RU
Толық нұсқаға өту

Президент технологиялық алшақтықтың алдын алуға шақырды

04.05.2026, 19:00 29

Әлем технологиялық трансформацияның мүлдем жаңа кезеңіне қадам басты.

Осы тұста Қазақстан жаһандық даму көшінен қалып қоя алмайды. Алматыда шымылдығын түрген Gitex AI Kazakhstan форумы Жасанды интеллект саласының саңлақтары бас қосқан құр жиын емес, салмақты әрі стратегиялық міндетке бағдарланған жиын. Орталық Азия мен Кавказда экономиканың даму келешегі атауымен айдарланған бас қосуға Мемлекет басшысы баса мән беріп отыр. Форум аясында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңестің екінші отырысы өтті.

Берік Дүйсенбай, тілші:

- Алматы бүгін жарты әлемнің цифрлық астанасы десек артық айтпаймыз сірә. 60-тан астам мемлекеттен келген 300-ден аса стартап, 600 компания, 4 жарым мың компания жетекшісі мен он мыңның үстінде кәсіби маман осында жиналған.

Нұрмахан Закарин, "Astana Hub" қатысушыларды қолдау кеңсесінің директоры:

– Ең басты мәселе бұл шетелдік компанияларды Қазақстан нарығына енгізу емес, шетелден келген қонақтарға Қазақстанда қандай өнімдер бар, қандай стартаптар, идеялар жұмыс  жасап жатқанын көрсетіп, олардың масштабқа шығуына яғни нарықта өздерінің халықаралық аренадағы экспортты арттыруға мүмкіндік беретін бірден-бір жоба.

Әдетте жыл сайын Біріккен Араб Әмірліктерінде ұйымдастырлатын Джитекс платформасының тарихы 1981 жылдан басталған компьтерлік технологиялар көрмесінен тамыр тартады. Алайда уақыт талабына қарай оның ауқымы мен мақсаттары өзгерді, қазір 105 мемлекет осы технологиялық шаңырақтың астына топтасқан. Джитекс аясында көрме ұйымдастыру мәртебесіне ие болу үшін цифрлық даму жолындағы елдер кезекке тұрады. Бірақ Қазақстанды өздері таңдаған.

Ричард Стирлинг, "OXFORD INSIGHTS" Бас директоры, ЖИ саласындағы халықаралық сарапшы:

- Қазақстан биыл Oxford Insights әзірлеген жаһандық AI Readiness Index рейтингінде 16 орынға көтерілді. Бұл керемет жетістік. Осы қарқынды сақтау үшін биыл қалыптастырылған мықты негіздерге сүйену керек. Атап айтқанда сіздерде ЖИ министрлігі бар. Арнайы заң қабылданды. Сондай-ақ ЖИ кеңесі құрылып, мықты сарапшылар тартылды. Сондай-ақ Қазақстан үшін сенім мен деректерге негізделген Эстондық X-Road, мемлекеттік қызметтерді терең сараптамалар негізінде түбегейлі жаңғыртатын  Сингапурлық GovTech және Біріккен Араб Әмірліктерінің Group 42 сияқты ұйымдардың деректер орталығын тоғыстырған тәжірбиесі өте маңызды.

Адамның күні адаммен десек, технология тәжірбиемен сыналады. ЖИ негізіндегі отандық ғылымның игіліктері осы көрме алаңында менмұндалап тұр. 

Саясат Нұрбек, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі:

– Электромобильдердің толқыны келді Қазақстанға бізге. Соларды жөндейтін, қызмет ететін инженерлерді даярлауымыз керек. 3 жылдың ішінде біздің үлкен солндай бір жетістігміз: студенттеріміз осы технологияларды үйреніп, қорытып, осындай автопилолтты алты көлікті жасап шықты.

Берік Дүйсенбай, тілші:

- Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университеті базасындағы Лубань шеберханасынан шыққан Қазақстан мен Қытайдың ортақ жобасы бұл. Мына көліктің басы қытайдыкі болса, миы, ойым мен көзі яғни интелектуалдық алгоритмдері біздікі. Жүргізушісіз жүретін көлік Лидар жүйесі арқылы, ЖИ көмегімен өзін өзі басқарады. Кедергіні, қауіпті, жылдамдық пен жалпы көше қозғалысының ырғағын толық сезіне алады. Қазір елдегі ірі такси компанияларына сынаққа шығарылуда.

Қазіргі инновациялық өзгерістерді өткен ғасырлардың технологиялық революциялармен де салыстыруға келмейді. Бүгінде физикалық болмыс пен цифрлық кеңістік арасындағы шекара жойылып барады. Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңестің екінші отырысына қатысқан мемлекет басшысы көштен қалып қоймаудың қаншалықты маңызды екенін осылай деп тәпсірледі. Себебі, бүгінде экономиканың әлемдік ІЖӨ-дегі үлесі 15 пайыздан асып барады. Сондықтан алғашқы қадам қазіргі жағдайды шынайы бағалаудан басталуы тиіс. Капитал да, технология да көшбасшы елдердің қолында болғандықтан, инновациялық алшақтықты қысқарту оңай емес.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті:

- Уақытылы әрі батыл шешім қабылдамаса, ертең «технологиялық алшақтықты» қысқарту қиынға соғады. Бұл Қазақстан үшін алаңдатарлық ахуал. Қазіргі жағдайды егжей-тегжейлі саралап, нақты интеллектуалды өнімдер жасауға қабілетіміз қаншалықты жететінін анық түсіну керек. Еліміз классикалық «Орта табыс дағдарысына» тап болды деген сарапшылардың пікірімен келіспеске амал жоқ. Мұндай кезде табиғи ресурстар мен арзан жұмыс күші секілді дәстүрлі ресурстар сарқыла бастайды, ал экономикалық өсімге серпін беретін жаңа салалар тиісті деңгейде дамымайды немесе іске қосылмайды. Экономиканың тұралауына жол бермеу үшін үлкен цифрлық платформалар құру қажет. Сол арқылы цифрлық экономикаға жедел ауысу амалын іздеген дұрыс.

Кеңес отырысында президент мемлекеттік деректердің бірыңғай жүйесін құрмай даму болмайтынын атап өтті. Бірақ бұл болашақ бұлыңғыр деген сөз емес. Президент цифрлық теңге, криптовалюта, жалпы цифрлық актитвтерді дамыту т.б. бағыттардағы еліміздің жетістіктеріне де тоқталды. Кеңес отырысына қатысқан сарапшылардың пайымынша біздің елде орасан зор әлеует пен табиғаттың өзі бере салған артықшылықтар бар. Тек пайдалан.

Олаф Грот, "CAMBRIAN FUTURES" консалтинг компаниясының бас директоры, ЖИ саласындағы халықаралық сарапшы

- Қазақстанның табиғи артықшылықтарға арқа сүйей алады. Мысалы, минералды ресурстарды тек өндіру ғана емес, оларды өңдеуде ЖИ қолдану маңызды. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы саласын алсақ. Теориялық тұрғыда Қазақстан 400 миллион адамды азық-түлікпен қамтамасыз ете алады. Бұл салада ЖИ қолдану өте маңызды. Логистика саласына келсек, ЖИ арқылы Қазақстан Шығыс пен Батыс арасындағы транзиттік хаб ретінде логистиканы қосымша құн әкелетін салаға айналдыра алады. Қазақстан өз артықшылықтарын дұрыс пайдаланып, жаһандық деңгейде өзін дұрыс позицияласа, онда ол әлемдік масштабқа шыға алады.

Ол үшін ғылымнан нарыққа дейінгі кезеңдерді түгел қамтитын тізбек жасалып, цифрландыру тиімділігін арттыру үшін өлшемді көрсеткіштер керек дейді президент.

Қасым-Жомарт, Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті:

- Шын мәнінде парадигмалар түбегейлі өзгеріп жатыр. Бізге деректерді, үдерістер мен адамдарды біріктіретін біртұтас жүйе құру қажет. Осындай негіз қалыптасқанда ғана пилоттық шешімдермен шектелмей, жасанды интеллектіні экономиканың барлық секторына енгізуге жол ашылады. Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңес, ең алдымен, экономика және цифрлық платформа саласында келісілген тәсілдер әзірлеп, озық тәжірибелермен алмасу үшін құрылды. Осыған орай Кеңестің келесі отырысында жасанды интеллектіні өнеркәсіпке енгізу мәселесін қарастыру қажет деп ойлаймын. Өйткені өндіріс – қосылған құны жоғары өнім өндіретін және жаңа технологияны сынап көретін ең басты алаң.

Кеңес отырысынан соң Мемлекет басшысы мен жиынға қатысқан мәртебелі меймандар жүздеген стратаптар мен венчурлық компаниялардың өнімдері қойылған көрмені аралап, технологиялық кереметтерді тамашалады.

Берік Дүйсенбай, Әлібек Әлиев, Дулат Ентебеков

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz