RU
Толық нұсқаға өту

Президент Ата заңға қол қойды

17.03.2026, 17:38 44

Референдум бітті, енді алда сайлау күтіп тұр.

Халқымыз көп ұзамай Құрылтай депутаттарын таңдайды. Президент саяси науқанның жаңа сессияға дейін өтетінін мәлімдеді. Ал оған дейін кезек күттірмейтін заң жобаларын қазіргі Парламент әзірлей береді.

Бүгін Ақордада Қасым-Жомарт Тоқаев Ата заңға қол қойды. Енді Халық Конституциясы 1 шілдеден бастап ресми түрде күшіне енеді. Ал 15 наурызды мемлекеттік мереке ретінде жыл сайын атап өтеміз. Басты құжаттың игілігі бұқараға қашан тиеді?

Қазақстан − жаңа тарихтың табылдырығын аттады. Ал Ата заң айналасындағы алашапқанның нүктесі Ақордада қойылды. Енді елдің тұрмысы да, тынысы да тың құжатқа бет бұрады. Ауқымды жұмыстың ақырғы рәсімі жаңа Конституцияны салтанатты түрде ортаға алып шығумен басталды.

Халық Конституциясы. Ел арасында құжатты осылай сипаттап жүргендер бар. Себебі соңғы шешімді қалың қараша қабылдады. Жұртшылық дауыс беріп, таңдау жасады. (ГРАФИКА) 9 млнннан аса отандасымыз тағдыршешті таңдау жасады. Бұл барлық электораттың − 73 пайызы. Нәтижесінде 8 млға жуық адам Жаңа Конституцияны қолдаса, 800 мыңнан астамы қарсы болған. Ал 146 мың бюллетень жарамсыз деп танылды.

Референдумға қатысу құқығы бар – 12 482 613

дауыс беруге қатысты – 9 127 192   / 73,12% /

Жақтағандар – 7 954 667 / 87,15% /

Қарсы болғандар – 898 099

Жарамсыз деп танылған бюллетень – 146 558  

Нұрлан Әбдіров, Орталық референдум комиссиясының төрағасы:

- Республикалық рефендум заңнамасындағы еліміздің 20 өңіріндегі 3/2-сінде дауыс беруге қатысқан азаматтардың дартысынан астамының оң шешімді жақтап дауыс беру туралы талап сақталды. Сондықтан Жаңа Конституция қабылданды деп танылды. 

Ал бұл Қазақстанның Жаңа Конституциясы. Президент Ата заңға һәм Конституцияны іске асыру жөніндегі шаралар туралы Жарлыққа қол қойып, ортақ шешімге негізделген дәуірдің іргесі қаланды.

Бұдан кейін Президент барша халықты мерейлі сәтпен құттықтады. Құжаттың жобасы шамамен екі жыл бұрын пысықтала бастағанын еске салды. Кейін мұқият талқыланып, зерделенді. Осылайша, табанды ұжымдық еңбектің нәтижесі ақталды. Президент ілікімді істің жауапкершілігі жайлы бүй деді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Біз Халық Конституциясын келешек ұрпақ алдындағы жауапкершілігімізді терең сезіне отырып қабылдадық. Ата заң – қуатты, күшті, бәсекеге қабілетті Қазақстанның жаңа Жарғысы. Жаңа Конституция – көне заманнан бері бабаларымызға бағдар болған дала заңдарының бүгінгі жалғасы, ұрпақтар арасындағы сабақтастық көрінісі.

Ата заңда жеріміздің тұтастығы, еліміздің Тәуелсіздігі мен егемендігі, азаматтардың құқығы мен бостандығы қорғалған. Әділет пен заң үстемдік құратыны жазылып, білім, ғылым, инновацияға басымдық берілген. Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Конституция Қазақстанның жаңа дәуіріне жол ашады деп, енді дамудың даңғыл жолына түсеміз деп мәлімдеді. Ал депутаттардың айтуынша, оның игілігін халық көп ұзамай көре бастайды.

Мұрат Әбенов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Медицина саласын ғана айтайық. Барлығын бизнеске шығарып жіберген, тек қана мемлекет берген тізіммен сені емдейді деген. Денің сау болуға құқылысың дейді. Қазір мемлекет айтады сенің денің сау болғанына мен кепілдік беремін. 30 жылда 70 пайыз ауыл ауруханалары жабылып қалған бізде. Енді мемлекет қайтып ашады. Себебі, мемлекет кепілдік береді.

Ал мемлекет басшысы жиындағы қауымға нақты жоспар бар, көп созбай оны іске асыруға кірісу керек деді. Осы ретте, Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы сайлауды жаңа сессияға дейін өткізу керек деп есептейді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Көп ұзамай Парламент қарауына Президент, Құрылтай, Халық Кеңесі, Астананың мәртебесі және еліміздің әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы жаңа бес конституциялық заң енгізіледі. Сонымен қатар сегіз конституциялық заңға және 60-тан астам заңға, соның ішінде негізгі кодекстерге түзетулер енгізу қажет. Заң шығару үдерісі алдағы парламент сайлауымен қатар жүреді. Сайлауды жаңа сессияның ашылуына дейін өткізу жоспарланып отыр. Сол уақытқа дейін тиісті заңнамалық база әзірлеуді толықтай аяқтаған жөн.

Көп ұзамай Парламент қарауына Президент, Құрылтай, Халық Кеңесі, Астананың мәртебесі және еліміздің әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы жаңа бес конституциялық заңдар енгізіледі. Депутаттар бұл жұмысқа білек сыбана кірсуге дайын.

Үнзила Шапақ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Қазіргі таңда Парламентке 8 Конституциялық заң, 60-қа жуық ағымдағы заңдар кіреді. Енді Парламент депутттары Конституцияға сәйкестіріп, жаңа заңдарды қабылдайтын болады. 

Жұмыс ауқымды, арасында кезек күттірмейтін құжаттар бар.

Марат Бәшімов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- 13 заң міндетті түрде 2 айда қабылдауымыз керек. Содан кейін ғана басталады процесттің бәрі. Өйткені Парламент туралы, Халықтың кеңес, сайлау туралы заңның бәрі қазір керек. 

Ал елімізді құқықтық және саяси тұрғыдан түбегейлі жаңғырту ұзаққа созылады. Ол жыл соңына дейін, тіпті, келесі жылы да жалғасуы мүмкін. Мұны Президент айтты. Алдымызда билік институттарын реформалап, жаңасын құру міндеті тұр. Олардың құрылымы мен кадрлық құрамы да өзгереді. Сөз арасында Президент жаңа Ата заңды Әділетті Қазақстанның төлқұжаты деді. Бұл - сөз кездейсоқ айтылған жоқ.

Асхат Аймағамбетов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Әділеттілік болмаса білімнің салтанаты болмайды. Әділеттілік болмаса білімді азаматтар елді басқарып, өзінің әлеуетін аша алмайды. Әділеттілік болмаса меритократия болмайды, мемлекеттің дамуы да болмайды. Сондықтан әділеттік принципі, заң мен тәртіп принципі - осы Әділетті Қазақстанның жаңа Конституциясы бойынша ең басты қағидаттың бірі. 

Ал Президент сөзін сертпен аяқтады. Бас құжаттағы ережелердің мүлтіксіз орындалуы үшін бар күш-жігерін салатынын жеткізіп, Жаңа Конституцияға сәйкес адал қызмет етуге ант берді. Қазақстан жаңа дәуірге қадам басқанын айттық. Осы ретте, Қасым-Жомарт Тоқаев жұртымызға керек қасиеттерді жіпке тізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қазақстан – аяғына нық тұрған, халықаралық беделі биік мемлекет. Еліміз ішкі тұрақтылығын сақтап, өзге жұртпен достық қатынас орнатып, зор сеніммен алға қарай қадам басып келеді. Енді мемлекетіміз дамудың даңғыл жолына түседі. Сондықтан бізге татулық пен достық, сабырлық пен табандылық, жасампаздық пен ұқыптылық, еңбекқорлық пен сенімділік ауадай қажет. 

Отырысқа әр саланың серкесі жиналған. Конституцияға қатысты олардың пікірі де маңызды. Құжаттың нақты тәжірибеде қалай әсер ететінін солар ғана біледі.

Асқар Жұмаділдаев, академик:

- Бұл Конституцияның ұзақ болғанын қалаймын. Бұл Конституция берекелі болады қазаққа менің пікірімше. Мәңгі ешнәрсе жоқ, өзгеруі де мүмкін. Бірақ әзірше осыған тұрақтап, жұмыс істейік. Өйткені оның ішінде конструктивті идеялар бар. Реализм бар. 

Бекзат Аманов, тілші:

- Бұл мінбер тарихи сәттің куәсі болды. Конституция осы жерде ресми қабылданып, Ата заң айналасындағы алғашқы бастамалар осында айтылды. Осылайша, Қазақстан дамудың жаңа кезеңіне жаңа Конституциямен аяқ басты деп енді нық сеніммен айта беруге болады. Ал құжаттың өзі 1 шілдеден бастап күшіне енеді.

Бекзат Аманов, Марат Диханбаев

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz