RU
Толық нұсқаға өту

Қ. Тоқаев: Вице-президент лауазымы билік институттарын нығайтады

15.03.2026, 17:23 82

Заман бір орында тұрмайды.

Сол себепті жаңа Конституция қабылдайтын уақыт келді. Бүгін жаңа Ата заң бойынша өткен референдумда дауыс берген Президент осылай деді. Мемлекет басшысы еліміздің басты құжатын қабылдау жөніндегі жұмыстар 2 жыл бұрын басталғанын айтып, Қазақстан озық әрі зайырлы ел болуы керек екенін мәлімдеді. Яғни көштен қалмай, прогрестің алдыңғы шебінде жүруіміз керек. Тағы Қасым-Жомарт Тоқаев Президент сайлауы қазіргі Конституцияға сәйкес 2029 жылы өз мерзімінде өтетіндігін айтып, Таяу Шығыстағы жағдайға қатысты пікірін айтты. 

Жексенбінің таңы. Елордадағы Оқушылар сарайында жайғасқан номер 51 дауыс беру учаскесінде қарбалас. Демалыс күн демей жұртшылық таңсәріден референдумға қатысып, өз таңдауларын жасап жатыр.

Амангелді Мырзабаев, №51 учаскелік референдум комиссиясының төрағасы:

- Тізім бойынша 2071 адам. Оның ішінде 18 жасқа енді толған дауыс берушілер болды. Оларға арнайы сыйлықтар беріліп, үйден дауыс берушілердің тізімі тіркеліп жатыр. Осы уақытқа дейін 350-400 адам дауыс беріп тастады.

Бүгін ел қатарлы өзінің конституциялық құқығын мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та пайдаланды. Президент дауыс беру учаскесінде өзге азаматтар секілді белгіленген тәртіппен бюллетеньді алып, тиісті таңдауын жасады.

Ләззат Әліпбекова, №51 учаскелік референдум комиссиясының мүшесі:

- Қуаныштымын Президентті қабылдағаныма. Жеке куәлігі бойынша тізімнен фамилиясын тауып, дауыс беру бюллетенін бердім. Жеке куәлігін көрдім. Тарихи сәт. Өте қуаныштымын. Жүзбе-жүз көргеніме қуаныштымын.

Дауыс беріп болғаннан соң мемлекет басшысы БАҚ өкілдері үшін брифинг өткізді. Журналистер қауымының сұрақтарына жауап беріп, референдум жайлы пікірімен бөлісті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- 1995 жылы қабылданған Конституция ерекше роль атқарды. Бірақ заман бір орында тұрмайды. Сол себепті жаңа Конституция қабылдайтын уақыт келді. Бұл жұмысқа мен де белсене атсалыстым. Конституцияның преамбуласын және басқа да нормаларын өзім жаздым. 

Өз сөзінде Президент жаңа Ата заң жобасын әзірлеу кеше ғана емес, ұзақ уақыт бойы жүргізілгенін айтты. 2022 жылы еліміздің басты құжатына өзгерістер енгізу жөнінде референдум өткен болатын. Сол кездің өзінде жаңа Конституцияны қабылдауға болар еді. Бірақ бұндай қадамға бармадық, дегенмен тың құжатты қабылдау идеясы пайда болды, дейді Президент. Осылайша бұл жұмысқа шамамен 2 жыл бұрын кірісіп, жаңа Ата заң қабылдау керек деген ұйғарым шығарылған.

Зұлқарнай Ермұрат, JIBEK JOLY телеарнасының тілшісі:

- Кейбір сарапшылар «Конституциялық реформа билік транзитіне, Президент сайлауына дайындық» деген пікір айтып жүр. Жалпы Вице-президент лауазымы не үшін қажет? Осыған қатысты пікіріңізді білсек деп едік.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Вице-Президент лауазымы туралы әртүрлі әңгіме айтылып жүргенін білемін. Шын мәнінде бірқатар шет мемлекетте Вице-президент лауазымы бар. Кейбір сарапшылар «Қазақстанда билік ішінде бәсеке өршіп, түрлі үрдістер жүреді, елге зиян келеді» деген пікір білдіруде. Бұл мәселеде қоғамға зардап келетіндей қорқыныш жоқ. Вице-Президент лауазымы біздің билік институттарын нығайтады. Келешекте бәрі айқын болады. Мемлекет басшысы ретінде бұл лауазымға, жалпы бүкіл реформаға үлкен үміт артып отырмын.

Брифинг барысында Мемлекет басшысы халықаралық күн тәртібіне қатысты сауалдарға да жауап берді. Нақтырақ айтқанда Таяу Шығыстағы ахуал. Ақпан айының соңында бұл аймақта қарулы қақтығыстар басталғанда Президент Шығанақтағы бірқатар мемлекет басшысымен телефон арқылы сөйлесіп, оларға қолдау білдірген еді. Бірақ Иран Президентімен бұндай әңгімелесу болмады. Осы ретте журналистер бұл Қазақстанның бейтарап ұстанымынан айнып, араб елдерін қолдайтынын білдіре ме деген заңды сұрақ қойды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қазақстан әлемге бейбіт ел ретінде белгілі. Кез келген қақтығысты дипломатиялық жолмен шешуді жақтаймыз. Бұл айнымас ұстанымымыз. Иран Президенті Масуд Пезешкианның жақында елімізге ресми сапармен келгенін білесіздер. Сол кезде жақсы әсер қалдырды. Мен оның Иран Шығанақ елдеріне шабуыл жасамайды деген мәлімдемесін құптадым. Тіпті ол Иранның атынан кешірім сұрады. Алайда кейін оның мәлімдемесі жоққа шығарылды. Иран араб елдеріне шабуыл жасауды әлі тоқтатқан жоқ. Бұдан Иран Президентінің билікке толық ие емес екені көрінеді. Ол анық. Өйткені Иранда діни билік негізгі бағыт-бағдарды айқындап, шешім қабылдайды. Президент те бар, бірақ ол формальді мемлекет басшысы, іс жүзінде ықпалды тұлға саналмайды. Жалпы, кез келген елде, соның ішінде Қазақстанда қос билік болмауға тиіс. Кезінде мұндай жүйені біз де бастан өткердік, бірақ баянсыз болды. Төрт жыл бұрын еліміздің ішкі тұрақтылығына қауіп төнді. Бұл Қазақстанға да, басқа мемлекеттерге де үлкен сабақ болды деп ойлаймын. Біз Иран халқына, оның мәдениеті мен тарихына құрметпен қараймыз. Сондықтан өз ұстанымымыздан айныған жоқпыз, әрдайым бейбітсүйгіш ел болып қала береміз.

Айта кету керек, жаңа Ата заңға қатысты Президент республикалық референдум өткiзу жөніндегі Жарлыққа ақпанның 11-і күні қол қойған еді. Ал жаңа Конституциясының жобасы 12 ақпан күні бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланып, халықтың құжатпен толық танысуына мүмкіндік жасалған болатын.

Риат Шони, Марат Диханбаев

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz