RU
Толық нұсқаға өту

Қазақ киімдері Еуропада сәнге айналды

18.03.2026, 09:25 62

Париж, Миланның сән апталықтарында қазақтың ұлттық киімдері жиі көрінеді.

Сәукеле, мауыты,мақпал, би-қасап,бүлде, дүрия, қамқадан тігілген түрлі көйлек, шапан Еуропаның талғампаз жұртына таңсық емес, қазір. Шығыста қытай, корейлер де етене таныс болып қалды. Қазақы нақыштағы ою-өрнек, әлемдік брендтердің топтамаларында жиі қолданылады.

Тіпті Голливудтың әйгілі режисерлері де киноға қазақы киімдерді қолданып жүр. 

Қазақтың ұлттық киімі бүгінде әлемдік сән кеңістігінде жаңа қырынан танылып келеді. Дәстүрлі ою-өрнек пен ұлттық элементтер заманауи дизайнмен үйлесіп, шетелдік аудиторияның қызығушылығын туғызды.

«Күнкей» брендімен танымал Сабина Наурзалина еуропаның талғампаз жұртына қазақы киім үлгісін көрсетіп, бизнесін дөңгелетіп отыр. Оның ұлттық нақыштағы коллекциялары Түркия, Нидерланд, Швеция, Корея, Қытай, Ұлыбритания, Италия және Франция елдеріндегі сән апталықтарында көрсетіледі.

Сабина Наурзалина, дизайнер:

- Біздің топтама екі бөліктен тұрады. Бір бөлігінде, дәстүрлі қазақ киімдері ұсынылады. Онда ұлттық ою-өрнек пен бұрыннан қалыптасқан үлгілер толық сақталған. Екінші бөлігінде, сол ұлттық элементтер қазіргі сәнге бейімделіп, күнделікті киюге ыңғайлы етіп жасалған. Осы ұлттық нақыштағы топтаманы біз Миланда өткен Milan Fashion Week аясында «Наурыз» коллекциясы ретінде таныстырдық.

«Қызығушылық тек ұлттық киімге ғана емес, шетелдік дизайнерлер қазақтың ою-өрнегі, пішіні мен сәндік элементтеріне де ерекше мән береді», - дейді дизайнер. Бұл қазақтың мәдени бай мұрасына деген сұраныстың артқанын көрсетеді.

Сабина Наурзалина, дизайнер:

- Шетелдік дизайнерлер қазақтың ұлттық ою-өрнектері мен қолмен жасалған кесте жұмыстарына жоғары баға береді. Бұл үлкен шеберлік пен ұқыптылықты талап ететін еңбек. Сонымен қатар дәстүрлі бас киімдер, әсіресе сәукеле, сондай-ақ самай әшекейлері мен ұлттық киімнің басқа да элементтері ерекше қызығушылық тудырады. Тіпті ұсақ бөлшектердің өзі назардан тыс қалмайды. Әшекей бұйымдар, сақиналар мен сырғалар да шетелдік көрерменнің қызығушылығын арттырып отыр.

Қазақтың ұлттық нақышын бүгінде подиум ғана емес, Голливудта мойындай бастады. Этникалық элементтер халықаралық брендтердің топтамаларында және фильм кейіпкерлерінің бойында көрініс тауып жүр. Мәселен, «Соңғы жекпе-жек» фильмінен кейін көрермендер танымал актер Адам Драйвердің үстінен қазақтың шапанын байқады.

Ал 2022 жылы Louis Vuitton бренді Швейцарияның Санкт-Мориц қаласында киіз үй пішіндегі бутик ашып, ел-жұртты таңқалдырған еді. Осылайша қазақтың ұлттық киімі жаһандық сән кеңістігінде өз орнын айқындап келеді.

Динара Қуандыққызы

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz