RU
Толық нұсқаға өту

Кипр еліміздің eGov жүйесіне қызығып отыр

03.06.2026, 19:00 47

Кипр Қазақстанның eGov жүйесіне қызығушылық танытып отыр.

Бұл туралы Президент Никос Христодулидистың Астанаға ресми сапарында белгілі болды. Қасым-Жомарт Тоқаев мейманмен келіссөз жүргізді. Саясаткерлер тауар айналымын арттыруға келісті. Сондай-ақ мемлекет басшысы Кипр кәсіпкерлерін елге инвестиция құюға шақырды.

Кеше Ларнака – Астана бағыты бойынша жаңа әуе рейсі ашылып, алғашқы ұшақ елордаға сәтті қонды. Отандық Air Astana-ның әуе кемесінде мәртебелі мейман болыпты. Кипр басшысы Никос Христодулидис Қазақстандағы ресми сапарына дәл осы жолаушылар ұшағымен жеткен. Осылайша ол Президент ретіндегі алғашқы сапарын жаңа бағыттың алғашқы рейсімен бастады.

Бұл тұңғыш қадамға толы сапар. Кездесуден де, келіссөзден де алғашқы адымды аңғару қиын емес. Астана Никос Христодулидиске бұрыннан мәлім болса да, делегация мүшелері үшін таңсық. Олар бұрын-соңды болмаған келіссөзге кіріп, жаңа келісімдермен шықпақ. Ең бастысы, қос ел басшылары серіктестікке серпін беруге әуелден мүдделі болды. Бұған шағын құрамдағы кездесуде көз жеткіздік. Президент әлеует мол екенін айтып, достыққа дем беруге күш салатынын жеткізді. Бұл сөзді мейман да растады. Ынтымақтастықты дамытатын жолдарды іздеуге дайынмын деді ол. Кейін келіссөзге делегация мүшелері қосылды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Біз жаңа ғана шағын құрамда мазмұнды келіссөз жүргізіп, екі жақты ынтымақтастықты одан әрі дамытуға бейіл екенімізді растадық. Қазақстан өзара тиімді келісімдерді бекітуге дайын. Өйткені елдеріміз арасында қалыптасқан достықты құрмет тұтамыз. 

Екі елдің сауда айналымы көңіл көншітпейді. Бастапқы 3 айда небәрі 40 млн долларға жеткен. Осы орайда Президент саяси ерік-жігерімізді нақты экономикалық нәтижеге айналдыру керек деді. Бұған қатысты нақты ұсыныстары да бар. Кипрден ауқымды бизнес делегация келген. Олар бірлескен жобалардан дәмелі. Біздің тарап цифрландыру мен жасанды интеллект, логистика, қаржы, туризм және білім беру салаларындағы кооперацияны кеңейтуге ние білдіріп отыр. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Қазақстан кипрлік компаниялардың инвестиция құю және елімізде кәсіп ашу ниетін құптайды. Ел саясатының негізгі басымдықтарының бірі – бизнес пен инвесторларға қолайлы жағдай жасау. Кипр компаниялары инвестициялық жобаларды жүзеге асыруда Үкіметіміздің нақты қолдауына арқа сүйей алады.

Мемлекет басшысы екі ел үкіметтерінің күшін үйлестіру маңызды деп санайды. Сонда ғана нәтиже болады. Қасым-Жомарт Тоқаев мынадай 3 ұсыныс айтты. Экономикалық ынтымақтастықтың 2028 жылға дейінгі жол картасын әзірлеу керек. Сондай-ақ тиісті үкіметаралық комиссия мен Іскерлік кеңес құрып, сауда делегацияларымен тұрақты алмасу маңызды. Сонда қалталы қауымның байланысы берік болады. Бұл бастаманы Кипр басшылығы да қолдады. 

Никос Христодулидис, Кипр Республикасының Президенті:

- Кипр – Еуропа Одағына мүше мемлекет ретінде қазақстандық инвесторлар мен компаниялар үшін еуропалық нарыққа шығатын сенімді қақпа. Біз Еуропа Одағы стандарттарына толығымен сай келетін нақты іскерлік ортаны ұсынамыз. Бүгін «Астана» халықаралық қаржы орталығына баруды жоспарлап отырмын. Аталған орталықпен әріптестікті, әсіресе қаржы қызметтері мен «жасыл» қаржыландыру салаларындағы ынтымақтастықты кеңейтуде зор әлеует бар.

Келіссөздер нәтижесінде екі елдің ресми делегация мүшелері 6 ведомствоаралық құжаттарпен алмасты. Оның ішінде цифрландыру, ақпарат, білім һәм туризм сынды салалар бар. Одан бөлек қос елдің сырты саудасына жауапты құрылымдар да келісімге келе алды. 

Бекзат Аманов, тілші:

- Президенттердің журналистерге арналған брифингі басталды. Жалпы, бұл сапар Қазақстан мен Кипр байланысын жаңа дәуірге шығарады деген сенім бар. Себебі қазір екі елдің сауда серіктестігі айтарлықтай көлемді емес. Алыс-беріс те, барыс-келіс те көп деп айту қиын. Ал осы кездесулерде Президенттер осы мәселеге ерекше назар аударып, ықпалдастықты арттыруға келісті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Тауар айналымын ұлғайту, инвестициялық қарым-қатынасты дамыту және іскер топтардың байланысын одан әрі нығайту қажет екенін атап өттік. Бұл маңызды міндет. Сонымен қатар біз логистика, қаржы, туризм, цифрлық технологиялар саласындағы өзара байланыстарымыздың келешегі зор деп санаймыз. Үкіметтерімізге осы бағыттар бойынша нақты шаралар қабылдау жөнінде тапсырма беруге уағдаластық.

Кипр әлемдік деңгейдегі теңіз хабы саналады. Осыны ескерген Қасым-Жомарт Тоқаев меймандарды Транскаспий дәлізіне қосылуға шақырды. Қазақстанның құрлықтағы және Кипрдің теңіздегі инфрақұрылымын тиімді ұштастыруға мүмкіндік зор. Бұл қадам жаңа көп салалы логистика жүйесін қалыптастыруға жол ашады. Одан бөлек Президент кипрлық инвесторларды елге шақырды. Қазір Қазақстан Кипр капиталының қатысуымен 400-ден астам компания жұмыс істеп жатыр. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қазақстан өз нарығында жұмыс істеуге ниетті Кипр компанияларына қолайлы жағдай жасауға әрқашан дайын. Біз Кипрдің іскер азаматтарын ұзақ мерзімге арналған инвестициялық жобаларды бірлесіп іске асыруға шақырамыз. Жақында елімізде жаңа Конституция қабылданды. Ата заңға сәйкес Қазақстанда меншіктің барлық түріне кепілдік беріледі. Бас құжатымыз инвесторлардың құқығын барынша қорғайды. Бұған қоса, кипрлық әріптестеріміз Қазақстанның Altyn Visa бағдарламасын қолдана алады.

Кипр тарапы Қазақстанның eGov жүйесіне қызығушылық танытып отыр. Қазақстан тәжірибесімен бөлісуге дайын. Президент бүгінгі келіссөздер табысты өтті деді әрі келісімдер қатынасқа қарқын қосарына сенім білдірді. 

Никос Христодулидис, Кипр Республикасының Президенті:

– Жоғары білім, ғылыми зерттеу, мәдениет, спорт, инновация, цифрлық басқару және ақпараттық технология секілді маңызды салаларда өзара түсіністік туралы бірқатар меморандумға қол қойылғаны қуантады. Бұл келісімдер –жай ғана техникалық құжаттар емес, екі жақты байланыстардың әлеуетін құрылымдық және мазмұндық тұрғыдан жандандыруды көздейтін ортақ шешіміміздің айқын дәлелі.

Тараптар жаһандық саяси жағдайды да талқылапты. Бұл жағынан әлемдегі көптеген түйткілге қатысты екі мемлекеттің ұстанымы ұқсас. Екі ел де кез келген шиеленіс бейбіт жолмен шешілуі керек деген қағидатты қатаң ұстанады. 

Бекзат Аманов, Марат Диханбаев, Ділмұрат Сейдаханов

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz