Батыс Қазақстан облысында картоп сақтайтын бірнеше қойманың құрылысы басталды. Күзде өнім жинағанша, пайдалануға берілуі тиіс.
Жалпы биыл 2 мың гектар алқапқа картоп егіліп жатыр. Науқан жақында аяқталады. Көктемде жауын-шашын жиі болып, қиындық туындағаны рас. Алайда шаруалар мол өнім алу үшін аянып қалмаймыз дейді.
Теректі ауданындағы мына шаруашылық 4 жылдан бері картоп егумен айналысады. Жыл санап егіс алқабын ұлғайтып, өнім көлемін көбейтіп жатыр. Бастапқыда әр гектардан 10 тонна өнім жиналса, өткен маусымда бұл көрсеткіш 30 тоннадан асқан. Биыл 230 гектар алқапқа картоп екті
Радик Нармұхамедов, агроном:
- Биыл ауа райының қолайсыздығына байланысты жұмыс созылып кетті. Жауын-шашын салдарынан топырақ ұзақ уақыт жылынбады. Дегенмен науқан аяқталды. «Коломбо» сортынан кейін «Гала» сортын отырғыздық. Сонымен қатар биыл элиталық тұқым сатып алдық. Алдағы уақытта сол элиталық тұқымды көбейтуді жоспарлап отырмыз.
Ендігі міндет жиналған өнімді тұтынушыға сапалы күйінде жеткізу. Былтыр шаруашылық мемлекеттік бағдарлама аясында жеңілдетілген несие алып жобалық құны 2 млрд теңге болатын, сыйымдылығы 3,5 мың тонна көкөніс қоймасын салды.
Азамат Елекбаев, кәсіпорынның атқарушы директоры:
- Биыл дәл осындай тағы бір қойманың құрылысын қолға алдық. Болашақта жергілікті картопты барынша көп көлемде сақтап, дүкен сөрелеріне жеткізуді көздеп отырмыз. Күз айынан бастап келесі жылдың жазына дейін тұтынушыны картоппен үздіксіз қамтамасыз ете аламыз.
Өңірде тұрақтандыру қорына 5 шаруашылық картоп тапсырады. Олармен жалпы сомасы 1 миллиард теңгеден асатын келісімшарт жасалған. Биыл шаруашылықтар 6 мың тонна картоп дайындауы тиіс.
Ораз Жұмабаев, «Aqjaiyq» ӘКК Тұрақтандыру қоры департаментінің директоры:
- 2026-2027 жылдардың қыс-көктем кезеңіне картоп, сәбіз, қырыққабат және пияз бойынша келісімшарттар жасадық. 31 мамырда 2025–2026 жылдарға жоспарланған көлемдерді толық орындадық. Картоп 160 теңгеден сатылды. Яғни супермаркеттердегі соңғы бағасы 183 теңге болды. 15 маусымнан бастап жаңа піскен және импорттық көкөністер күтілуде. Картоп Ресейден әкелінеді. Орал қаласындағы супермаркеттерде оның бағасы шамамен 240-250 теңге болады деп болжанып отыр.
Ауыл шаруашылығы басқармасының есебі бойынша ерте пісетін картоп сорттарының алғашқы легі тамыз айында жинала бастайды. Яғни жергілікті нарықтан импорттық өнімді ығыстырып, жергілікті өніммен алмастыруға мүмкіндік бар. Биыл облыста картоп, көкөніс және бақша дақылдарына 4 мың гектар жер бөлінген.
Кеңес Қайдашев, БҚО Ауыл шаруашылығы басқармасы бөлімінің басшысы:
- Былтыр 1,8 мың гектар алқаптан 38 мың тонна картоп жиналған болатын. Биыл шамамен 44 мың тонна өнім алу жоспарланып отыр. Қазір облыста жалпы сыйымдылығы 72 мың тонна болатын 32 көкөніс қоймасы бар. Бұл өз қажеттілігімізді толық қамтамасыз етуге жеткілікті.
Өңірде жалпы сыйымдылығы 15 мың тонна болатын тағы екі көкөніс қоймасы салынып жатыр. Ол облыстың картоп пен көкөністі сақтап, тұтынушыға уақытылы жеткізуге мүмкіндік береді.
Авторлары: Арыстанбек Кенже, Альбина Құмарғалиева, Қалыбек Ақырап
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #БҚО #картоп қоймасыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz