Бүгін Ақордада медицина қызметкері күніне орай салтанатты іс-шара өтті. Жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев дәрігерлерді кәсіби мерекесімен құттықтап, сөз сөйледі.
️Қасым-Жомарт Тоқаев:
«Ең алдымен баршаңызға медицина қызметкері күні құтты болсын деймін. Өткен жылы біз ардақты кәсіп иелері – медицина мамандарын алғаш рет Ақордаға шақырып, құрмет көрсеттік. Биыл да игі дәстүрге сай өздеріңізді осы жерде көргеніме өте ризамын. Халқымыз «Бірінші байлық – денсаулық» деген тағылымды сөзге ерекше мән берген. Ұлт саулығы – еліміз үшін бәрінен қымбат құндылық. Сондықтан медицина саласын дамыту мемлекеттің стратегиялық міндеті саналады. Осы орайда, дәрігердің ел өміріндегі орны айрықша екені сөзсіз. Шын мәнінде, денсаулық сақтау саласында қоғам игілігі үшін адал қызмет етіп жүрген әр қызметкердің еңбегі ерен. Халқымыз сіздерді ең қадірлі мамандық иесі ретінде сыйлайды және құрметтейді. Түптеп келгенде, медицина мамандары еліміздің басты байлығы – азаматтарымыздың денсаулығын нығайтуға өлшеусіз үлес қосып келеді. Мен Мемлекет басшысы ретінде осы салада табанды еңбек етіп жүрген барша қызметкерге шынайы ризашылығымды білдіремін».
Мемлекет басшысы жалпыұлттық референдумға белсенді қатысқан медицина мамандарына ризашылығын білдірді
«Қазір біз бәріміз Әділетті, Күшті, Озық әрі Таза Қазақстанды құрып жатырмыз. Қоғамның барлық саласында ауқымды және түбегейлі өзгерістер жасалуда. Біздің алға қойған мақсатымыз – айқын. Бұл – жас ұрпақтың игілігі үшін тұғыры берік, қуатты мемлекетті құру. Наурыз айында өткен жалпыұлттық референдум кезінде азаматтарымыз отаншылдық пен жауапкершіліктің тамаша үлгісін көрсетті. Медицина саласының мамандары да осы ортақ іске белсене атсалысты. Саяси науқан барысында халқымыз біртұтас ұлт болып ұйысып, тарихи таңдауын жасады. Жұртымыз ел тағдырына бей-жай қарамай, жаңа Конституцияны қолдап дауыс берді. Бұл жарқын болашаққа жол ашатын аса маңызды шешім болғаны анық».
Президент: «Жаңа Ата заңымызда денсаулық сақтау мәселесіне айрықша мән берілді»
«Мемлекетіміздің мызғымас тірегі – жаңа Ата заңымызда денсаулық сақтау мәселесіне айрықша мән берілді. Біз ұлт саулығы ұғымына алғаш рет кең ауқымда назар аудардық. Соған сәйкес Конституцияда қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, қоршаған ортаны қорғау және табиғи байлыққа ұқыпты қарау қағидаттары айқындалды. Бұл адам өмірін сақтау медицина мамандарының міндеті ғана емес, тұтас қоғамның жауапкершілігі екенін көрсететін маңызды қадам болды».
Мемлекет басшысы денсаулық сақтау саласындағы жетістіктерге тоқталды
«Баршаңызға белгілі, мемлекет медицина саласын дамытуға әрдайым баса назар аударады. Қазір де осы бағытта ауқымды жұмыс істеліп жатыр. Нақты нәтижелер бар. Былтыр еліміз бойынша азаматтардың орташа өмір сүру ұзақтығы 76 жасқа жақындады. Соңғы үш жылда ана өлімі 35 пайызға, ал сәби өлімі 24 пайызға қысқарды. Бұл – Тәуелсіздік жылдарындағы ең төменгі көрсеткіш. Кейінгі жеті жылда еліміз бойынша 1300-ге жуық денсаулық сақтау нысаны салынды».
«Бұл шешім Заң мен тәртіп қағидатына толық сай келеді» – Президент медицина қызметкерлеріне күш көрсеткен адамдарды қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы пікір білдірді
«Қазіргі таңда денсаулық сақтау жүйесінде 280 мыңнан астам маман қызмет етеді. Олардың мәртебесін көтеру және беделін күшейту еліміз үшін басымдыққа ие міндет болып қала береді. Дәрігерлердің қауіпсіздігін қатаң қадағалау жұмысы айрықша назарда болуға тиіс. Осы мәселеге былтыр кәсіби мереке қарсаңында өткен жиында арнайы тоқталдым. Сол себепті мен осы жылдың басында медицина қызметкерлеріне күш көрсеткен адамдарды қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы Заңға қол қойдым. Бұл шешім қоғамымызда берік орнығып жатқан Заң мен тәртіп қағидатына толық сай келеді».
Мемлекет басшысы қоғамдық орындарда әдеп сақтау мәселесін көтерді
«Тағы бір өзекті мәселе. Өздеріңізге мәлім, ауқымды реформалардың арқасында Қазақстан жаңа тұрпатты елге айнала бастады. Азаматтарымыздың болмыс-бітімі, мінез-құлқы, дүниетанымы өзгеріп жатыр. Қазақстан – құқықтық мемлекет. Еліміздің Бас құжаты – Конституциясында дәл осылай жазылды. Бірақ құқықтық ел болу Ата заңда ғана бекітіліп қойған қағидат емес. Осыны дұрыс түсінуіміз керек. Құқық күнделікті күйбең тірліктен басталуы қажет. Бұл – әр адамның жүріс-тұрысы, әдебі, тәртібі, тіпті, мінез-құлқы заңға қайшы болмауы керек деген сөз. Ата Заңға сәйкес, біз – зайырлы мемлекетпіз. Алайда, зайырлы болу ұлт болмысынан аттау немесе халқымыздың бойында бар құндылықтарды ұмыту деген ұғым емес. Озық, заманауи елдің азаматтары ең алдымен қоғамда, яғни, көпшілік ортада, әсіресе, жұмыс орнында өздерін орынды ұстай білуі қажет. Мысалы, соңғы уақытта көп адамдардың, тіпті, амандасу кезінде өрескел, орынсыз әрекеттерге жол беріп жатқанын көріп жүрміз. Сондықтан осы бағыттағы жұмысты күшейте түсу қажет. Бұл – жай ғана шағын мәселе емес. Әр халықтың тұрмыстық салт-дәстүріне, әдет-ғұрпына қарап шетел адамдары сол елдің қаншалықты мәдениетті, дамыған жұрт екендігі жөнінде пайым жасайды. Өркениетті мемлекет құру үшін бірінші кезекте халықтың мәдениеті жоғары болуға тиіс. Мұның бәрі, тағы да атап өткім келеді, қоғамдық орындарда әдеп сақтау, өзін дұрыс ұстау, өзара құрмет көрсету сынды негізгі қағидалардан басталатыны анық. Біз осы құндылықтарды кеңінен дәріптеу арқылы қоғамда жаңа этикалық нормаларды орнықтыруымыз қажет. Бұл – баршамызға ортақ міндет. Медицина қызметкерлері осы өте маңызды мәселе бойынша бүкіл қоғамымызға үлгі көрсетуі керек».
Қасым-Жомарт Тоқаев дәрігерлерді әлеуметтік тұрғыдан қолдау шаралары туралы айтты
«Жалпы мемлекет дәрігерлерді құқықтық тұрғыдан қорғаумен қатар, олардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға баса мән береді. Соңғы үш жылда сала мамандарына көрсетілетін мемлекеттік қолдаудың көлемі жеті есе ұлғайды. Медицина қызметкерлерінің жалақысы кезең-кезеңімен көтеріліп келеді. Тек биылдың өзінде бұл мақсатқа қазынадан 33 миллиард теңге бөлінді. Осындай шаралардың арқасында медицина саласындағы кадрлық ахуал да тұрақтала түсті. Сондай-ақ шалғай ауылдарда еңбек ететін дәрігерлерге ерекше қолдау көрсетілуде. Оларға бір реттік көтерме төлемдер берілуде. Атап айтқанда, былтыр 530 маманға жалпы сомасы 4,5 миллиард теңге қаржы бөлінді».
Мемлекет басшысы Үкіметке бүкіл денсаулық сақтау инфрақұрылымына ауқымды реновация жүргізу жөнінде тапсырма берді
«Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасының бірінші кезеңі сәтті іске асырылды. 2023 жылдан бастап жаңадан 655 бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсету нысаны салынды. Биыл 32 аудандық аурухананы жаңғырту жұмыстары аяқталады. Бұл азаматтарды тұрғылықты жерде сапалы медициналық көмекпен қамтамасыз етеді. Елордада және өңірлерде мамандандырылған ғылыми институттар мен көпбейінді ауруханалар, заманауи емханалар және перинатальды орталықтар бой көтеруде. Дегенмен алдағы жұмыс – ауқымды. Елімізде пайдалану мерзімі әлдеқашан өтіп кеткен 14 мыңнан аса нысан әлі де қызмет көрсетіп тұр. Сондықтан Үкімет бүкіл денсаулық сақтау инфрақұрылымына ауқымды реновация жүргізіп, олардың материалдық-техникалық базасын жаңғыртуы қажет».
Мемлекет басшысы: «Негізгі мәселе – білікті маман тапшылығын жою»
«Әйтсе де ең заманауи ауруханалар мен озық құрал-жабдық – жұмыстың басы ғана екенін түсінгеніміз абзал. Негізгі мәселе – білікті маман тапшылығын жою, мұның зардабын әсіресе ауылдық жерлер тартып отыр. Бұл үшін бастапқы медициналық-санитарлық көмек жұмысшыларын қолдау бағдарламасын әзірлеу қажет. Адамдарға көмектесуге бірінші болып келетін жандар мемлекет қамқорлығын сезінуі керек. Олар үшін лайықты жалақы, толық әлеуметтік пакет және жергілікті жерде жұмыс істеуге ынталандыратын тетіктер болуға тиіс».
Қасым-Жомарт Тоқаев: «Еліміздің жетекші медициналық оқу орындарын одан әрі нығайтуға қолдау көрсету маңызды деп санаймын»
«Медициналық білім беру жүйесін дәйекті түрде жаңғыртудың ел болашағы мен ұлт саулығын сақтаудағы стратегиялық мәні зор. Салалық жоғары оқу орындары бұрынғыдай дәстүрлі білім беру мекемесі емес, іргелі ғылым мен жоғары технологиялар орталығы ретінде жаңғыра бастағаны қуантады. Білім беру үдерісі жетілдіріліп, клиникалық оқыту тәсілдері кеңеюде. Интернатура кәсіби даярлықтың толық кезеңіне айналады. Енді оны тәмамдаған түлектер базалық білімді меңгерген дәрігер ретінде жұмысқа кіріседі. Жаңа буын мамандарын әзірлейтін ұстаханаға айналған еліміздің жетекші медициналық оқу орындарын одан әрі нығайтуға қолдау көрсету маңызды деп санаймын».
Мемлекет басшысы салалық жоғары оқу орындарына көрнекті медицина қайраткерлерінің есімін беру туралы бастаманы құптады
«Маңдайалды отандық жоғары мектептердің бірі ретінде танылған «Астана медицина университеті» цифрлық денсаулық сақтау мен биомедицинаны табысты дамытып келеді. Үкімет аталған оқу орнының айқын жетістіктерін ескеріп, ол ең жоғары – Ұлттық университет мәртебесін алуға әбден лайық деп санайды. Бұл ұсынысты қолдаймын. Сонымен қатар астаналық университетке көрнекті ғалым, отандық тағамтану ғылымы мен профилактикалық медицинаның негізін салушы, Қазақстанның Еңбек Ері Төрегелді Шармановтың есімін беру орынды болар еді. Мұның символдық мәні де зор. Қарағанды медициналық университетіне осы оқу орнының негізін қалаған әрі оны ұзақ жылдар бойы басқарған Петр Моисеевич Поспеловтің атын беру туралы Үкімет пен медициналық қоғамдастықтың бастамасын қолдаймын. Белгілі Қарағанды медицина мектебінің бастауында тұрған әйгілі тұлғаның 125 жылдығы қарсаңында мұндай шешімнің қабылдануы – тарихи әділеттілік».
Президент: «Әлеуметтік саладағы міндеттемелерді орындау биліктің барлық тармағының конституциялық міндеті саналады»
«Жаңа Конституцияға сай, Қазақстан – әлеуметтік мемлекет. Сәйкесінше, әлеуметтік саладағы міндеттемелерді орындау биліктің барлық тармағының, соның ішінде Үкіметтің конституциялық міндеті саналады. Бұл міндет табысты орындалуда. Өткен жылы тек республикалық бюджеттен әлеуметтік қажеттіліктерге 9 триллион теңгеден астам қаржы жұмсалды (шамамен 18 миллиард доллар). Бұл – өте қомақты сома. Тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі бағдарламасын іске асыру да конституциялық міндеттеме аясына кіреді. Тегін медициналық қызметтерді қамтитын әлеуметтік мақсаттағы бірегей бағдарламаның басқа елдерде баламасы жоқ. Аталған бағдарлама туралы Конституциямызға жазылды, бұл – конституциялық міндет. Мұны мемлекеттің нақты жетістігі ретінде атап айтқан жөн. Нәзік жанды аруларымыз дүниеге перзент әкелгеннен кейін қандай жеңілдіктерге ие болатынын білесіздер: жұмыс орны сақталып, үш жыл декреттік демалысқа шығады, тиісті төлемдер алады. Жас аналарға өте жақсы жағдай жасалып отыр. Мен Батыста, атап айтқанда, Швейцарияда жұмыс істеген кезде осы мәселені зерделедім. Швейцарияда және басқа да Батыс елдерінде мұндай жүйе жоқ. Инновацияларды қарқынды түрде игеру, ем-дом шараларының жоғары стандартына көшу, сондай-ақ баға мен қызмет сапасының теңгерімін сақтау арқылы еліміз медициналық туризмнің өңірлік орталығы ретінде танылып келеді».
Диагностика жасау уақыты төрт есеге қысқарды, әкімшілік жүктеме 40 пайызға дейін төмендеді – Мемлекет басшысы ЖИ мен цифрлық технологияларды медицинада қолданудың алғашқы нәтижелеріне назар аударды
«Қазақстан озық технологияларды барлық салаға, соның ішінде медицинаға белсенді түрде енгізе бастады. Бұл – заман талабы. Осы бастама қазіргі таңда отандық денсаулық сақтау саласын дамытуға тың серпін беріп жатыр десек, қате болмайды. Цифрлық технологияның арқасында диагностика жасау уақыты төрт есеге қысқарды. Сондай-ақ қатерлі ісікті анықтау көрсеткіші 30 пайызға артты. Жасанды интеллект дәрігерлерге күрделі клиникалық шешімдерді қабылдауға септігін тигізуде. Бүгінде еліміздегі 1800-ден астам медициналық мекеме цифрлық форматқа көшірілді. Ақпараттық жүйелерді өзара байланыстыру, яғни, интеграциялау арқылы әкімшілік жүктеме 40 пайызға дейін төмендеді. Біз бұл бағыттағы жұмысты міндетті түрде жалғастыра береміз».
️
Мемлекет басшысы бала өмірін сақтап қалған дәрігерлердің қажырлы еңбегін үлгі етті
«Еліміз сапалы әрі қарқынды түрде өсіп-өркендеуі үшін азаматтарымыздың тәні де, жаны да сау болуға тиіс. Бұл – баршаға белгілі ақиқат. Сіздер осы ізгі мақсат жолында аянбай қызмет етіп жүрсіздер. Қазақта «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген сөз бар. Менің атыма күніне жүздеген хат келіп түседі. Азаматтарымыз өздерінің арыз-шағымын, ұсыныс-тілегін, сондай-ақ жылы лебізін білдіріп жатады. Бүгін Қарағанды облысының тұрғыны жуырда ғана жолдаған бір хатқа тоқталып өткім келеді. Онда оқыс жағдайға тап болған төрт жасар баланы облыстық аурухана дәрігерлерінің аман алып қалғаны жөнінде жазылған. Бүлдіршіннің жақын туыстары медицина мамандарының өз ісіне адалдығын ерекше атап өткен. Аурухана қызметкерлеріне, сондай-ақ денсаулық сақтау саласының басшыларына ризашылығын білдірген. Кішкентай баланың өмірін сақтап қалған білікті маман қазір ортамызда отыр. Кәсіби шеберліктің озық үлгісін көрсетіп жүрген адамдардың қажырлы еңбегі лайықты бағалануға тиіс. Мемлекет осындай отаншыл, адал азаматтарға әрдайым қолдау көрсетеді. Мен бүгін отандық медицинаны дамытуға елеулі үлес қосқаны және халық денсаулығын сақтаудағы қажырлы еңбегі үшін бір топ медицина қызметкеріне жоғары мемлекеттік награда беру туралы Жарлыққа қол қойдым. Бұл марапатты ең алдымен, халықтың дәрігерлер қауымына деген шынайы құрметі, зор алғысы деп қабыл алған жөн. Баршаңызға құтты болсын!».
Тегтер
#хабар24
#жаңалықтар
#президент
#медицина қызметкерлері
#мереке