Төрткүл әлем көз тіккен Газа мәселесіне арналған Бейбітшілік кеңесінің алғашқы отырысы басталып кетті.
Жиын гуманитарлық қолдау мен қайта қалпына келтіруге бағытталған қаражат жинау алаңына айналды. АҚШ билігінің мәліметінше, кеңеске мүше елдер шамамен 5 миллиард АҚШ доллары көлемінде қаржы бөлуге ниет білдірген. Бұл міндеттемелер бүгінгі отырыста ресми түрде бекітіледі. Бейбітшілік институтындағы ахуал қалай?
Ердана Ержанұлы, тілші:
- Қазір біз Трамп атындағы Бейбітшілік институтының алдында тұрмыз. Осы сәтте ғимарат ішінде Газа мәселесіне арналған Бейбітшілік кеңесінің алғашқы отырысы басталып жатыр. Айналада қауіпсіздік шаралары күшейтілген, аумаққа кіріп шығу шектелген. Делегациялар мен халықаралық ұйым өкілдері бірінен соң бірі келіп жатыр. Бүгінгі жиын тек саяси талқылаумен шектелмейді. Бұл гуманитарлық көмек пен қайта қалпына келтіру мәселелеріне арналған ірі қаржы міндеттемелері бекітілетін алаң. АҚШ билігінің мәліметінше, қатысушы елдер Газа секторына шамамен 5 миллиард доллар көлемінде көмек бөлуге дайын. Сол уәделер дәл қазір осы ғимаратта ресми сипат алуы тиіс. Кеңестің негізгі назары Газа бойынша бітімнің екінші кезеңін іске асыруға бағытталған. Бұл аралық атысты толық тоқтату тетіктерін бекіту, гуманитарлық дәліздердің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету және қауіпсіздік жағдайын бақылауды қамтиды. Сонымен қатар халықаралық тұрақтандыру күштерін құру мәселесі қарастырылып жатыр. Құрылым қақтығыстан кейінгі кезеңде қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, жергілікті азаматтық тәртіптің қалпына келуіне қолдау көрсетуі тиіс. Одан бөлек Газа секторының ұзақ мерзімді басқару жүйесін қалыптастыру мен инфрақұрылымды қайта жаңғырту жоспары талқылануда. Тараптар өңірді қалпына келтіру, мемлекеттік институттарды қайта құру және халықаралық донорлардың көмегін үйлестіру бағытында бірлескен механизм әзірлеуді көздеп отыр.
Тегтер #Бейбітшілік кеңесі #Вашингтон #отырыс #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz