Қазақстандағы алғашқы атом электр станциясының бірінші энергоблогы 2034 жылы іске қосылуы мүмкін.
Бұл жайында бүгін Ресей басшысы Владимир Путиннің елге жасаған мемлекеттік сапары барысында мәлім болды. Солтүстіктен келген мәртебелі мейманды Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бар сән салтанатымен қарсы алып, екі жақты ынтымақтастық жайын кеңінен талқылады. Жалпы Қазақстан мен Ресей байланысы тек саяси диалогпен немесе дәстүрлі сауда-саттықпен шектелмейді. Қазір серіктестік ауқымы технология, логистика, цифрландыру және инфрақұрылым салаларын да қамтып отыр. Бұл бағытта тараптар бірлескен ауқымды жобаларды да жүзеге асыруды жоспарлап отыр.
Риат Шони, тілші:
- Қазақстан мен Ресей тағдыры тоғысқан, географиясы ғана емес, экономикалық мүддесі де өзара астасқан екі мемлекет. Еуразия кеңістігіндегі бұл көршілік байланыс тек шекаралық қатынаспен шектелмейді. Ол ғасырлар бойы қалыптасқан сауда, мәдениет, өндіріс және адами қарым-қатынастың күрделі әрі терең жүйесі. Бүгінде Қазақстан мен Ресей арасындағы ынтымақтастық стратегиялық серіктестік деңгейінде дамып келеді. Екі елді әлемдегі ең ұзын құрлықтық шекаралардың бірі байланыстырады. Бұл тек картадағы сызық емес, экономикалық байланыстардың, логистикалық мүмкіндіктердің және өзара тәуелді өндірістік тізбектердің символы.
Халықаралық қатынастағы ерекше жағдай. Ресей басшысы Владимир Путин бір президенттік мерзім ішінде Қазақстанға осымен екінші мәрте мемлекеттік сапармен келіп отыр. Әдетте жоғары деңгейдегі бұндай сапар бір мәрте ғана жасалады. Бірақ теріскейлік көршіміз үшін біздің аймақтағы стратегиялық роліміз маңызды.
Ермек Көшербаев, ҚР Сыртқы істер министрі:
- Протокол догма емес. Протокол бұл жағдай жасауға беріліп отырған мүмкіншілік. Бүгін дипломатияның арқасында бірталай мәселелерді шешіп отырмыз.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин осыған дейін 38 рет жеке жүздескен. Ал Ресей басшысы ең көп барған елдердің көшін Қазақстан бастап тұр. Солтүстіктегі көршімізбен әлемдегі ең ұзын құрлық шекарасы бөліп тұрғаны ғана болмаса, сан саладағы байланысымыз тығыз. Десе де, талқылап шешетін мәселелер жетерлік. Оны тараптар шағын құрамдағы келіссөз барысында әңгіме қылды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Біз достас, бауырлас елдерміз. Ортақ бай тарихымыз бар, мәдени дәстүрлеріміз бен халықтарымыздың менталитеті бір-біріне ұқсас. Кешегі бейресми кездесуде ол жөнінде егжей-тегжейлі айтып, өткенді еске алдық. Ресей үшін де мұның мәні ерекше деп ойлаймын. Біз халықтарымыздың түпкілікті мүддесіне сай жұмыс істейміз. Азаматтарымыз мемлекеттеріміздің достығы мен ынтымағы сақталғанын қалайды. Одан әрі өркендеу үшін баршамызға бейбітшілік қажет.
Владимир Путин, Ресей Федерациясының Президенті:
- Былтыр бізге мемлекеттік сапармен келгеніңізге қуандық. Сол кезде ғасырлар бойы, соның ішінде бір мемлекет аясында қалыптасқан халықтарымыз арасындағы берік достық пен өзара құрметке негізделген стратегиялық серіктестігімізді кеңейту бағытында тағы алға қарай қадам жасадық. Бүгін де жемісті жұмыс атқарамыз деп ойлаймын.
Қоңсылас қос ел арасында шешілмеген мәселе жоқ. Тек оң динамика байқалады. Ендігі міндет оның қарқынын бәсеңдетпей, әрі қарай дамыта түсу.
Қазір Ресей Қазақстанның ең ірі инвесторларының бірі саналады. Осы жылға дейін теріскеден тартылған инвестиция көлемі 30 млрд долларға жуықтады. Ресейліктердің қатысуымен 70 ірі жоба жүзеге асып жатыр. Оның арқасында Қазақстанда 60 мыңнан астам жаңа жұмыс орыны құрылған.
Инвестициялық серіктестік
Ресей инвестициясы - $29,4 МЛРД
70 ірі жоба
бірлескен компаниялар - 40%+
60 мыңнан астам жұмыс орыны
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Қазақстанның Ресей экономикасына салған қаржысы 9 миллиард доллардан асты. Бұл өте жақсы көрсеткіш, екі ел президенттерінің әкімшіліктері мен үкіметтерінің бірлесе атқарған жұмысының нәтижесі. Осы қарқынды ары қарай жалғастыруға уағдаластық. Бүгінде инвестицияның жалпы көлемі 53 миллиард доллар болатын 177 бірлескен жобаның пулы жасақталды, оның ішінде 122-сі іске асты, яғни операциялық кезеңге өтті.
Қазақстан мен Ресей арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстар да жоғары деңгейде. Бүгінде көрші елде біздің 60 мыңнан астам студентіміз білім алып жатыр. Ынтымақтастықты арттыру мақсатында «Сириус» жобасы қолға алынған. Алматыда аталған орталық бойы көтеретін жерге алғашқы капсула биыл қаңтар айында салынған еді. Енді бүгін екі ел басшыларының қатысуымен дәл осындай шара Астана төрінде де өтті.
Жұлдыз Сүлейменова, ҚР Оқу-ағарту министрі:
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың жалпы дарынды балаларды іздестіріп, сол балаларды дамытуға арналған тапсырмасының аясында Алматы және Астана қалаларында «Қазақстан Сириус» білім инфрақұрылымы жұмысы басталып жатыр. Бұл жерде жалпы қазақстандық оқушылар физика, химия, биология, математика, ғарыш туралы, сонымен қатар өмір туралы ғылымдарды терең зерттеу, зерделеу арқылы осындай жаңа мектеп, жаңа ғылыми парк құрылысы болады. Ол жерде соңғы ғылымдағы тың нәтижелер жүзеге асырылатын болады.
Енді келешекте қазақстандық балалар осы «Қазақстан Сириус» мектебінде IT бағытты да терең меңгере алады. Қазір сандық жүйе сан салаға енгізіліп жатыр. Сондай бағыттың бірі логистика. Жасыратыны жоқ, Еуразиядағы көлік байланысы көбіне Қазақстан мен Ресейге тәуелді. Елдеріміз арқылы өтетін дәліздерді дамыту ісі қарқын алған. Соның айқын бір мысалы – ол мемлекеттер арасында жүргізушісіз жүк көліктерінің қозғалысын іске қосу. Яғни Мәскеу мен Астана арасындағы ұзындығы 3 мың шақырымға жуықтайтын тас жолдың кей бөліктерін жүк көлік жүргізушісіз еңсеретін болады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Қазақстан мен Ресей Солтүстік-Оңтүстік, Шығыс-Батыс құрлықаралық дәліздерін дамыту жолында жемісті жұмыс атқарып жатыр. Тарифтерді оңтайландыру, әкімшілік рәсімдерді қысқарту, шекара маңындағы және басқа да инфрақұрылымды жаңғырту үшін жүйелі шаралар қабылданғаны қуантады. Соның нәтижесінде жүк тасымалы тұрақты түрде артып келеді, былтырғы қорытынды бойынша 92 миллион тоннаға жетті. Бұл шамамен 3,4 пайыз өсімді құрайды. Аталған көрсеткіштерді ұлғайту жоспарланған.
Қос ел энергетика саласында да тығыз байланыс орнатқан. Қазақ жеріндегі алғашқы Атом электр станциясын да ресейлік Росатом бастаған халықаралық консорциум салады.
Бүгін Путиннің сапары барысында жобаны қаржыландыру үшін Қазақстан Үкіметіне мемлекеттік экспорттық несие беру туралы келісімге қол қойылды. Енді келер жылдан бастап АЭС құрылысы қарқынды түрде жүргізілетін болады. Ал оның алғашқы энерго блогы 7 жылдан кейін іске қосылады.
Алмасадам Сәтқалиев, ҚР Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің төрағасы:
- Негізі атом электр станциясының құрылысы 10 жылға дейін созылады. Бірақ біз ресейлік әріптестермен бірлесе бірінші энергоблокты 2034 жылы іске қосамыз деп жоспарлап отырмыз.
Қос тарап бірлесе жүзеге асырып отырған тағы бір маңызды жоба – ол Тұран жолбарысының популяциясын қалпына келтіру. Ресей басшысының осы сапары аясында Қазақстанға 4 Амур жолбарысы әкелінді. Бұл Орталық Азияда мекен еткен жыртқыштың ең жақын әрі генетикалық туыстас түрі. Ғалымдардың пайымдауынша, ДНҚ ұқсастығы 95 пайызға сәйкес келеді. Жолбарыстарды қайта жерсіндіру үшін «Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи резерваты құрылып, осы аумақ аңдарға қолайлы деп таңдалған.
Александр Козлов, РФ Экология және табиғи ресурстар министрі:
- Қазақстандық әріптестер бұл іске асқан жауапкершілікпен қарайды. Жолбарыстар үшін таңдалған аумақ жыртқыштар үшін де, жергілікті халық үшін де қауіпсіз, әрі ыңғайлы. Аңдарды қадағалайтын жауапты адамдар тобы да құрылған. Қазақстан Тұран жолбарысының популяциясын қайта қалпына келтіреді деп сеніммен айта аламын.
Жалпы Ресей басшысының Қазақстанға жасаған осы жолғы сапары барысында тараптар сан-саланы талқылап, оннан астам келісімге қол қойды. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин қос ел арасындағы қарым-қатынастарды одан әрі нығайту мақсатында «Қазақстан және Ресей халықтары арасындағы достық пен тату көршіліктің жеті негізі туралы» бірлескен мәлімдеме қабылдады.
Риат Шони, Марат Диханбаев
Тегтер #Қазақстан #Ресей #атом электр станциясы #бейбітшілік #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz