Денсаулығыңыз мықты болсын әрі ұзақ өмір сүремін десеңіз велосипед тебіңіз.
Күніге жарты сағат екі аяқты көлікпен жүру өлім қаупін 40 пайызға азайтады. Велосипед әрі спорт, әрі көлік. Үлкен қалада тіпті үйден жұмысқа дейін көліктен тез барасыз. Мұны тілшіміз анықтады.
Нұрқанат Қанапия бірінші күні үйінен "Қазмедиаға" көлігімен келсе, екінші күні велосипедпен жетті.
Нұрқанат Қанапия, тілші:
- Менің үйім мен жұмысымның арасындағы қашықтық 7 шақырымға жуықтайды. Қазір сағат таңғы 08-ден 15 минут кетті. Бұл көпшіліктің жұмысқа баратын уақыты. Көшеде кептеліс те болуы мүмкін. Бүгін қанша уақытта жұмысқа барамыз? Қазір көрейік.
Десе де, Астанада жаздың кезінде көлік аз. Себебі астаналықтар балаларын мектепке машинамен тасығанды жөн көреді. Сондықтан оқу кезінде, күздің кезінде, қыстың кезінде көлік өте көп. Кептеліс көп. Қазір міне жаздың кезінде кептеліс азайды.
Сағат 09-ға 15-16 минут қалды. Біз шамамен жарты сағат жүріп келдік. Ал бүгін велосипедпен жолға шығамыз. Сағат таңғы 08-ден 05 минут кетті. Қашықтық сол – үй мен жұмыстың арасы. Бүгін қанша уақытта барамыз? Көрейік.
Әрине велосипед жүргізудің өз тәртібі бар. Жолдан жетектеп өткізу қажет, жаяулар жолымен, яғни тротуармен жүрмеуге тырысу керек. Биыл Қошқарбаев даңғылында велосипед жолы салынып жатыр. Толық аяқталған соң бұл жермен жүретін велосипедшілер көбейетіні сөзсіз.
- Велосипедпен жүргеннің бір жақсысы осы. Табиғатты, әсем табиғатты асықпай тамашалап келесің.
Бірақ жолда кедергі де көп. Мәселен, көлігінің бір шетін велосипед жолының үстіне шығарып қоятындар да бар. Бұл жүріске кедергі келтіреді. Сағат 09-ға 14 минут бар. Яғни мен 41 минут жол жүріп келген екенмін. Әрине бірінші күн велосипед тізгіндеген адам үшін бұл жақсы көрсеткіш.
Иә, кәнігі велосипедшілер менен тез жүретіні анық. Оның үстіне жолшыбай видео түсіріп, бөгелгенім де бар. Жалпы қазір велосипедті күнделікті көлік құралына айналдырғандар көп. Солардың бірі Қайрат Ырғызбаевтың велосипедке мінгеніне 10 жылдан асты. Бірнеше мәрте шетелге шығып, былтыр Мәскеуге де барып қайтты. Соның арқасында бойын меңдеген дерттен айықты.
Қайрат Ырғызбаев, әуесқой велоспортшы:
- Қаланың шетінен екінші мынау правый берег, сол велосипедпен тез жетемін де машинаға қарағанда. И денсаулыққа да жақсы, асықпай разминка. Пенсияға шыққан соң 52 жасымда, мына өзімде давление деген ауру, жүрек, сондай таблетка ішіп жүргенмін. Сол мына велосипедке отырып жақсы болды. 52 жасымда, бір жылда мына таблетканың бәрін қойып, он жылдай жүрмін.
Астанада велосипед тізгіндегендер көбейді. Жұмысқа барып қайтуға немесе қолы қалт етсе, екі аяқты көлікке аяқ артатындар қатары күн санап артып келеді.
БЛИЦ
- Қазір көп адам велосипед теуіп жүр. Бізде Қазақстанда Европа секілді болып жатыр, адамдар денсаулықпен айналысып.
- Тренировкада ағай айтады мына жаққа келіңдер деп, айналып келіңдер велосипедпен, велосипед болса бір жарым сағат. Сол, күні бойы келеміз.
- Қаламызда велосипедный дорожкаларды көбейту керек. Потому что қазір доставкалар да, көп жастардың өзі қалада велосипедпен қозғалып жүр.
Көпшіліктің сұрауына орай елордада велосипед жолдары жыл санап ұзарып отыр. Былтыр 26 шақырым жол салынды. Соған сай қаладағы жолдың ұзындығы 150 шақырымнан асты. Бұл жолдарды күтіп ұстау да назарда дейді әкімдік өкілі.
Алпамыс Мұңайтпасов, Астана қаласы қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасы бөлімінің бас маманы:
- Мына веложол салған кезде арнайы өзінің астында бетонды негіздемесі бар. Оның үстіне былай айтқанда тартан қосылады немесе төбесіне асфальтированный үстеме орналастырылады. Өздерінің обслуживающий компаниясы болады. Яғни ол арнайы қыс мезгілінде тазаланып отырады. Жазда тазаланып отырады. Яғни алғашқы бір-екі жылға төзімді болады. Әрі қарай енді біздің елордамыздың халқы жақсы қараса, әрі қарай төзіп бере алады.
Биыл да веложолдар құрылысы жалғасады. Жалпы ұзындығы 25 шақырым жол төселмек. Негізінен қаланың жаңадан бой көтерген аудандарында салынады. Енді жол ұзарса, велосипедшілер қатары бұдан артары анық.
Нұрқанат Қанапия, Абдулхамит Бөлекбаев
Тегтер #көлік #велосипед #өмір сүру ұзақтығы #24KZ #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz