RU
Толық нұсқаға өту

Құрылыс нарығында адал бәсеке орнайды

15.07.2026, 08:15 70

Жыл басынан бері ел экономикасы 4 пайыздан асты. Соның ішінде құрылыс саласының маңызы зор. 

Мемлекет басшысы Үкіметке қазіргі қарқынды бәсеңдетпеуді тапсырды. Енді елде әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандар салу бойынша бағдарлама түзіледі. Ал тұрғын үй бағасы қалай құбылады? 

Құрылыс компанияларының жартысына жуығы жұмысын тоқтатуы мүмкін. Өйткені елде құрылысшылардың цифрлық реестрі жасақталып жатыр. Үш санатты лицензия талабына сай болмаған компаниялар нарықтан кетуі керек. Шілдеде күшіне енген құрылыс кодексінің бір нормасы бұл. Осылайша, әділ бәсеке орнату көзделеді. Әрине лицензия бірден алынып қоймайды. Құрылысшыға 1 ай мұрсат беріледі. Осы аралықта олқылықтың орнын толтырып үлгеру керек. Қазір елде 80 мың компанияның арнайы лицензиясы бар, бірақ дені құрылыс саласына үлес қоспаған болуы мүмкін.

Қазір елде жосықсыз құрылыс компанияларының бірыңғай тізілімі бар. Ол да биылғы шілдеде іске қосылған. Азаматтар үй аларда қызмет көрсетуші ұйымның беделін бірден тексере алады. Бұл үшін арнайы портал жұмыс істеп тұр. Онда құрылысқа рұқсат құжаты, мемлекеттік сараптама нәтижесі және құрылысшының мәртебесі айқындалған. 

Қуандық Қажкенов, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі:

- Қазіргі таңда бұл реестрге ешбір компания енгізілген жоқ. Бұған дейін орын алған жағдайларды реестрге қоса алмаймыз. Реестрге тек жаңадан анықталған фактілер енгізіледі. Мысалы, заңда көзделген екі негіз расталған жағдайда, компания осы реестрге енгізіледі. Реестрге енгізілген компаниялар онда үш жыл бойы болады. Осы мерзім ішінде оларға заңсыз құрылыс жұмыстарын бастауға немесе үлескерлердің қаражатын тартуға тыйым салынады.

Әлеуметтік нысандар салуға ден қойылады

Елде әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандар салуға басымдық беріледі. Мемлекет басшысы ауқымды бағдарлама түзуді міндеттеді. Қазірдің өзінде құрылыс секторы ел экономикасының негізгі драйвері. 4,1 трлн теңге игерілді.   Мәселен, жыл басынан бері 8,5 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Бұл 6,7%-ға көп. Әйтсе де мамандар көрсеткішке былтыр басталған құрылыс жұмыстары әсер еткенін мойындайды. Енді халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға бейімделген жаңа жобаларды пысықтау маңызды.

Құрылыс сапасына талап күшейді

Айтпақшы құрылыс сапасына да талап күшейді. Енді мемлекеттік бақылау органдары тапсырыс берушінің алдын ала ұсынған кестесі бойынша құрылыс нысандарын тексеруге құқылы. Бұрын ол арыз-шағымдар, мемлекетік органдардың хаттары, прокуратура тапсырмалары негізінде жүзеге асатын. Техникалық қадағалаушылар да өздігінен шешім қабылдай алмайды. Қорытынды мемлекеттік сәулет-құрылыс мамандарының келісімі бойынша бекітіледі. Мердігер компаниялардың құрылыс нысанына беретін кепілдік мерзімі де қайта қаралды. 

Елдос Ақбердиев, ҚР ӨҚМ мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының бас сарапшысы:

- Құрылыс кодексі күшіне енген күннен бастап, құрылыс нысандарының сапасына берілетін кепілдік мерзімі кемінде 5 жыл болып белгіленді. Ал тіреу және қоршау конструкциялары мен шатыр конструкцияларына кемінде 10 жыл кепілдік мерзімі қарастырылған.

Кезекте тұрғындарға жеңіл несиелеу сақталады

Ал ҚҚС нарыққа қалай әсер етеді? Құрылыс компаниялары биыл салынған үйлердің бағасы өзгеретінін ескертіп отыр. Өйткені жаңа тәртіп бизнес шығынын арттырады. Бұл пәтердің өзіндік құнына кірері заңды. «Алайда баға шарықтап кетпейді, тек компаниялар маржасы төмен жобалардан бас тартуы мүмкін», - дейді сарапшылар. Ал мемлекет тұрғын үй бағасын бақыламайды. Дегенмен кезекте тұрған жандарға жеңілдетілген бағдарламалар бар. Соның нәтижесінде былтыр 14,5 мың отбасы баспаналы болды. Жылдық 2 және 5 пайыздық жеңілдетілген несиелеуге Үкімет 155 млрд теңге жұмсайды. Қазір 900 мың қазақстандық тұрғын үй кезегінде тұр. 

Өткен айда елде 39 мыңнан аса сатып алу – сату келісімі жасалды. Ұлттық статистика көрсеткіштің 28% өскенін аңғартады. Урбандаудың әсері болар, Алматы, Астана, Қарағанды қалаларындағы қарқын күшті. Азаматтар бір бөлмелі пәтерлерді алып, қоныс тойын тойлап жатыр. Жер үйлерге де сұраныс артып келеді. Көрсеткіш өткен айдан 36 пайыз артқан.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz