RU
Толық нұсқаға өту

15 наурызда республикалық референдум өтеді

11.02.2026, 18:05 901

Мемлекет басшысы 2026 жылғы 15 наурызда республикалық референдум өткiзу туралы Жарлыққа қол қойды.

Енді түпкілікті шешімді халық қабылдайды. Ал Конституциялық комиссия алда елді аралап, тұрғындармен кездесуге ниетті. Жаңа Ата заң жобасы бойынша ауқымды іс атқарған Конституциялық комиссия жұмысын түйіндеді. Ақырғы түзетулер енгізіліп, құжаттың соңғы нұсқасы дайын болды. Отырыста мәтін құқықтық тұрғыдан барынша жетілдіріліп, терминдік һәм семантикалық бірізділік сақталғаны айтылды. Бұқарадан 10 мыңға жуық ұсыныс түскен. Комиссия сол бастамаларды мұқият талқылап, ортақ ұйғарымға келді. 

Бақыт Нұрмұханов, ҚР Конституциялық соты төрағасының орынбасары, Конституциялық комиссияның мүшесі:

- Құқықтық нормалардың тұжырымдары анық және олардың мазмұны баршаға түсінікті етіп жазылды. Бұл жерде заңгерлер мен лингвист мамандардан құралған жұмыс топтарының үлкен жұмысын ерекше атап өткім келеді. Пысықталған Конституцияның жұмысы комиссия мен оның жұмыс топтарының аясында жан-жақты талқыланып, қолдау тапты.

Ал депутат Айдос Сарым талқылау ашық өткенін айтып, жұмыс топтарының жиыны қызу пікріталасқа ұласқанын жеткізді. Сондай-ақ электронды платформалар арқылы ой бөліскен азаматтарға алғыс айтты.

Айдос Сарым, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Конституциялық комиссияның мүшесі:

- Біз республикалық штаб құрып, елдің барлық өңірлерін аралауға дайынбыз. Тәжірибеміз бар екенін, тыңдауға әрі естуге ниетті екенімізді, біліміміз жеткілікті екенін білемін. Атқарған ісіміздің тарихи тұрғыда дұрыстығына сенімдімін.

Бұл − ел тарихындағы қазақ тілінде әзірленген алғашқы Конституция. Осы ретте комиссияның төрағасы Эльвира Әзімова құжат туралы ойымен бөлісті.

Эльвира Әзімова, ҚР Конституциялық сотының төрағасы, Конституциялық комиссияның төрағасы:

- Конституция - бұл елдің барлық заңдары мен нормативтік актілеріне бағыт беретін негізгі бағдаршам екенін есте сақтаған жөн. Ол заң шығару үрдісіне бағыт береді, жол сілтейді. Конституция негізгі қағидалары адамның және азаматтың іргелі құқықтары мен бостандықтарын, мемлекеттік және ұлттық мүдделердің негіздерін бекітеді. Сондықтан Конституцияны шамадан тыс жүктеуге келмейді.

Президент референдум өткізу туралы шешім қабылдаған жағдайда комиссияның миссиясы өз мәресіне жетеді. Бірақ олар әрі қарай халықпен кездесуді жалғастырады. Ал түпкілікті шешімді халық дауыс беру арқылы қабылдайды.

Авторы: Бекзат Аманов 

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz