RU
Толық нұсқаға өту

«Славян базары»: қазақ қызы екінші орын алды

18.07.2026, 11:13 73

Қазақстан «Славян базары» халықаралық балалар ән байқауында екінші орын иеленді.

Ел намысын қорғаған 13 жастағы Жасмина Түзелова қазылар алқасын өнерімен тәнті етті. Витебскіде өткен «Славян базары» халықаралық балалар ән байқауының жеңімпаздары анықталды. Бас жүлде Беларусь елінің өкіліне бұйырды. Бірінші орынды Румыниядан келген қатысушы иеленсе, үшінші орын Ресей мен Болгария өнерпаздарына берілді. Ал Қазақстан намысын қорғаған Жасмина Түзелова екінші орынға ие болды. 

Жасмина Түзелова, «Славян базары» балалар музыкалық байқауының ІІ дәрежелі лауреаты:

- Бұл мен күтпеген марапат. Мен білмедім. Өте қуандым осы нөмірге. Себебі авторлық әнді шығару табу өте қиын және де осы сертификатпен авторлық әнді шығарамын бір танымал композитормен.

Жасминаның жарқын өнерін қазылар алқасы да жоғары бағалады. Олардың айтуынша, балалар арасындағы байқауға төрелік ету оңай емес. Дегенмен мұндай халықаралық дода жас өнерпаздардың тәжірибе жинап, шығармашылық шеберлігін шыңдауына мүмкіндік береді. 

Илона Броневицкая, «Славян базары» балалар музыкалық байқауы қазылар алқасының төрайымы:

- Жасмина алғашқы әнін орындаған сәтте-ақ мені ерекше күйге бөледі. Ол табиғи дарыны бөлек, болашағынан зор үміт күттіретін жас өнерпаз. Оның бойында актерлік шеберлік те, әншілік қабілет те бар. Дауысы да айрықша. Жасминаға шығармашылық табыс пен сәттілік тілеймін. 

Бір жылға жуық уақытқа созылған ұлттық іріктеу бірнеше кезеңнен тұрды. Алдымен қатысушылар онлайн өтінім тапсырды. Кейін үздік вокалистер Алматыдағы тікелей тыңдалымда бақ сынады. Қазақстан намысын қорғау мәртебесі Жасминаға берілді. Осыдан кейін жас әнші ұстазымен бірге үш ай бойы байқауға тыңғылықты дайындалды. 

Әділ Ахметжанов, вокал бойынша педагог:

- Жасмин Астанада тұрады. Мен Алматтыда тұрамын. Осы конкурс үшін олар мамасымен бірге Алматыға келіп пәтер жалдап тұрып менімен дайындалды, Дайындық көңілімізден шықты. Біз алдын ала оны тек қана менімен емес жалпы осы істің мамандарымен ақылдастық қандай ән алуымыз керек қалай айтуымыз керек деген сияқты. Сол себепті дайындық барынша жеткілікті болды.

Биыл «Славян базарының» балалар музыкалық байқауында 19 елдің жас өнерпаздары бақ сынады. Осылайша, талантты бүлдіршіндердің өнер додасы өз мәресіне жетті. Енді байқау ересек орындаушылар арасында жалғасады. Бұл сайыста еліміздің намысын 25 жастағы әнші Амалят қорғайды.

Авторлары: Динара Қуандыққызы, Наргиз Рахимжан

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz