15 наурыз әр азамат Қазақ елінің жасампаздық жылнамасына өз қолтаңбасын қалдыра алатын күн.
Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа үндеу жасап, референдумге белсене қатысуға шақырды. Сонымен қатар, жаңа Конституция жобасының мазмұны мен маңызын жіпке тізді.
Президенттің айтуынша, халық қолдаса мемлекет пен азаматтардың қарым-қатынасы жаңа сипатқа ие болады. Елдің бүкіл заң жүйесі жаңарып, Ата заңға өзгеріс енгізу демократиялық құқықтық сипатқа ие болады. Мемлекет басшысы әр шешімді тек ұлт мүддесі тұрғысынан қабылдадым, деді.
Қазақстан тағдыршешті таңдаудың табалдырығында тұр. Бағыт пен бағдар айқындалатын сәт таяп қалды. Жексенбіде жұрт референдумға барып, өз таңдауын жасайды. Науқанды асыға күтіп жүрген қауымның бірі осы жиында отыр. Жаңа Конституция жобасында мәслихат жайлы да біраз жазылған. Құжаттың жобасын әзірлеу кезінде мәслихатты пропорциялы өкілдік жүйе негізінде сайлау ұсынылған. Алайда Қасым-Жомарт Тоқаев бұған қарсы. Себебі, депутаттар шалғайдағы бұқарамен тығыз байланыста болуы керек.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Аймақтарда мажоритарлық, яғни бір мандатты жүйе сақталады. Бұл өте маңызды. Себебі дәл осы мәслихат депутаттары жергілікті жерде сайлаушылармен үнемі байланыста болып, қоян-қолтық жұмыс істейді. Сонымен бірге мұндай жүйе ешқандай партияға кірмейтін, бірақ халық сенетін іскер азаматтар үшін тағы бір тиімді саяси баспалдақ болмақ. Сол арқылы мәслихаттардың ролі арта түседі.
Президент жаңа Конституция жобасының артықшылықтарын жіпке тізді. Алдымен, сайлау һақында. Науқан жаңа құжатта барынша жүйеленіп, сайлауға түсетін азаматтардың жауапкершілігін арттырады. Осы ретте, Құрылтайға қажетті білікті мамандар даярлауға мәслихаттар белсенді түрде атсалысады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Ауқымды реформаларды сапалы жүзеге асыру үшін мейлінше тиімді әрі кәсіби заң шығару қызметін жолға қоюымыз керек. Ал еліміздегі өкілді билік жүйесінің негізі аймақтарда қалыптасады. Сондықтан мәслихаттардың қызметі айрықша маңызды екенін үнемі есте ұстаған жөн. Себебі жұрт өз мәселесін ең алдымен депутаттарға айтады. Ал халықтың сенімін ақтаудан артық абырой жоқ.
Иә, өзгеріс көп. Бірақ мақсаты жалғыз. Мемлекеттің егемендігін нығайту, азаматтарымыздың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, халқымыздың әл-ауқатын жақсарту. Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деді. Мемлекет басшысы әлеуметтік тақырыпқа ерекше назар аударды. Қазақстанда ақысыз білім, тегін ем-дом мен дәрі-дәрмек алуға мүмкіндік бар. Оған әлеуметтік төлемдерді қосыңыз. Әлемде мұндай қолдаудан қағылған 1,5 миллиардтан аса мұқтаж жан бар. Ал Қазақстан былтыр адам капиталын бағалау бойынша 160-тан аса елдің арасында 42-орынға табан тіреді. Ал жаңа Ата заң жобасында әлеуметтік көмек пен адами капиталды дамытуға басымдық берілген.
Үнзила Шапақ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Жаңа Конституция тек бүгінгі күннің мәселесін шешуге арналған құжат емес. Ол болашақ ұрпақтың тағдырын айқындайтын тарихи шешім. Сондықтан Жаңа Конституция қабылданған жағдайда оның мәні мен маңызын тоқтатпай, жүйелі түрде жалғастыру аса маңызды.
Отырыста жаңа Конституция жобасының артында жаңа саяси жүйе бар деген астар айтылды. Бұл қаншалықты шындыққа жанасады? Құжат халықтан қолдау тапса Президенттің жақын туыстарына шенеунік болуға тыйым салынады. Оған қоса квазимемлекеттік секторды басқару мүмкіндігі де шектеледі. Демек, енді елде билік бір отбасының қолында шоғырланбайды. Парламентте Президент квотасы болмайды. Депутаттарды тек халық сайлайды. Конституциялық Сот төрағасы мен судьялары, Жоғарғы Сот төрағасы, Бас прокурор бір реттен артық тағайындалмайды. Саяси бағыттағы басты өзгерістер − осы.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Барлық саяси жаңғыру ел тағдырына институционалдық жауапкершілікті күшейту ниетінен туындап отыр. Бір ғана тірекке арқа сүйеген саяси жүйе әлсіз болады әрі ұзаққа шыдамайды. Мұны әлемдік тәжірибе дәлелдеді. Біз шын мәнінде халықтық билік қалыптастырудамыз.
Назар аударатын тағы бір ерекше тұс − «Адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін» деген қағидат. Сонымен қатар, жемқорлардың сайлануға құқығы шектеледі. Одан бөлек, құжаттағы ең үлкен бөлім − адамның құқықтары мен бостандықтарын қорғауға арналған. 30 баптан тұрады. Бұл Ата заңның шамамен үштен бірі. Салыстырмалы түрде айтсақ, Президент туралы бөлім небәрі 10 баптан тұрады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Жаңа Конституция жобасында «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі» деп нақты жазылған. Бұл ретте ана тіліміз тек көркем әдебиетте ғана емес, еліміздің қоғамдық-саяси өмірінің барлық саласында кеңінен қолданылады. Ең маңыздысы, жастар арасында қазақша сөйлеу сәнге айналды. Басқаша айтқанда, қазақ тілінің болашағы жарқын. Кейбіреулер тіл тағдырына алаңдаған кейіп танытып, бұл тақырыпты саяси құрал ретінде пайдаланады.
Қазіргі Конституция бойынша Парламент Негізгі заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізе алады. Бұл мүмкіндік бұған дейін бірнеше рет пайдаланғанын да білеміз. Ал, енді Конституцияға енгізілетін кез келген өзгерістер мен толықтырулар бойынша шешім тек жалпыхалықтық референдум арқылы қабылданады. Президент бұл қадамның келешекте жекелеген саяси топтардың мүддесіне бола негізсіз конституциялық түзетулер жасауға тосқауыл қоятына сенімді. Сөз арасында Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа үндеу жолдады
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Қымбатты отандастар! Сіздердің таңдауларыңыз бюллетень қағазындағы жай ғана белгі емес. Ол жаңа Халық Конституциясы жобасына көрсетілген нақты қолдауыңыз. Қазақстанды дамудың даңғыл жолына салуға жастар атсалысады. Күні ертең ынтымақ-бірлігі жарасқан, еңбекқор, заңға бағынатын, білім, ғылым, мәдениет және зайырлылық құндылықтары берік орныққан, жаппай цифрландыру мен жасанды интеллект күнделікті өмірдің ажырамас бөлшегіне айналатын қоғам құру миссиясы Сіздерге жүктеледі.
Биыл тәуелсіз ел болғанымызға 35 жыл толады. Серпілген сәттеріміз көп болды, сүрінген шақтарымыз да аз емес. Десе де, әлем елдерімен терезесі тең мемлекет құрдық. Президент сөз арасында әлемнің көз ілеспес жылдамдықпен өзгергенін еске салып, Қазақстан азаматтарына да өзгеру қажет деді. Қасым-Жомарт Тоқаев халқымыздың болашағы осы үдерістің қаншалықты табысты жүзеге асатынына тікелей байланысты екеніне сенімді.
Бекзат Аманов
Тегтер #президент #референдум 2026 #белсенді #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz