RU
Толық нұсқаға өту

2050 жылы смартфондар қолданыстан шығады

28.07.2026, 08:00 58

Енді үш-төрт жылда ұялы телефонға сұраныс азаяды. Ал алдағы 20-30 жылда сматрфондар тіпті керексіз болып қалады. Мұны айтып отырған біз емес, ғалымдар.

Енді гаджеттің орнына не қолданылуы мүмкін? Адам телефонсыз қалай жүре алады?

Сөйтіп адам баласының қолын ұзартып, алысты жақындатқан смартфон да тарихтың бір бетіне жазылып қалады. Яғни, кей адамның жүйкесіне тиген ұялы телефоннан құтылатын күн алыс емес. 

Алдағы 20-25 жылда адамдар соңғы үлгісін асыға күтетін смартфондардың дәуірі өтеді. Тіпті қазір жаңашылдыққа балап отырған ақылды көзілдіріктің өзі ескіруі мүмкін. Мұның орнына смарт линзалар пайда болады. Оны адамдар дауыспен және көзбен басқарады. Демек қазіргідей смартфонның бетін сипауға да ерінетін болады.

Қазір адамдар қысқа бейнероликтерді көп көреді. Телефонды үстелге қойып қарайды. Сол кезде экранды қолмен түртіп отыру ыңғайсыз. Мұны ескерген қытайлық өнертапқыштар ақылды сақина жасап шығарды.

Лу Инавань, компания менеджері:                    

- Саусақпен бір рет сырғытсаңыз, видео әрі қарай жылжиды, ал түртсеңіз, видео тоқтайды. Яғни, бұл - адамдардың күнделікті әдетін зерттеу негізінде жасаған ерекше өніміміз.

Әлемде ғасыр жетістігіне баланған алғашқы смартфон 2007 жылы нарыққа шықты. Бұған 3 Джи секілді интернет желілерінің қарқынды дамуы сеп болды. Ал кейінгі жылдары жасанды интеллект шапшаң, көз ілеспес жылдамдықпен дамып келеді. Сондықтан аз жылда смартфонның орнын ақылды көзілдірік басуы әбден мүмкін. Counterpoint Research компаниясының дерегі бойынша, 2025 жылы бұл нарықтың саудасы 139 пайызға артты. Былтыр тек қытайлық компаниялар смарт гаджеттің 2 млн 460 мың данасын сатқан.

Гуо Юйчэнь, Технологиялық компания президенті:

- Бұл құрылғының екі негізгі қызметі бар. Біріншісі - жасанды интеллект көмегімен дыбыс пен бейне жазу. Екіншісі - сауалдарға жауап береді. Ақылды көзілдірік киіп жүруге ыңғайлы. Дизайны кәдімгі көзілдірікке ұқсайды. Салмағы небәрі - 15 грамм.  Жақтауларын да ауыстыруға болады. Негізгі тұтынушыларымыз - Жапония, Сингапур, Сауд Арабиясы, Солтүстік Америка және Еуропа елдері.

Яғни болашақта экранға үңілудің қажеті болмайды. Мұның орнын галограммалар мен виртуалды бейнелер алмастырады. Ал 21 ғасырдың кереметі деп жүрген смартфондар қоқысқа айналуы мүмкін. Ғалымдар 2050 жылға қарай адамзат ақылды линзаға көшеді деп болжайды. 

Валентин Волков, Технологиялық компанияның бас маманы:

- Ақылды линза "Темір адам" фильміндегі дулығаға ұқсайды. Оны  көзбен, дауыспен, қимылмен басқара аласыз. Ал болашақта мұны тіпті ой арқылы да басқаруға мүмкіндік туады. Яғни, сіз ойлансаңыз болғаны, қажетті ақпаратты көз алдыңызға әкеледі.

Ақылды гаджеттің қарапайым линзадан еш айырмасы жоқ. Көзге орнатылады. MicroLED дисплейі және әлемдегі ең кішкентай микрочиппен жабдықталған. Сөйте тұра мүмкіндігі шексіз, - дейді мамандар.  

Роман Аксельрод, Технологиялық компанияның негізін қалаушы:

- Ақылды линзаға батарея да, антенна да қажет емес. Смарт чиппен ғана жабдықталған. Болашақта адамдар денсаулығын тексеру үшін ауруханаға барып, сабылып жүрмейді. Ағзасындағы өзгерістерді ақылды линза арқылы бақылайды. Сол мәліметтерге сүйеніп, дәрігер диагноз қоя алады.

Бірақ технологияның игілігімен қаупі де қатар жүреді. Ақылды линза электромагниттік толқындар шығарады. Десе де ғалымдар оның қуаты бір ватттың миллионнан бір бөлігіне тең. Яғни, сәулесінің адам ағзасына және миға зияны жоқ, - дейді. Өндірушілер ақылды линзаны 2030 жылға қарай нарыққа шығармақ. Бастапқы құны 2 мың долларға бағаланып отыр. Алайда ақылды линзалар қолданысқа енсе, адамдардың цифрлық тәуелділігі арта түседі деген қауіп бар. Тіпті шынайы өмірді цифрлық әлемнен ажырата алмайтын жағдайға жетуіміз мүмкін, - дейді сарапшылар.

Авторы: Зайнұр Байжігіт 

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz