Қазақстандықтар кейде зейнетақы жинақтарының сомасы азайғанын байқап жүр.
Бұл неліктен? Біресе көбейіп, бюіресе азаюдың сыры неде? Сарапшылар да мұндай мәселе барын растады.
Айталық, наурыз айындағы инвестициялық табыс 240 млрд теңгеге азайған. Осыған байланысты жинақ мөлшері де уақытша өзгерді. Ендігі жағдай қалай құбылады? Жинақтан қағылмау үшін не істеу керек?
Зейнетақы активтерінің 40%-дайы шетел валютасында инвестицияланды. Біле жүріңіз, біздің зейнетақы қаражатымыз жай жатпайды. Сарапшылар жинақтың бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры және 5 жеке басқарушы компаниялар арқылы түрлі айналымға түсетінін айтады.
Кейін ол нарық факторларының әсеріне қарай, өсіп не төмендеп отыруы мүмкін. Қаржыгер Әйгерім Ілиясова валюта бағамының құбылуы жинаққа ықпал ететінін жеткізді. Яғни дәл қазір Таяу Шығыстағы ахуалға байланысты мұнай бағасының өсуі теңгенің нығаюына себеп болып отыр. Теңге берік болған сайын активтер құны төмендейді. Теңге бағамы әлсіресе, керісінше өседі.
Асан Ахметжан, ҚР Ұлттық Банкінің баспасөз хатшысы:
- Жыл басынан бері теңге бағамы нығайып келеді. Соның нәтижесінде инвестициялық портфельдің 38,9% болатын валюталық активтері қайта бағаланып, нәтижесі теріс мәнде шықты. Бухгалтерлік есеп стандарттарына сәйкес бағамды қайта бағалаудың мұндай теріс мәні уақытша іске асырылмаған табыстың төмендеуі ретінде көрсетіледі. Валюта нақты теңгеге айырбасталмайынша бұл өзгерістер тек есептік сипатта болады және нақты шығынды білдірмейді. Яғни қаражаттың азаюы деп саналмайды.
Зейнетақы жинағының дені БЖЗҚ сақталған
Демек жинақ сомасы валюта бағамы, нарықтағы жағдай және инвестициялық стратегияға қарай құбылады. Өйткені активтердің өзі — акциялар бойынша дивиденд, облигациялар бойынша купондық төлем, сондай-ақ тұрақты зейнетақы жарналары арқылы қалыптасады.
Наурызда инвестициялық табыс 240 млрд теңгеге аз болғанын айттық. Бұған қор немесе жеке басқарушы компаниялардың инвестициялық стратегиясы ықпал еткені сөзсіз. Сарапшылар Ұлттық банктің әдетте тәуекелі төмен консервативті саясат ұстанатынын айтады. Ал жеке басқарушы компаниялар неғұрлым агрессивті стратегияларды таңдауы мүмкін. Бұл жоғары табыс әкеледі, дегенмен тәуекел де жоқ емес. Әзірге қазақстандықтар жинағын мұнда бағыттауға асықпай отыр.
Зейнетақы жинағы 100% ЖБК өтуі мүмкін
Әйтсе де, елде зейнетақы жинақтарын түгел жеке басқарушы компанияларға сенімгерлікке беру ұсынылды. Бұл бастаманы Ұлттық Банк төрағасы қолдап отыр. Тимур Сүлейменов: «Егер заңнамалық деңгейде шешім қабылданса, бұл болашақ зейнеткерлерге таңдау мүмкіндігін береді. Сонымен қатар бағалы қағаздар нарығына оң әсер етеді. Егер жеке қор көбейсе, бәсекелестік артып, активтерді басқарудан салымшыларға көбірек табыс әкелуі мүмкін», - дейді. Әзірге жинақтарыңыздың жартысын өткізіп көрсеңіз болады.
Әйгерім Ілиясова, қаржыгер:
- Қаржылық сауаттылығы жоғары, құнды қағаздар нарығын жақсы білетін және жеке басқарушы компаниялардың инвестициялық стратегиясын жақсы түсініп, өзіне лайықты стратегияны таңдай алатын адамдарға бұл жақсы мүмкіндік. Ал құнды қағаздар нарығын түсінбейтін адамдарға бүкіл жинақтарын Бірыңғай қорда ұстай беруге болады.
Зейнетақы жинағына кепілдік бар
Қаржыгерлер дәл қазір алаңдауға негіз жоқ дейді. Өйткені «Ұзақ мерзімді перспективада жинақтар тұрақты жарналар мен инвестициялық табыс есебінен өседі. Ал мемлекет инфляция деңгейін ескере отырып зейнетақы жинақтарының сақталуына кепілдік береді». Жеке басқарушы компанияларда да кепілдік бар, бірақ басқаша.
Әйгерім Ілиясова, қаржыгер:
- Ол әртүрлі белгіленген құнды қағаздардың орташа корзинасы деп айтуға болады. Сол орташа көрсеткіштен табыс төмен болмауы керек. Ал енді ол көрсеткіш инфляциядан төмен болуы мүмкін. Кейбір кезеңдерде ол минусқа да кетуі мүмкін. Нарықтың құбылуына қарай. Алайда кейбір кезеңдерде табысы өте жоғары инфляциядан жоғары, ұлттық қордан жоғары болуы мүмкін. Сондықтан әр адам өзіне лайықты стратегияны таңдай алады.
Жинақ есебінен үй алғандар көбейді
«Қарттық шаққа, қарашаңырақта отырып жетейін» дейтіндер де аз емес. Әсіресе ипотека рәсімдеу қатаңдайды дегенді естігелі, азаматтар жинақтарының бір бөлігін шешіп алуды үдетті. Сәуірде түскен өтініш көлемі 66 млрд теңгеге жетті. Бұл алдыңғы айдан 33 пайыз көп.
Тегтер #зейнетақы #сома #сарапшылар #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz