Нақты қай күні өмірге келдім? Сағат нешеде дүние есігін ашып, нешінші минут-секундта кіндігім кесілді?!
Қостанайлық дәрігерлерге осылай деп өтініш жасаушылар көбейді. Медицина қызметкерлері «Е-Өтініш» ақпараттық жүйесі арқылы түскен сауалға екі аптаның ішінде жауап беруге міндетті.
Талапты орындау үшін дәрігерлер күні бойына мұрағат қопарады, отырып мәлімет іздейді.
Қостанай өңірінде әрбір екінші сәби облыс орталығындағы перзентханада дүниеге келеді. Осыдан-ақ мұндағы дәрігерлерге артылатын жауапкершілік пен міндет жүгін топшылауға болады. Оның үстіне енді «Е-өтініш» ақпараттық жүйесі арқылы туған күнінің сағатын, минутын сұратушылардың көбейюі оларға қосымша салмақ болып отыр.
Борис Аутенов, облыстық аурухана бас дәрігерінің орынбасары:
- Заң бойынша сауалдарға жауап беретін шекті мерзімі бар. Оны орындамасақ, тәртіптік жазаға тартыламыз. Сондықтан медициналық қызметкерлер архивтегі ескі құжаттарды ақтарып, мәліметтерді іздейді. Оған жауап жазып, платформаға еңгізеді. Сөйтіп күні бойына өзінің кәсіби жұмысымен емес, қағаз толтырумен айналысады.
Сұрау салатындардың дені болашағын болжап, ертеңін білгісі келетіндер. Әлеуметтік желіде қазір астрология, нумерология кең тараған трендке айналыпты. Жорамал жасау үшін алдымен адамның натальды, яғни туу картасы құрастырылуы керек. Сол үшін туған күнінің сағатын, минутын сұратып сарсаңға салатындар көп.
Светлана Бармута, астролог:
- Туу картасы – адам дүниеге келген сәттегі фотосурет іспеттес. Туған жері, күні, уақыты арқылы оның мінезін, дарын-қабылетін, қаржылық мүмкіндігін, кәсіби ерекшелігін танып білуге болады.
Перзентханада архив құжаттары 25 жыл сақталады. Электронды жүйе бертін келе 7-8 жыл бұрын ғана еңгізілді. Одан әрісін анықтап, нақтылау үшін қағаз қопарып, уақыт жоғалтуға тура келеді.
Әлия Бекенова, облыстық Денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы:
- Қазірдің өзінде 200-ден астам өтініш жатыр. Соңғы аптада 85-ке толықты. Оның басым бөлігі облыс орталығындағы перзентханаға, сосын Арқалық ауруханасына тиесілі. Туған күнін, сағатын нақтылауды сұраған 15-тен астам өтініш аудандарға жіберілді.
Сұрау салушылардың арасында егде жастағылар да аз емес. Дәрігерлер негізгі жұмысқа кедергі келтіретін мұндай үрдіс кең сипат алып кете ме деп алаңдап отыр.
Авторлары: Мағауия Қалиев, Ермек Мұхамедияров
Тегтер #Астрология #тренд #дәрігерлер #Басты жаңалықтарPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz