Жалпыұлттық референдум аса жоғары деңгейде, ашық әрі әділ болды. Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық референдум барысында жүргізілген exit poll қорытындысымен танысқаннан кейін мәлімдеді. Президенттің пікірінше, барлық заң талаптары мен демократиялық нормалар қатаң сақталды. Мұны еліміздің және шетелдің байқаушылары да растады. «Азаматтар жасаған таңдаудың түпкілікті қорытындысын заңға сәйкес Орталық референдум комиссиясы ресми тәртіппен шығарады.
Бірақ қазірдің өзінде Қазақстан халқы ынтымақ пен бірліктің, патриотизмнің, Отан тағдырына ортақ жауапкершіліктің керемет үлгісін көрсетті деп айта аламыз. Азаматтарымыздың басым бөлігі Өркендеу, Әділет, Заң мен Тәртіп, Табиғатты аялау және Тазалық жолын таңдады. Бұл – өте жақсы жол», - деді Президент. Сондай-ақ Мемлекет басшысы дауыс берушілер саны бойынша ең жоғары рекордтық көрсеткіш тіркелгенін және мұндай жағдай көптен бері болмағанын атап өтті. Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстан халқы қолдаған, жаппай дауыс берген Конституция – еліміздің темірқазығы.
Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Президенті:
- Жаңа Конституция – Тәуелсіздік пен егемендік тірегі. Ата заңымыз – адам құқығы мен бостандығының мызғымас кепілі. Біз бір ел болып, Заң мен тәртіп сақталатын, жауапты және жасампаз азаматтары бар Әділетті қоғам құру жолында маңызды қадам жасадық. Осылайша бүгін ұлт тарихының жаңа парағын аштық. Алда ауқымды жұмыстар күтіп тұр. Ең бастысы, халқымыз түбегейлі өзгерістерді барынша қолдайды.
Тегтер #референдум 2026 #Қасым Жомарт Тоқаев #Конституция жобасы #президент
Phone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz