Мемлекет басшысы 14-ші Қысқы Паралимпиада ойындарының чемпионы Ербол Хамитовты III дәрежелі «Барыс» орденімен марапаттады.
Президент батыр ұлдың жарқын жеңісін қазақ параспорты үшін тарихи жетістік деп бағалады. Тағы салтанатты шара барысында Қасым-Жомарт Тоқаев осы жеңіске зор үлес қосқан жаттықтырушыларға да алғысын білдіріп, мемлекеттік марапаттарды табыстады.
Қаңтардың аяғында Президент көк байрағымызды паралимпиадашы Ербол Хамитовқа сеніп тапсырған болатын. Туымызды биік тұғырдан түсірмеймін деген атлет Қасым-Жомарт Тоқаевқа берген уәдесінде тұрды.
4 жылдықтың басты бәсекесі – Италия төрінде өткен Паралимпиадада отандасымыз аянып қалмады. Қоржынға қос бірдей медаль салып, ел мерейін асқақтатты. Жүлденің біреуі қола болса, екіншісі – алтын.
Бүгін батыр ұлдың ерлігін Президент те ерекше атап өтіп, бұл оқиғаны қазақ параспорты үшін тарихи жетістік деп бағалады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Ербол қазақтың қайсар, өр рухты әрі намысты ұлт екенін күллі әлемге паш етті. Сондықтан ең алдымен, саған және бапкерлерге шынайы ризашылығымды білдіремін. Паралимпиада ойындарына аттанар сәтте мен еліміздің көк Туын саған табыстадым. Сол артылған сенімді толық ақтап, Қазақстанға жеңіспен оралдың. Керемет нәтижеге жеттің!
Қазақстан бұл паралимпиадада жалпы командалық есепте 18-ші орыннан көрінді. Ұлттық құрама қоржынында осы Ербол Хамитов әкелген алтын мен қола бар. Үздіктердің ішінен алға шығып, чемпион болу оңай емес. Бұл – жылдар бойғы тынымсыз дайындық пен қажырлы әрі табанды еңбектің жемісі. Осылай деген Президент бұл жеңіске үлес қосқан бапкерлер мен өзге де мамандарға ризашылығын білдірді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Сіздер Ербол Хамитовқа білгендеріңізді үйретіп, тәжірибелеріңізбен бөлістіңіздер. Оның чемпионға тән табандылық танытып, биік мақсатқа ұмтылатын күрескер мінезін шыңдадыңыздар. Олимпиада жылнамасына есімін жазған белгілі, көрнекті спортшы болуына күш салдыңыздар. Сіздерге алғыс айтамын. Орайлы сәтті пайдаланып, бапкерлерге, демеушілерге, дәрігерлерге және параспортшылармен жұмыс істейтін барша маманға ризашылығымды жеткізгім келеді. Атлеттеріміздің жетістігі өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге.
Қазақстан – шексіз мүмкіндіктер елі. Бұны Ұлттық паралимпиада құрамасының әр мүшесі жаһанға әйгіледі. Бүгінде спорттың бұл бағытында мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетіліп келеді. Мәселен, былтыр 4 заманауи инклюзивті спорт кешені қолданысқа берілді. Бұндай нысандар алдағы уақытта еліміздің әр аймағында көптеп ашылмақ. «Бұл маңызды жұмыстан демеушілер де шет қалмауы керек», - дейді Президенті.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Жалпы мемлекет паралимпиада қозғалысын қолдауға айрықша мән береді, бұл бағытты қаржыландыру көлемі де ұлғайды. Параспортшыларымыздың өжет мінезі мен мұқалмас жігері көпке үлгі, өскелең ұрпаққа өнеге. Ұлттық паралимпиада құрамасының әр мүшесі Қазақстанның шексіз мүмкіндіктер елі екенін әлемге әйгіледі. Осыған орай мен сіздерді жоғары мемлекеттік наградамен марапаттау туралы Жарлыққа қол қойдым. Баршаңызға құтты болсын! Амандық, табыс тілеймін!
Салтанатты шара соңында Мемлекет басшысы ХIV Қысқы Паралимпиада ойындарындағы жоғары спорттық жетістіктері үшін Ербол Хамитовқа III дәрежелі «Барыс» орденін табыстады.
Ербол Хамитов, Паралимпиада чемпионы:
- Осы Паралимпиадаға аттанар кезде сіз маған Мемлекеттік туды тапсырып, маған сенім артып, ақ жол тіледіңіз. Осы Паралимпиада ойындарында мен үшін үлкен жауапкершілік болды. Сіздің қолдауыңызбен біз жеңіске жеттік. Барлық мамандардың және бапкерлердің еңбегі зор. Сіздің қолдауыңыз әр спортшыға күш-қуат береді. Біз мұнымен тоқтамаймыз.
Сондай-ақ Президент еңбегі еленген жаттықтырушыларға да «Парасат» және «Құрмет» ордендерін табыс етті.
Василий Коломиец, пара биатлон және пара шаңғы жарысынан Қазақстан ұлттық құрамасының бас жаттықтырушысы:
- Паралимпиада ойындары төрт жылда бір рет өтеді, бұл – өте үлкен цикл. Сондықтан дайындық жұмысы ерте басталады. Ербол ұлттық команда сапында осымен екінші Паралимпиадасына қатысып отыр. 2022 жылы Бейжіңде өткен ойындарда оған медаль жеңіп алу бұйырмады, бірақ ол жүлдеге жақын болды. Сол кезде сағы сынбас үшін барлығы бірге қолдады. Ол қатты қапаланды. Дегенмен бәрі Ербол үшін Италияда өтетін Паралимпиада оның спорттық мансабының ең шарықтау шегіне дәл келетінін түсінді.
Айта кету керек, 2023 жылы Ербол Хамитов шаңғы жарысынан отырып сырғанау спринтінде жаһандық додада топ жарған. Ал араға екі жыл салып, 12,5 шақырымдық жекелей жарыста Әлем чемпионы болып, паралимпиадашылар арасындағы биатлоннан Әлем кубогының жалпы есебінде жеңімпаз атанған. Бүгін осындай қажырлы еңбегі мен жігерінің арқасында толағай табысқа жеткен батыр ұлға еліміздің бас резиденциясында арнайы экскурсия да ұйымдастырылды.
Авторы: Риат Шони
Тегтер #Мемлекет басшысы #Паралимпиада #Ербол Хамитов #Басты жаңалықтарPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz