RU
Толық нұсқаға өту

Қысқы Олимпиада: Қазақстан 17-орында тұр

16.02.2026, 10:00 356

Шаңғымен тұғырдан секіруден Илья Мизерных Қазақстан тарихындағы ең үздік нәтижені тіркеді. Отандасымыз Олимпиада ойындарының іріктеу кезеңінде көпшілікті таңғалдырып, алғашқы ондықтан көрінді.

Ол жарыс жолында 281,6 ұпай жинап, 8-ші орынға жайғасты.

Италияда 25-ші қысқы Олимпиада ойындары жалғасуда. Жарыстың 9-шы күнінде 4 спорт түрінен 9 отандасымыз өнер көрсетті. Фристайл-могулдан Павел Колмаков 1/8 финалда сүрінді. Ол олимпиада ойындарының 3 дүркін жүлдегері канадалық Микаэль Кингсбериге есе жіберді. Ал конькимен жүгіруден Кристина Силаева мен Арина Ильященко 500 метрлік дистанцияда жарысты. Кристина 18-ші, Арина 29-шы орыннан көрінді. Cондай-ақ биатлоннан Владислав Кереев жарыс жолын 42-ші болып аяқтаса, тау шаңғысынан Александра Скороходова 37-ші орынға табан тіреді. Әзірге Қазақстан құрамасы Михаил Шайдоров сыйлаған алтынның арқасында жалпы есепте 17-ші орында келе жатыр.    

Бүгін шорт-трекшілер жарыс жолына шығады

Бүгін 3 спорт түрінен 5 отандасымыз жарыс жолына шығады. Яғни тау шаңғысы мен шорт-тректен, шаңғымен тұғырдан секіруден жерлестеріміз өнер көрсетеді. Соның ішінде шорт-трекшілерге артылар жүк ауыр. Яғни ерлерден Абзал Әжіғалиев пен Денис Никиша өздерінің оң жаңбасына келетін 500 метрлік бәсекеде бақ сынайды. Абзал дәл осы дистанцияда әлем кубоктарында бірнеше рет топ жарса, Денис 2 мәрте әлем чемпионатында күміс алған еді. Жарыс күндіз 15:00 де басталады.    

Бокстан халықаралық турнир өтіп жатыр

Астанада студенттер арасында бокстан халықаралық ашық турнир өтіп жатыр. Оған еліміздің барлық өңірінен және Өзбекстан мен Монғолиядан 100-ден астам былғары қолғап шебері келген. Жарыстың мақсаты - жастар арасындағы боксты насихаттап, спортты дамыту. Сондай-ақ Отан қорғаған қаһарман тұлғалардың ерлігін ұлықтау, патриоттық тәрбиені нығайту, - дейді ұйымдастырушылар.

Ерболат Әшімбаев, бас төреші:

- Бұл Ауған соғысының батыры «Қара майор» Борис Керімбаевты еске алуға арналған турнир. Одан бөлек Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университеті Басқарма төрағасы – ректорының жүлдесі үшін өтіп жатыр. Мұнда осал боксшы жоқ. Араларында спорт шеберлері мен спорт шеберлігіне үміткерлер көп. Сәйкесінше бәсекелестік өте жоғары. Жарыс 4 күнге созылады.

Елжар Нұртілеу, қатысушы:

- Талдықорған қаласынан келдім. Бокспен айналысқаныма 4 жыл болды. Біз 4 бала болып келдік. Бәріміз жақсы дайындалдық. Жеңіске жетеміз деп ойлаймыз. Қатысушылардың бәрі мықты. Әлсіз емес. Алматы қаласының балалары өте мықты деп ойлаймын. Олармен көп шыққанмын. Жеңген де, жеңілген кездерім де болды.

Қазақтың тұлпары жүлде алды

Қазақтың тұлпары Дубайда жүлде алды. Арлан атты арғымақ кеше Дубайдың Жебел-Әли ипподромында кіл мықтылар бәйгесінде екінші келді. Жалпы жүлде қоры 67 млн теңгелік жарысқа 11 жүйрік қатысты, арасында бұған дейін ел атын шығарған Кабирхан да бар. Өкінішке қарай Кабирханға жүлде бұйырмады. Ал төрт жасар Арлан көпшілікті өзінің сұлулығымен де тәнті етті, жүйрік бұған дейін екі бәйгеде топ жарып, жүлде жиған. Енді Мейдан ипподромындағы жарыстарға түсіп, ел намысын қорғайды. 

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz