Жаз келді, кептеліс көбейді. Астанада көлік көбейген сайын қозғалыс та қиындап барады. Осы үшін үлкен айналма жол, одан кейін кіші айналма жол салынған.
Біріншісі жол-жөнекей көліктерді қалаға кіргізбей сыртпен жіберсе, екіншісі қала ішіндегі көлік ағынын реттеуге тиіс. Бірақ дәл осы кіші айналма жолдың дені пайдалануға берілгенмен, бір бөлігі әлі аяқталмай тұр.
Қазір Алматы түгілі, Астананың өзінде бір жерден екінші жерге жету мұң. Шаһардағы негізгі қарбалас таңғы 08:00 бен кешкі 18:00 кезінде байқалады. Жұрт бұл мәселеден әбден мезі болды. Кептелістің кісенін шешеді деген кіші айналма жолдың құрылысы да бірнеше жылдан бері әлі аяқталған жоқ.
Нұржан Сейітжанов, қала тұрғыны:
- Қосшығұлұлы мен Шабал Бейсекованың көшесі Тілендиеваның қиылысындағы көпір бітпей жатқандығының кесірінен Ақансері, Күмісбеков, Сарыарқа көшелерінде көп кептеліс болады. Көпірді 2022 жылдан бастап салып жатыр, төрт жыл болды. Он жылға баратын түрі бар.
Серікбай Бөжентаев, қала тұрғыны:
- Көпір астындағы көше қыстан кейін ойылып қалған. Жеңіл көліктер жүре алмайды. Сондықтан ол жер кептеліс. Көшелерді дұрыстау керек. Шұңқырлар көп қой. Көпірді тезірек істеу керек. Сонда кептеліс болмайды.
Ерасыл Нұрланов, қала тұрғыны:
- Көбінесе Тұран және Қабанбай даңғылдарында өте қатты кептеліс болады. Қазір Айтматованы ашты. Тұран даңғылында шамалы кептеліс азайды деп ойлаймын.
Данияр Ділдәбеков, қала тұрғыны:
- Мәңгілік ел, Түркістан, Тұран, Қабанбай даңғылдарында үнемі кептеліс қой. Менің таксист болып жүргеніме 5-6 жыл болды. Бұрын ондай жоқ еді. Қазір енді адам көп қой. Кіріп жатыр қалаға. Жаңа машина беріп жатыр.
Дильназ Тұрғазыева, тілші:
- Біз қазір Нұрғиса Тілендиев даңғылы мен Шабал Бейсекова көшесінің қиылысында тұрмыз. Бұл - елордадағы кіші айналма жол құрылысының толық аяқталмаған учаскелерінің бірі. Қазір мұнда жолайырық пен көпір құрылысы жалғасып жатыр. Осы жерде әсіресе таңғы және кешкі уақыттарда көлік кептелісі жиі байқалады. Жоба толық аяқталған соң, бұл аумақтағы кептеліс азайып, көлік қозғалысы едәуір жеңілдейді деп күтіліп отыр.
“Кіші айналма жолдың жоспарланған үш учаскесін бітіруге шамамен 3-4 жыл қажет”, - дейді мамандар. Айтматов көшесін биыл толық аяқтау жоспарланған. Мұнда осыдан 2 жыл бұрын Сығанақ көшесінен Ұлы Дала даңғылына дейін созылған сегіз жолақты магистраль ашылған болатын. Биыл бұл аумақ абаттандырылып жатыр. Бейсекова мен Тілендиев қиылысындағы көлік айрығын 2027 жылы іске қосу көзделіп отыр. Ал, Бейсекова көшесінің құрылысы 2028-2029 жылдары аяқталады.
Бауыржан Күмісбеков, «Астана қаласының көлік және жол-көлік инфрақұрылымы дамыту басқармасы» ММ бас маманы:
- Кіші айналма жолдың болашақта жалғасы Ақжол мен Конституция аймағында үлкен көлік айрығы арқылы қосу болып есептеледі. Дегенмен, бұл аймақта көптеген жылжымайтын мүліктер бар. Сол жылжымайтын мүліктерді сүру немесе сатып алу көп қаражатты талап етеді, Сол себепті жоба кішкене тоқтап тұр.
Ірі қалалардағы көлік жүктемесінің артуына урбандалу қарқыны себеп. Бүгінде елорда тұрғындарының саны 1,6 миллионнан асқан. Қала аумағы кеңейгенімен, жол инфрақұрылымы бұл өсімге ілесе алмай келеді. Сарапшылар мәселені шешу үшін халықаралық тәжірибеге жүгінуді ұсынады.
Алексей Алексеев, «За рулем» журналының бас редакторы:
- Қытай жылына шамамен 14 мың шақырым жаңа жол салады. Олар ауқымды жобаларды қысқа мерзімде аяқтайды. Сондықтан сол елдің тәжірибесіне сүйенсек болады. Сосын бізде қала шетінен орталыққа апаратын жолдар аз. Көбіне бір-екі ірі магистраль ғана бар. Сол себепті таңертең және кешке көлік ағыны ұлғаяды. Әрине, кептелісті толық жою мүмкін емес, алайда азайтуға болады. Мәселен, Лондон қаласында орталыққа кіру ақылы. Бұл көлік жүктемесін біршама азайтты. Ал Нью-Йоркте автотұрақтар аз әрі қымбат. Сондай-ақ қалада қоғамдық көлік пен метро желісі жақсы дамыған.
Кептелісті азайту үшін жол салумен қатар, қоғамдық көлікті дамытып, көлік ағынын тиімді реттеу де маңызды. Бүгінде елордада шамамен 400 мыңнан астам жеңіл көлік тіркелген. Бұдан бөлек, күн сайын қалаға мыңдаған көлік кіріп-шығып отырады. “Олардың саны артқан сайын, жолға түсетін жүктеме де күшейе түседі”, - дейді сарапшылар.
Дильназ Тұрғазыева, Арыстанбек Оспанов
Тегтер #Астана #кептеліс #қоғам #жаңалықтар #көлік қозғалысы #ҚазақстанPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz