RU
Толық нұсқаға өту

ЕАЭО елдері жасанды интеллектіні бірлесе дамытады

28.05.2026, 23:38 49

Алдағы он жыл ішінде жасанды интеллектіні қолдану әсерінен әлемдік ішкі жалпы өнімнің өсімі 7 триллион долларға жақындауы мүмкін.

Алайда дүние жүзіндегі жұмыс орындары 40 пайызға дейін қысқарады. Халықаралық сарапшылар осындай болжам жасаған. Нейро-желінің ықпалынан экономиканың барлық секторындағы еңбек нарығының құрылымы түбегейлі өзгереді. Астанада өткен V Еуразия экономикалық форумда, Қасым-Жомарт Тоқаев серіктес елдер осы өзгерістің алдында болуы керек деп, бірнеше ұсыныс жеткізді. 

Еуразияның назары тағы Астанаға ауды. Шаһарда саяси тіршілік қайнайды. Қалаға 8 мемлекеттің жоғары лауазымды өкілдері жиналған. Олардың төртеуі Президент. Осыдан ақ ауқымды аңғару қиын емес. 

11 жыл ішінде Одақ өзінің тиімді тұстарын көрсетті. Мұны статистикалық деректерден байқауға болады. Қазақстанның серіктес мемлекеттермен өзара сауда, экспорт, инвестция көлемі шамамен екі есе ұлғайған. Сандардан серпілісті көрсетеді. Ал 2025 жылы 2015 жылмен салыстырғанда ЖІӨ-нің номиналды өсімі 65,9%-ды құрады.

Енді бірлестік алдында маңызды міндет тұр. Елордаға келген саясаткерлер сол үшін алакеуімде Конгресс орталығына ағылды. Олар еуразиялық интеграциядағы технологиялық үдерістің келешегін анықтауы керек. Не нейрожеліні бірлесе дамытамыз, не жасанды интелектінің игілігінен құр қаламыз.

Отырыстың шымылдығын Қасым-Жомарт Тоқаев ашты. Ә дегеннен бірлестікті жаңа белеске шығаруға көмектесетін ойын ортаға салды. Жиын геосаяси дүрбелең шақта өтіп жатыр. Сыны мен міні көп кезеңде де үйлесімді іс-қимыл арқылы сан саланы серпілтуге болады. Президент Одақтың әлеуетін арттыруды стратегиялық маңызды міндет деп атап, көп ұзамай ойын жаңарады деген астарлы пікір қалдырды. Ал жаңа ойынның ережесі технологиялық төңкеріске байланысты түрленеді. Бұл мәлімдеме форум тақырыбының өзектілігін артыра түсіретіні анық.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Аз да болса амбициясы бар елдердің келешегі аталған мәселені қаншалықты табысты шешуіне тікелей байланысты десек, артық айтқандық емес. Дәл осы себепті Қазақстан Еуразиялық экономикалық одақ органдарына төрағалық еткен жылы Одақ аясында елдеріміздің бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін жасанды интеллект технологияларын «төрт еркіндік» қағидатының құралы ретінде нақты қолдануды ұсынды.

Ал саланы бірлесе дамытудың пайдасы қандай? Біріншіден, салық және кедендік әкімшілендіру саласындағы заңдарды үйлестіру оңай болады. Бұрын бұл процесс жарты жылға дейін созылатын. Ал жасанды интеллект жаңа ұсыныстардың қолданыстағы нормаларға қайшы келетінін тез анықтай алады. Сондай-ақ бұл зерттеу жұмыстарына пайда түсіреді. Кейін ғылыми жұмыс өндіріске келеді.

Дмитрий Мун ,ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі:

- Елдер өз деректерін анонимді форматта біріктірсе, ғылыми-зерттеу институттары оларды зерттеуге пайдалана алар еді. Мұндай модельдер біздің жерімізді, климатымызды, температуралық ерекшеліктерімізді түсініп, фермерлерге нақты кеңестер бере алады. Соның арқасында өнімділікті, мысалы, 5%-ға дейін арттыруға мүмкіндік туады. Қазіргі таңда әлемнің барлық елдерінде цифрлық деректері аз салалар бар. Әдетте бұл ауыл шаруашылығы мен өндіріс. 

Қазақстанның бұл саладағы жетістіктері мол. Ақылды платформаларды мемлекеттік басқару жүйесі мен экономиканың негізгі секторларына табысты енгізіп жатыр. Енді осы тәжірибені серіктестермен бөлісуге дайын. Бірақ бір талап бар. Технология өзара тиімді жұмысты жеңілдету керек. Президенттің ұсыныстары мынадай.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті: 

- Жаңа технологияларды, әсіресе жасанды интеллектіні сауда және логистика саласына белсенді енгізу аса маңызды. Кедендік рәсімдерді жеделдету мақсатында ұлттық цифрлық жүйелердің байланысын күшейткен жөн. Бұл нақты уақыт режимінде барлық құжатты тез өңдеуге, кедергілерді анықтауға және жүк ағындарын болжауға мүмкіндік береді. Электрондық цифрлық қолтаңбаны өзара тану бизнес шығындарын айтарлықтай азайтып, ЕАЭО кеңістігіндегі алыс-берісті арттыруға көмектеседі.

Одан бөлек өнеркәсіп кооперациясын кеңейту мен агроөнеркәсіп кешеніне де интеллектуалды жүйелерді енгізу туралы айтылды. Тек аққу, шортан һәм шаянның күйін кешпеу маңызды. Мұны Президент қадап айты. Жаңа технологиялар Еуразиялық экономикалық одақ мүшелері арасындағы «цифрлық алшақтыққа» себеп болмауы керек деп, керісінше, ынтымақтастықтың қуатты құралына айналуға тиіс екенін жеткізді. Сөз соңында бүгін қабылданған бірлескен мәлімдеме жайлы айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Бүгін біз 2025 жылдың желтоқсанындағы менің ұсынысыма сәйкес, Жасанды интеллектіні жауапкершілікпен дамыту жөніндегі бірлескен мәлімдемені қабылдаймыз. Аталған құжаттың басты мақсаты – Одаққа мүше елдердің экономиканың негізгі секторларын цифрландыруға қатысты ортақ ұстанымын қалыптастыру және бір-бірінің мүддесін ескере отырып, жасанды интеллект технологияларын қауіпсіз енгізуді қамтамасыз ету. 

Бұдан кейін сөз кезегі Беларусь Президентіне келді. Александр Лукашенко алдымен күрсінді… 

Кейін Қасым-Жомарт Тоқаевтан кейін сөйлеуге қымсынды.

Александр Лукашенко, Беларусь Президенті

Беларусь басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасын қолдап, саланы бірлесе игеруге келісті. Жасанды интелект адамды ауыстырмайды, керісінше жүгін жеңілдетуге тиіс екенін айтты. Ал Владимир Путинның пікірі бұған керіағар. Ресей Президенті адамды ауыстыру қазірден басталып кеткенін айтып, жағымсыз болжаммен бөлісті. 

Владимир Путин, Ресей Президенті:

- Ресей ЖИ саласында серіктестермен күш біріктіру орасан зор нәтиже бере алатынын түсінеді. ЖИ қазірдің өзінде төменгі буындағы қызметкерлерді алмастырып жатыр, болашақта бұл орта буын қызметкерлеріне де әсер етуі мүмкін. Әлемдегі миллиондаған адамдардың мамандығын ауыстыруға мәжбүр болуы да ғажап емес. Алдағы өзгерістерге дайын болу керек, тіпті оларды экономикалық өсудің қозғаушы күші ретінде пайдалану қажет. 

Бекзат Аманов, тілші:

- Бұл зал еуразиялық интеграцияның келешектегі бағытын айқындады. Дәл осы жерде тарихи құжатқа қол қойылып, тараптар нейрожеліні бірлесе игеруге келісті. Уағдаластықтағы негізгі бағыттың бірі жасанды интелектінің игілігін ғана алып, кесірін бақылау. Технологияны табыс арттыруға пайдалану. Осылайша, Астана төріндегі талқы өз миссиясын сәтті аяқтады деуге толық негіз бар. 

Бекзат Аманов, Асхат Қарақойшиев, Досхан Қораз

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz