RU
Толық нұсқаға өту

Алматыда LRT салынады

19.05.2026, 07:20 62

Астанада LRT жүріп, жұрт көзайым. Кішкентайлар да, үлкендер де мініп көріп жатыр.

LRT енді қаланың сол жағалауын кесіп өтіп, елорда әуежайы мен вокзалды жалғап қана қоймайды, Қосшы қаласына дейін созылады. Қазір Қосшыға дейінгі аралықта құрылыс қызу. Алғашқы бағаналар да бой көтерді. 

Сосын LRT Астана ғана емес, Алматыға да, одан қалды Шымкентте де салынады. Алматыдағы құрылыс биыл басталуға тиіс. Жоба мемлекеттік сараптамадан өтіп жатыр.

Күн сайын кептелісте тұрып шаршаған алматылықтар үшін жағымды жаңалық. Қалада LRT салынады. Бұл туралы Алматы әкімдігі мәлімдеді. Жоба мемлекеттік сараптамадан өтіп жатыр. Оның нәтижесі маусым айында шығады. Сабақты ине сәтімен. Құрылыс биыл басталып кетуі мүмкін. Жобаның алғашқы кезеңінде бағыт мынадай болады. LRT депосы Алатау ауданындағы индустриалдық аймақта орналасады. Содан жеңіл рельсті көлік Момышұлы көшесінің бойымен Төле би көшесіне, одан әрі Абылай хан даңғылы арқылы екінші теміржол вокзалына дейін барады. Жалпы ұзындығы 18 шақырымнан асады. Бұл LRT -ның бір ерекшелігі - бетон бағаналар қажет емес. Яғни эстакадамен емес, жердегі рельспен жүреді. Қазір қалада ескі трамвай рельстерін алу және инженерлік желілерді қайта құру жұмыстары жүріп жатыр.

Данияр Надырханов, Алматы қаласы Жол инфрақұрылымын дамыту басқармасының бөлім басшысы:

- Биыл жазда бастау жоспарланып отыр. Биыл басталса, аяқталу мерзімі 2027 жылдың желтоқсанына дейін аяқтау көзделген. Астананың LRT-сынан айырмашылығы - біздің қаладағы LRT жердің бетімен жүреді. Ешқандай эстекадамен жүрмейді. Бұрынғы, кәдімгі біздің трамвайлар сияқты жердің бетімен жүретін болады.

Алматыда LRT салынады

Егер жобаның алғашқы кезеңі кестеден кешікпей, келесі жылы аяқталса, бірден екінші кезеңі басталады. Онда желіні қаланың батысындағы көлік торабына және шығыс қақпаға қарай бағыттау көзделген. Бас-аяғы тағы 13 шақырымға ұзарады. Екі кезеңді қоса алғанда, LRT құрылысына қанша қаражат жұмсалатыны мемлекеттік сараптамадан кейін белгілі болады. Әкімдік мамандары осылай жауап берді. Ал құрылыс жұмыстарын бас мердігер ретінде отандық компания жүргізеді. Дегенмен шетелдік тәжірибелі кадрлар да тартылады. LRT -ның әрбір вагон жиынтығы 350-400 орынға арналған. Сала мамандарының болжауынша, алғашқы кезеңнің өзінде күн сайын 100 мың адам тасымалдауға болады.

Данияр Надырханов, Алматы қаласы Жол инфрақұрылымын дамыту басқармасының бөлім басшысы:

- Бірінші кезең мен екінші кезең іске асатын болса, қаланың батыс шекарасы мен шығыс шекарасы Алматы облысымен қосылады. Сол кезде бізге Қаскелең, Ұзынағаштан келетін адамдарға машиналарын ауыстырып міну торабына тастап, сол LRT желісі және метро желісі бұл торапта келеді. Адамдарда таңдау болады.

LRT құрылысы Қосшыға беттеп барады

Астаналықтар ғана емес, Қосшы қаласының тұрғындары да LRT -ның қызығын көретін күн алыс емес. Қазір құрылыс қызу, Астанаға дейінгі жолдың бойында бетон бағаналар тұрғызылып жатыр. Жобаны LRT-ның бастапқы кезеңін аяқтаған қытайлық компания жүзеге асырады. Қаржыландыру мәселесі толық шешілгенге дейін мердігер ұйым екінші желі құрылысын өз қаражаты есебінен жалғастырады. CTS басшысы Асылбек Дүйсебаев осылай деді. Сонымен қатар Астанада LRT-ны қаланың оң жағалауына және Астана-1 теміржол вокзалына дейін ұзарту жоспарланып отыр. Оның ұзындығы 26 шақырымға дейін жетеді.

Шымкентте LRT салынуы мүмкін

Иә, LRT мегаполистер үшін маңызды көлік. Кептелісте тұрмайды, қауіпсіз әрі тез қозғалады. Бағасы да таксиге қарағанда әлдеқайда арзан. Астана мен Алматыдан кейін мұндай көлік желісі Шымкентте салынуы мүмкін. Мәліметті қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ролан Ибрагимов растады. Оның айтуынша, қазір Шымкенттің Бас жоспарына ЛРТ жобасын енгізу жайы пысықталып жатыр.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz