RU
Толық нұсқаға өту

Қазақстан мен Пәкістан сауда-саттықты 1 млрд долларға ұлғайтады

04.02.2026, 19:38 370

Пәкістан Премьер-министрі Шахбаз Шариптің резиденциясы алаңы.

Сәнмен сап түзеген құрмет қарауылы мен қызыл кілем. Мемлекет басшысын Пәкістан Премьер-министрі Шахбаз Шариф күтіп алды. Президент пен Премьер-министр суретке түскен соң екі елдің мемлекеттік әнұрандары орындалды. 

Салтанатты шаралардан соң ресми кездесу. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шахбаз Шариф шағын құрамда келіссөз жүргізді. Соңғы жылдары Қазақстан мен Пәкістан арасында  көп жоспарлы ынтымақтастық қарқынды дамып келеді.

Саяси, сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық ықпалдастық та одан әрі тереңдетуге сұранып тұр. Мәселен алыс беріс, көлік-логистика, энергетика, ауыл шаруашылығы, цифрландыру, ғарыш және қаржы салаларындағы қарым-қатынасты тереңдетуге болады. Бұдан бөлек екі ел лидерлері өңірлік және халықаралық күн тәртібі мәселелерін де тілге тиек етті. 

ЦИТАТА:

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті «Қазақстан Президенті ретінде Пәкістанға бірінші рет мемлекеттік сапармен келіп отырмын. Бұл сапар тарихи мәнге ие және уақыт тезінен өткен серіктестігіміздің маңызды кезеңі саналады. Мен бұған сенімдімін. Халықтарымыздың Жібек жолы арқылы және кең таралған ислам өркениеті аясында ғасырлар бойы қалыптасқан достығын жоғары бағалаймын». 

Кездесуде әңгімеге арқау болған негізгі мәселе - көлік бағыттарын өзара ұштастыру. Қазақстан Шығыс пен Батысты, Солтүстік пен Оңтүстікті жалғайтын тоғыз жолдың торабында орналасқандықтан бұған ерекше мән беретіні атап өтілді. 

ЦИТАТА:

Шахбаз Шариф Пәкістан Ислам Республикасының премьер-министрі

«Елімізге арнайы уақыт тауып келгеніңіз үшін Сізге алғыс айтамыз. Пәкістан халқымен, Үкіметімен бірге Сізді қарсы алғаныма қуаныштымын. Қазақстан – біздің стратегиялық серіктесіміз. Достығымызды нығайтып, экономиканың түрлі бағыттарында, саясат, қорғаныс салаларында сенімді серіктестік орнату, сондай-ақ сауда дәліздерін қалыптастыру мақсатында Қазақстан Үкіметімен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істегіміз келеді. Бұған күмәніңіз болмасын». 

Күмән жоқ. Қос тарап 30 дан астам келісімге қол қойып құжат алмасты. Көлік логистика әлеуетін арттыру мәселесі айрықша назарда. 

Нұрлан Жақыпов, «Самұрық-Қазына» АҚ Басқарма төрағасы:

- Нэйшнл Лоджистик корпорэйшнмен қол қойды. Одан басқа КазПошта Пакистан Постпен және Ктж Карачи теңіз портымен тиісті келісімдерге қол қойды.  Бұл келісімдерге сәйкес біз жалпы Солтүстік Оңтүстік дәлізінің транзиттік әлеуетін жүзеге асыратын боламыз. 

Бұдан бөлек Самұрық Қазына пәкістандық квазимемлекеттік құрылымы Фауджи Фондэйшнмен ортақ инвестициялық платформа бойынша келісімге қол қойды. Бұл дегеніміз енді екі елдің аумағында да бірлескен жобаларды іске асыруға жол ашылмақ. Ал Қасым-Жомарт Тоқаев премьер-министр Шахбаз Шарифті Қазақстанға сапармен келуге шақырып, биыл қарсы алуға дайын екендігін мәлімдеді. Қол жеткен уағдаластықтарды тезірек іске асыру уақыт күттірмейді.  

Берік Дүйсенбай, тілші: 

- Қазақстан мен Пәкістан арасын нақты іспен, келісіммен, алыс беріспен жақындататын іскерлік қауымдастық өкілдері. Бүгін олар бизнес-форумда бас қосып жатыр. Біздің тараптан 150-дей Пәкістан жағынан 180 компания қатысуда. Миллиардтық межеге жетудің алғашқы қадамдары екі және көпжақты форматтағы келіссөздерден басталады. 

Мұрат Әділханұлы, «Falcon Eurobus» ЖШС директорлар кеңесінің төрағасы:

- Пәкістан еліне осыдан 6 ай бұрын тест ретінде жіберген автобустарымыз жақсы баға алып, бүгін 600 автобусқа келісім шарт қол қойдық. Балаларға арналған 2 мың автобусқа да келісім-шартты қазір қарастырып жатырмыз. 

Бұған дейін Пәкістан сарапшылары Орталық Азия өңірінің әлеуетін зерттей келе Қазақстанның өзі 4 жарым млрдтан астам доллардың өнімін экспорттай алады деп топшылаған. Бүгінгі келіссөздер барысында шамасы ақырын жүріп анық басуды ұйғарса керек. 

Айтмұхамед Алдажаров, «Qaztrade» АҚ сауда саясатын дамыту орталығы бас директоры: 

- Таяу келешекте мұнай химиясы, металлургия, машина жасау, фармацевтика, текстиль өнеркәсібі, агроөнеркәсіп кешені және азық-түлік өнімдерін қайта өңдеу салалары бойынша  алыс-беріс әлеуетін 1 млрд долларға жеткізуге болатынына екі жақ та сенімді.

Берік Дүйсенбай, тілші:

- Орталық Азия мен Оңтүстік Азия өлкесінің арасы саяси дипломатиялық, мәдени байланыстармен жалғанған. Азды-көпті алыс беріс те жоқ емес. Енді тікелей көлік байланысы жолға қойылса бұған дейін жолдары түйіспей келген сауда керуендерін бір соқпаққа салатын бетбұрыс болмақ. Шығыс пен батыс, түстік пен теріскей дәліздерінің басы біріксе, төрт құбыланы түгендеу деген осы емес пе!. 

Берік Дүйсенбай, Айдос Меделбеков, Бақытбек Нұртаев

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz