RU
Толық нұсқаға өту

Халықаралық Аралды құтқару қоры құрылтайшыларының отырысы өтті

22.04.2026, 23:00 22

Мемлекет басшысы Ақордада Халықаралық Аралды құтқару қоры құрылтайшы мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысын өткізді.

Президент бірлескен күш-жігердің арқасында Солтүстік Аралдың экожүйесін қалпына келтіруде оң нәтиже барына мән берді. Бүгінде Теңіздегі су көлемі 23 жарым текше шақырымға дейін ұлғайды. «Арал» геопаркі құрылды. Осының бәрі Аралдағы  әлеуметтік-экономикалық ахуалғағ әсіресе балық шаруашылығына жағымды әсер етті. Саммит қорытындысы бойынша Президенттер төрт маңызды құжатқа қол қойды.

Аралды құтқару мәселесі жылдар бойы аймақта да, әлемде де айтылып келеді. Бұл кең ауқымдағы халықаралық мәселе. Сол үшін де атқарылып жатқан жұмыстарға бірқатар мемлекет пен халықаралық ұйымдар назар аударып отыр. Осылай деген Президент басқосуда Арал теңізі бассейнінің экожүйесін сақтауды көздейтін ортақ шешімдер айқындалатынын атап өтті. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Бүгінгі кездесу өңірді орнықты дамыту қағидаттарына, прагматикалық және өзара келісілген экологиялық күн тәртібін ілгерілетуге бейіл екенімізді растайды. Осы жиында Қордың даму перспективасын талқылап, Арал теңізі бассейнінің экожүйесін сақтауды көздейтін ортақ шешімдерді айқындаймыз.  

Халықаралық Аралды құтқару қоры экологиялық мәселелердің шешімін табу үшін өңірдегі мемлекеттердің күш-жігерін ортақ арнаға ұйыстыратын бірден-бір институционалдық платформа. Қазақстанның төрағалығы Қордың тиімділігін арттыруға бағытталды. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Қор Арал теңізін құтқаруға бағытталған халықаралық қолдау шараларын шоғырландырып, бірлескен бастамаларды іске асыруда айтарлықтай рөл атқарады. Қазақстан Қорға төрағалық ету барысында барлық құрылтайшы мемлекеттердің қатысуымен көптеген өзекті міндеттердің шешімін табуға дәйекті түрде ықпал етті. Мысалы, су-энергетика саласындағы ынтымақтастық нығайып, жобаларды қаржыландыру тетіктері кеңейіп келеді. Халықаралық әріптестермен, соның ішінде БҰҰ құрылымдарымен, қаржы институттарымен және донорлармен ықпалдастық күшеюде. Халықаралық табиғатты қорғау бастамалары аясындағы жұмыс жанданды.

Мемлекет басшысы Арал маңындағы климаттың өзгеру мәселесіне тоқталды. Жауын-шашын азайып, құмды дауыл жиіледі. Жыл сайын ондаған млн тонна тұз ауаға тарайды. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Дүниежүзілік метеорология ұйымының мәліметіне сүйенсек, мұздықтар үшін кейінгі гидрологиялық жыл бақылау жұмыстары басталғаннан бергі ең нашар кезең болған. Мұздықтардың азаюы тұтас аймақтағы су қауіпсіздігіне қатер төндіруде. Келісілген және ұзақмерзімді шешімдер әзірлеген жөн. Стратегиялық тұрғыдан маңызды әрі ауқымды шешімдерді бірлесіп қабылдап, өнімді жұмыс істей алатынымызды әлемге паш етейік.

Нақты іске көшу керек. Мемлекет басшысы Қордың ортақ платформа ретіндегі рөлін нығайтуға шақырды. Сосын, су саласын цифрландыруды ұсынды. Сырдария мен Әмудария бассейндерінде мониторингтеудің автоматтандырылған жүйесін енгізу - басты міндет. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Қазақстан мен Өзбекстан Сырдария бассейніндегі он учаскені автоматтандыруға кірісті. Осы тәжірибені Арал теңізіндегі барлық бассейнге енгізуге болар еді. Қорды институционалдық тұрғыдан одан әрі дамыту мәселесі өзекті. Бұл үдеріс біршама созылып кетті деп ойлаймын. Біздің ойымызша, Қордың су шаруашылығы және энергетика комиссияларының отырыстарын ұштастырған жөн. Ең әуелі мемлекетаралық энергетика комиссиясының Сырдария өзені бассейніндегі жұмысын жолға қою орынды деп санаймыз.

Қатысушы Президенттер де сөз алды. Қордың Атқарушы комитетінің төрағасы Асхат Оразбай баяндама жасады. Саммит қорытындысы бойынша бірқатар маңызды құжатқа қол қойылды. 

Рухани Әбдірахман

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz