеретін елдер мен ескі заманда қалып қоятын елдердің арасы алшақтай бастады. Сондықтан мен цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні Қазақстанның даму жолындағы басым бағыт деп жарияладым. Биыл өте көп шаруа атқарылады. Осы айрықша маңызды жұмыстың табысты боларына сенемін.

Қасым-Жомарт Тоқаев кім? Жұрт Сізді жеке тұлға ретінде де тани түскісі келеді деген журнлаистің сұрағына Президент «мен мемлекетшіл адаммын» деп жауап берді. Жауап қысқа болса да, астарындағы мәні мол. Қазір жастар әлеуметтік желіде «Қазақстан "прайм-дәуірі басталды" деген пікір айтылып жүр. Мұндай мезетте мемлекеттің мүддесін бәрінен жоғары қоятын көзқарас ауадай қажет.

Бекзат Аманов

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz