Шымкент жастары жазғы маусымда жұмыс істейді. Мемлекеттік бағдарлама оқушылар мен студенттерді ерте жастан еңбекке баулып, бос уақытын тиімді өткізуіне мүмкіндік берді.
Оларға арналған бос жұмыс орындары Enbek.kz порталында жарияланған. Бірақ еңбек инспекторлары жасөспірімдердің құқығы мен заң талаптарын сақтауды ескертеді.
Бауыржан Камил жазғы демалысын бос өткізбей, еңбекке арнауды жөн көрді. «Жастар рухы» жастар қанатының қатарына қосылып, әлеуметтік іс-шараларға белсене араласып жүр. Айтуынша, шығармашылық орта өзін жан-жақты дамытуға үлкен мүмкіндік береді.
Бауыржан Камил, колледж студенті:
- Барынша пайдалы нәрселерді сіңіріп, болашаққа деген өзімізді қалыптастыруға керемет нәрсе. Оның үстіне маған қазір айлық түсіп отырады. Ол айлықты өзімнің керек жарақтарыма, күзгі кезеңдегі және қысқы кезеңде өзіме керекті заттарымды аламын.
Өңірде тәжірибе жинақтап, табыс тапқысы келетін оқушылар мен студенттердің қатары қалың. Осыған орай электрондық еңбек биржасында арнайы бөлім іске қосылып, өзіне лайықты жұмыс табуына мүмкіндік ашылды. Қазірдің өзінде жүзден астам жас қоғамдық жұмыстарға тартылды.
Бекболат Әлиханов, қалалық Еңбек мобильдігі орталығы басшысының м.а:
- Жұмыс беруші болсын, жұмыс іздеуші болсын Мансап орталықтарына келіп, жүгінуі міндетті емес. Оның барлығы қазір цифрландырылған. Әр саланы көріп, ұжыммен жұмыс жасау, сол мамандық оған қажет па деген сияқты өзіне үлкен тәжірибе алады деп ойлаймын.
Жасөспірімдерді жұмысқа тартуда заң талаптары қатаң сақталуы керек. Мемлекеттік инспекторлар негізгі міндеттемелерді еске салып, оларды жоғары жауапкершілік жүктелетін қызметтерге қабылдауға болмайтынын ескертті. Сондай-ақ екі жақты шарт түзіліп, еңбек өтілі есепке алынуы тиіс.
Жеңіс Мақұлбаев, Мемлекеттік еңбек инспекциясы департаментінің басшысы:
- Жалпы еңбек кодексі жасөспірімдердің еңбекке тартылу жағдайын қарастырады, оны қорғайды. Біріншіден, денсаулығына зиян келмеуі керек. Екіншіден, оқу процесін бұзбайтын жағдай болуы керек. Сонымен қатар имандылық тұрғысынан дамуына нұқсан келмеуі керек. Егер де арыз-шағымдармен жүгініп жатса азаматтар сол арыз-шағым бойынша тексерулер жүргізіледі.
Сала мамандарының пайымдауынша, еңбек нарығына араласқан жастар ерте жауапкершілік алып, тұлғалық қасиетті сіңіріп өседі. Ұжыммен жұмыс істеуді үйренеді. Жақында тағы жүздеген жасөспірім мемлекеттік қызметтер мен шығармашылық салаға, қоғамдық жұмыстарға жолдама алмақ.
Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Мұсатов, Нұрмахан Бекмұратов
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #Шымкент #жұмыспен қамту #жастарPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz