RU
Толық нұсқаға өту

Президент: Каспий маңында қарулы күштердің қолданылуына жол беруге болмайды

22.04.2026, 19:19 24

Каспийде қарулы күш қолдануға тыйым салып, теңізді сақтау үшін мемлекетаралық бағдарлама әзірлеу қажет.

Сонымен қатар су тапшылығы мәселесін шешу үшін БҰҰ аясында Халықаралық су ұйымын құру маңызды. Бүгін елордада басталған Өңірлік экологиялық саммитте Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар стратегиялық бастаманы алға тартты. Президент климат пен экология мәселесін тек ұлттық деңгейде емес, өңірлік және жаһандық ынтымақтастық арқылы шешу қажет екенін де атап өтті.

Риат Шони, тілші:

- Бүгінде Орталық Азияны су тапшылығы, климаттың өзгеруі, жердің тозуы, ауа ластануы мен биоалуантүрліліктің азаюы алаңдатып отыр. Бұлар бір мемлекеттің шекарасымен шектелмейтін, баршаға ортақ түйткілдер. Бір өзеннің тартылуы бірнеше елге әсер етсе, бір аймақтағы экологиялық дағдарыс тұтас өңірге салмақ түсіреді. Осындай сын сағатта бас қосып, ортақ мәселелерді талқылау аса маңызды. Себебі табиғатқа төнген қатерді тек бірлік пен өзара жауапкершілік арқылы еңсеруге болады. Астана өтіп жатқан Өңірлік экологиялық саммит елдердің күш біріктіріп, нақты шешімдер қабылдауына жол ашатын алаң болып отыр.

Халықаралық жер күні бастау алған бұл саммит 55 елдің өкілінің басын біріктірді. Оның ішінде 9 мемлекеттің басшысы мен премьер-министрі бар. Осыдан-ақ жиынның ауқымын түсінуге болады.

Талқыланатын өзекті мәселе көп. Жер бетінде күннің жылынуы үлкен проблема. Көп жылдардан бері тау басында жатқан мұздықтар еріп, адамзат тіршілігіне қатер төндіріп тұр. Мұндай мәселелер ашық түрде талқылануы керек, дейді халықаралық қауымдастық өкілдері.

Рольф Пайет, Базель, Роттердам және Стокгольм конвенцияларының атқарушы хатшысы:

- Климат мәселесі – өте күрделі тақырып. Бұл жерде БҰҰ-ның көптеген ұйымдары, соның ішінде химиялық заттар және қалдықтармен айналысатын менің ұйымым да бар. Бір қарағанда, химикаттардың климаттың өзгеруіне еш қатысы жоқ сияқты. Алайда олардың байланысы тікелей. Мысалы, парник газдардың шамамен 20 пайызы  күнделікті өндіріп отырған қалдықтарымызға тиесілі. Бұл бағытта біз нақты әрекет ете аламыз. Өңір елдерімен бірлесіп жұмыс істей отырып, бұл мәселені шешуге мүмкіндік бар.

Орталық Азия елдері соңғы кезде бетпе-бет келіп отырған ендігі бір мәселе – су тапшылығы. Қазақстан тіршілік көзін көрші елдерден де алады. Бұл ретте Президент айтқан су дипломатиясының маңызы зор болып тұр.

Аликбек Джекшенкулов, саясаттану ғылымдарының докторы /Қырғызстан/:

- Бұл жөнінде Орталық Азия мемлекеттерінің арасында қызметтесу мәселесін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев не деп айтқан? «Тіресуден қызметтесуге өту керек» деп. Бұл өте маңызды. Су мәселесіне келгенде де осындай. Бүгінгі күні біздің үкімет, біздің министрліктер сөйлесулер, экологтар бәрі сөйлесіп, «қандай шешеміз?» деп іс-шара болып жатыр. Бірақ бүгінгі күні бір жақсы қадам жасалған осы Талас пен Тараздың ортасындағы Киров су қоймасы бар емес пе, осы мәселе бойынша келісім бар.

Судың да сұрауы бар. Дұрыс жүргізілмеген саясат бүкіл адамзат үшін үлкен экологиялық қасірет алып келуі мүмкін. Оған Арал теңізінің жағдайы дәлел. Қазір еліміз кешенді жұмыстардың арқасында теңіздің солтүстік бөлігін 36 пайызға дейін қалпына келтірген. Теңізге жан бітіп, тіршілік иелері де қайта оралды. Өзбек ағайындармен бірге құрғап қалған теңіз табанына сексеуіл ағаштары да отырғызылған. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Біз су ресурстары саласында жаһандық ықпалдастықты кеңейтуге басымдық береміз. Былтыр желтоқсан айында Ашхабадта БҰҰ агенттігі ретінде қызмет ететін Халықаралық су ұйымын құру жөнінде ұсыныс жасадым. Аталған бастама өте өзекті. Өйткені қазіргі кезде БҰҰ жаһандық басқарудың бірізділігі мен тиімділігін арттыру үшін мыңдаған мандатты қайта саралап жатыр. Бүгінгі саммит аясында бұл ұсынысқа қатысты халықаралық консультациялардың бірінші кезеңі өтетініне қуаныштымын. 

Президент: Каспий маңында қарулы күштердің қолданылуына жол беруге болмайды

Су мәселесін айта келе Қасым-Жомарт Тоқаев Каспийге ерекше тоқталды. Бүгінде оның да жайы мәз емес. Осы ретте Президент мүдделі халықаралық тараптарды теңізді сақтау жолында күш-жігер біріктіруге шақырды. Тағы мемлекет басшысы Каспий маңында қандай да бір қарулы күштердің қолданылуына қатаң тыйым салыну керектігін алға тартты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қазақстан Каспий теңізінің тартылуына жол бермеу үшін мемлекетаралық бағдарлама қабылдау жөнінде бастама көтерді, Каспий теңізі ғылыми-зерттеу институтын құруға ұйытқы болды. Аталған мекеме өңірлік деңгейдегі ғылыми ынтымақтастықты дамытуға ықпал етеді. Каспий маңында қарулы күштердің қолданылуына жол беруге болмайды. Оған қатаң тыйым салынуға тиіс.

Президент: Қазақстан экологияға заңнамалық деңгейде мән береді

Негізі еліміз экология мәселесіне жауапкершілікпен қарайды. Жаңа Конституциямызда да қоршаған ортаны қорғау мемлекеттік саясат пен азаматтық жауапкершіліктің негізгі қағидаттарының бірі ретінде айқындалды. Қазақстан қазіргі таңда жойылу қаупі төнген ұлы даланың киесі – ақбөкендерді қайта көбейтті. Қар барысының саны да екі есе өсіп, 190-ға жетті. 

Әлбетте ешбір ел жалғыз жортып, табысқа жете алмайды. Сондықтан аймақтық және жаһандық деңгейде күш жұмылдыруға баса мән береміз – дейді, Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Халықаралық серіктестермен бірлесіп, басқа да сирек кездесетін жан-жануарлардың, атап айтқанда, сұңқарлардың, Тұран жолбарысының және Пржевальский жылқысының популяциясын қалпына келтіруге кірістік. Орман алқаптарын ұлғайту Қазақстанның экологиялық күн тәртібіндегі басым міндеттерінің біріне айналды Соңғы бес жылда бір миллион гектардан аса аумаққа 1,5 миллиардтан астам ағаш ектік. Қазақстан барлық серіктестерін Сирек кездесетін жан-жануарлар түрлері мен биоалуантүрлілікті сақтау халықаралық қорына мүше болуға шақырады.

Өңірлік экологиялық саммит

Қоршаған ортаны қорғап, оны гүлдендірудегі ендігі бір игі бастама – ол «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы. Жалпыұлттық қозғалысқа миллиондаған ерікті қосылған. Осылайша, еліміз экологиялық сана қалыптастырып, азаматтық жауапкершілікті арттырып келеді. Осы қоршаған ортаны қорғау бағытында Қазақстанның халықаралық қауымдастық алдында алған өз жауыпкершіліктері бар. Мәселен, еліміз 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына жетуді міндет етіп отыр. Ал алады 4 жылда ірі энергетикалық нысандардан ауаға тарайтын зиянды шығарындыларды 35 пайызға дейін азайту жоспарланған. Бұл ретте айта кету керек, Көкшетау, Семей және Өскемен қалаларында бой көтеретін жылу орталықтары бірден таза көмір технологиясымен салынбақ.

Сұңғат Есімханов, ҚР Энергетика вице-министрі:

- Біздің экологиялық кодекстің талаптары өте қатаң деп айтуға болады, біздің әлемдік деңгейдегі, Еуропа деңгейіндегі талаптар. Сондықтан барлық технологиялар, барлық талаптар осы экологиялық кодекске сәйкес болады. Сондықтан бұл үш жылу орталығы да таза көмірмен, таза технологиямен салынатын жобалар. 

Президент орнықты келешек үшін қажетті негізгі қағидаттарды атады

Таразыда адамзаттың, әсіресе келер ұрпақтың болашағы тұр. Өңірлік экологиялық саммиттегі сөзін осылай деп түйіндеген Қасым-Жомарт Тоқаев орнықты болашақ үшін бірқатар басты қағидаларды ұстануға шақырды. Яғни шекараға қарамай нақты нәтижеге жететіндей бірлесе жұмыс істеп, ресурстар мен технологияларға әділ қолжетімділікті қамтамасыз ету. Себебі бұл тек экология мәселесі емес, болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілік. 

Риат Шони, Марат Диханбаев

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz