RU
Толық нұсқаға өту

Еліміздің әр өңірінен келген оқушылар Ақорданы аралады 

01.06.2026, 10:01 42

Балалар мемлекеттік маңызы бар шешімдер қабылданатын және халықаралық кездесулер өтетін залдарды өз көзімен көрді.

Оқушылар елордаға Балаларды қорғау күніне орай арнайы шақырылған. Балалардың Президент резиденциясына саяхаты игі дәстүрге айналды. Оқу-ағарту министрлігі мұндай экскурсияларды бесінші жыл қатарынан ұйымдастырып келеді. Әр өңірден бес баладан іріктеледі. Олардың қатарында олимпиада жеңімпаздары, оқу озаттары мен спортшылар бар.

Никита Потёмкин, балаларды қолдау орталығының тәрбиеленушісі:

- Маған қатты ұнағаны Ақорда. Өйткені Ақордада біздің еліміздің басшысын отырады. Әр түрлі президенттермен көрісетін жерлерін көрдік. Экспо ұнап жатыр. Керемет. Болашақтағы арманым президент болу.

Арлан мен Аслан Айтқалиевтер Орал қаласынан келген жас жазушылар. Олар «Гарольд пен Ларабель» атты ертегінің авторлары. Бұл сирек форматта жарық көрген қос тілді кітап. Шығарма қазақ және орыс тілдерінде басылып, ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға бейімделген. Оқушылар алғашқы туындыларын бес жүз дана етіп шығарған. Соның бір данасын бүгін Президент кітапханасына сыйға тартты.

Арлан Айтқалиев, Орал қаласындағы Вальдорф бағытындағы мектеп-гимназияның оқушысы:

- Бұл сапар біз үшін өте маңызды әрі мәні зор. Ол тұлға ретінде қалыптасуымызға, болашақ мансап жолымызды айқындауға үлкен әсер етеді. Мүмкін, мамандық таңдауымызға да ықпал етер. Жалпы бұл тәжірибе алдағы жетістіктерімізге, кәсіби және жеке дамуымызға оң серпін береді.

Назерке Түзелбаева, балаларды қолдау орталығының тәрбиеленушісі:

- Саяхаттау барысында Астана қаласының әдемі ғимараттары мен зәулім сарайларымен таныстым. Астанаға келуімнің себебі өзімнің жетістігім мен білімімнің арқасында. Ал соны байқап, әкеліп отырған апайларыма алғысымды білдіремін. Қаланың келбеті мен елорданың атмосфералық қонақжайы ерекше көңіл күй сыйлады.

Кейбір балалар Астанаға алғаш рет келіп отыр. Сондықтан ұйымдастырушылар экскурсия бағытын мұқият әзірлеген. Бағдарлама аясында Ақордадан бөлек, мұражайларға, «Бәйтерек» монументіне, «Мәңгілік Ел» салтанат қақпасына және халықаралық жасанды интеллект орталығына барды. Сонымен қатар ЛРТ жеңіл рельсті көлік жүйесімен де танысты.

Ләззат Измұханова, ҚР Оқу-ағарту министрлігі балалардың құқығын қорғау комитетінің маманы:

- Астанаға бірінші рет келген балалар бар. Олардың пікірі ерекше. Бүгін көп адаммен олар сөйлесті. Пікір алмасу болды. Балалар өз пікірлерімен бөлісті. Жалпы балаларға өте ұнап тұр. Балалармен сөйлескенде олардың патриоттық сезіммен әңгімелестік.

Оқушылар елордадан жарқын әсерімен, естелік сыйлықтармен және Ақордада түскен суреттерімен үйлеріне оралды. Балалардың айтуынша, бұл сапар оларға ұмытылмас әсер сыйлап қана қоймай, өздерін одан әрі дамытуға ынталандырды.

Авторлары: Мирлан Алтынбек, Мұрат Әріпханов

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz