Елде былтыр рекордтық көлемде ипотека рәсімделді.
Алайда сарапшылар бұл жүйенің нарықтық модельден алшақтап бара жатқанын айтады. Өйткені қарыздың басым бөлігі мемлекеттік бағдарламалар негізінде берілген. Мұның салдары қандай?
7-20-25: лимит 1 сәуірде күшіне енеді
«7-20-25» ипотекасы бойынша екінші тоқсанның лимиті 1 сәуірде күшіне енеді. Мемлекеттік бағдарламаға қатысу үшін 20 пайыздық бастапқы жарнаңыз дайын болсын. Толық шартын кестеден көрсеңіз болады. Бір ескерерлігі, банктер ипотека рәсімдегенде өз қаражатын пайдаланады. Ал Қазақстанның орнықтылық қоры қолданыстағы бюджет шегінде қаржы ұйымдарынан қарызды сатып алады. Уақыт өткен сайын бұл бағдарламаға сұраныс артып жатыр. Алайда бәрін қамту мүмкін емес. Жалпы қаржылық лимит — 100 млрд теңге. Демек, жылына 5,5 мың несие рәсімдеуге болады. Бұл өтінімдерді толық өтеуге жетпейді. Дегенмен, «7-20-25» бағдарламасы 2029 жылдың аяғына дейін жалғасады. Лимит тоқсан сайын жаңарып отырады. Әзірге жаңа үйлерден пәтерді 8 банк арқылы алуға болады.
«7-20-25» ипотекасының шарттары:
* Мөлшерлеме: 7%
* Бастапқы жарна: 20%
* Несие мерзімі: 25 жыл
* Ең жоғары сома:
— 30 млн теңгеге дейін — Астана, Алматы және қала маңы, сондай-ақ Ақтау, Атырау, Шымкент;
— 25 млн теңгеге дейін — Қарағанды;
— 20 млн теңгеге дейін — басқа өңірлер
Ипотеканың 74% мемлекет қамтыды
Десе де, елдегі ипотекалық несиелеуде коммерциялық банктердің үлесі 26%-ға дейін қысқарған. Бұған қазіргі ақша-несие саясаты себеп. Qazaq Expert Club ұйымының сарапшысы Диляра Сейітнұрованың айтуынша, базалық мөлшерлеме 18% деңгейінде тұрғанда нарықтық ипотека экономикалық тұрғыдан тиімсіз саналады. Әзірге тұрғын үй алуға берілетін қарыздың 74 пайызын мемлекет қамтып отыр. Былтыр ипотека үлесі 16,7%-ға артып, рекордтық көрсеткішке жетті. Бас-аяғы 2,4 трлн теңге берілген. Оның басым бөлігі «Отбасы банк» ұсынған және «7-20-25» бағдарламалары арқылы рәсімделді.
ЦИТАТА:
Диляра Сейітнұрова, QAZAQ EXPERT CLUB ұйымының сарапшысы
Бір жағынан, бұл бағдарламалар халықтың әртүрлі санаттары үшін тұрғын үйге қолжетімділікті арттырады. Екінші жағынан, жылжымайтын мүлік нарығындағы бағаның өсуіне әсер ететін факторға айналып отыр. Бір жыл ішінде жаңа құрылыстардың бағасы 12,7%-ға, ал қайталама нарықтағы тұрғын үй 10,3%-ға қымбаттады.
Тұрғын үй құрылысын арттыру керек
Сарапшылар жыл сайынғы тұрғын үй құрылысын арттыру керек дейді. Өйткені халық арасында ипотекаға сұраныс көп. Ал лайықты ұсыныс бола бермейді. Азаматтарды түгелдей баспанамен қамту үшін 120 млн шаршы метр салынуы керек. Қалай дегенмен, «мемлекеттік бағдарламалар жүздеген мың отбасының баспана алуына мүмкіндік берді».
Алайда ұсыныс артпай, инфляция төмендемей және нарықтық қаржыландыру дамымайынша, бұл бағдарламалар нарықтың мемлекетке тәуелділігін күшейтуі ықтимал. Сол себепті сарапшы жаппай жеңілдетілген бағдарламалардың орнына көп балалы отбасыларға, кезекте тұрған азаматтарға және депрессивті өңірлер тұрғындарына бағытталған нақты қолдау шараларына көшу қажет дейді.
Отандық құрылыс материалдарын көбейту керек
Құрылыс көлемін арттыру үшін де, тұрғын үйдің азаматтарға қолжетімді болуы үшін де отандық материалдардың үлесін еселеу керек. Мұны үкімет басшысы айтып отыр. Биыл елде 38 жаңа жоба іске қосылады. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі «Бәйтерек» холдингімен бірлесіп, нысандардың уақтылы іске қосылуын қамтамасыз етуі керек. Құрылысшылар одағы сырттан келетін материалдар теңгемен емес, басқа валюталармен бағаланатынын айтады. Бұған логистика, кедендік төлемдер, т.б. шығындар қосылады.
Вячеслав Лазарев, "Қазақстан құрылысшылары одағы" РҚБ Астана қалалық филиалының директоры:
- Тұрғын-үй құнының негізгі бөлігі құрылыс материалдарынан тұрады. Қазақстан оның жартысын шетелден тасиды. Көбіне ішкі әрлеу жұмыстары мен қасбетіне жұмсалатын материалдарды импорттаймыз. Сондықтан өзіміздің замануи зауыттарымызды салу керек.
Сатып алу - сату
Ақпан айында тұрғын үйді сатып алу-сату келісімдері 1,2 пайызға аз жасалған. Елде 27 мыңнан аса баспана сатылды. Оның дені пәтерлер. Бұл қыс мезгілінде үй саудасының аз да болса саябырлайтынын көрсетеді. Дегенмен жазда сауда қайта жанданады. Бұл кезде бағада да өзгеірстер болуы әбден мүмкін.
Тегтер #бұл нарық #Тұрғын үй құрылысы #ипотека #24KZ #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz