Енді бірыңғай оператордың кепілдігі пайда болды. Осы арқылы компаниялар жобаны үлескерлік әдіспен жүзеге асырады. Ал коммуналдық желілер арнайы ұлттық жоба шеңберінде жөнделіп жатыр.
Сондай-ақ бұл бағытта тарифті инвестицияға айырбастау тетігі оң ықпал етті.
Елде тұрғын үйлерді жаңарту механизмі өзгерді. Енді бірыңғай оператордың кепілдігі енгізіліп отыр. Мұны Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мәлімдеді. Жаңа тетік арқылы құрылыс компаниялары жобаны үлескерлік әдіспен жүзеге асыра алады, яғни Үлескерлерге бірыңғай оператор кепілдік береді. Ал ескі үйдің иелері «бөлмеге – бөлме» қағидаты бойынша яғни, бұрынғы пәтерінің көлеміне сай жаңасына ие болады. Ведомствоның мәліметіне сүйенсек, қазір елде шамамен 4200 ескі және апатты үй бар. Ондағы меншік иелерін көшіру үшін 3,2 трлн теңге инвестиция қажет. Президент тапсырмасына сәйкес, 2029 жылға дейін шамамен 40 мың меншік иесін жаңа тұрғын үймен қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Осы мақсатта Жер және Құрылыс кодекстеріне, сондай-ақ бірқатар заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.
Қанат Мыңбаев, ҚР ӨҚМ Құрылыс жəне тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары:
- Апатты және тозығы жеткен тұрғын үйлерді реновациялаудың жаңа нарықтық тетігін іс жүзінде іске асыруды қамтамасыз ететін тиісті заңға тәуелді нормативтік-құқықтық актілер қабылданды. 2025 жылы жоспарланған 227 көппәтерлі тұрғын үйдің 101-і бұзылып, соның ішінде жеке инвесторлар есебінен 62 үй, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен 39 үй бұзылды. Жаңа тұрғын үймен қамтамасыз етілген меншік иелерінің саны 2605 адам.
Биыл 224 көпқабатты тұрғын үйді жаңарту көзделген. Қазір соның 44-і сүрілді. Жергілікті атқарушы органдар апатты және тозығы жеткен көппәтерді үйлердің иелерін жаңа баспанамен қамту жөніндегі Жол карталарын қайта бекітті.
Тарифті инвестицияға айырбастау тетігі
Кейінгі екі жылда «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы бойынша тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласына шамамен 605 млрд теңге инвестиция тартылды. Бағдарлама механизмі мынадай.
Тарифтерді көтеру арқылы тапқан қосымша табысты коммуналдық кәсіпорындар түгелімен жаңғырту жұмыстарына жұмсауға тиіс. Мемлекет бұл қаражаттың мақсатты жұмсалуын қадағалайды. Осының нәтижесінде екі жылда 12 мың шақырымнан астам инженерлік желі жөнделіп, инфрақұрылымның орташа тозу деңгейі тағы 6 пайызға төмендеді. Бүгінде «Энергетика және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы жүзеге асырылып жатыр. Бұл бастамаға шамамен 13 трлн теңге инвестиция тартылады.
Ержан Ертаев, ҚР ЭМ Мемлекеттік энергетикалық қадағалау және бақылау комитетінің төрағасы:
- Жөндеу науқанының қорытындысы бойынша электр стансаларындағы негізгі жабдықтардың тозу деңгейі 52 пайызға, ал электр желілерін 65,7 пайызға және жылу желілерінің тозу деңгейін 48 пайызға төмендету көзделіп отыр. Отынмен қамтамасыз ету мәселесі де ерекше назарда. Энергия көздерінің отын қоймаларында 3,7 млн тонна көмір, 143 мың тонна мазут жинақталған. Коммуналдық тұрмыс және халықты көмірмен қамтамасыз ету үшін 7,3 млн тонна көмір дайындау жоспарланып отыр.
5 энергетикалық нысан «қызыл аймақта» тұр
Елдегі 5 жылу энергетикалық нысан сапасы жағынан «қызыл аймақта» тұр. Олар Семей, Орал, Тараз, Ақтау және Теміртау қалаларында орналасқан. Биыл электр стансаларын жөндеуге нысан иелері 384 млрд теңге қарастырып отыр. Бұл былтырғымен салыстырғанда 9%-ға көп. Айта кету керек, бұл қаражат та электр энергиясының тарифі есебінен қалыптасады. Әрбір кәсіпорын жөндеу жұмыстарын бірінші кезекте жүргізуді қажет ететін учаскелерді өз бетінше айқындайды. Бүгінгі таңда «қызыл аймақтағы» нысандар ерекше бақылауға алынды.
Жаңа энергия өндіру нысандары салынады
2029 жылға қарай елде коммуналдық желілердің тозуын 40%-ға дейін төмендету көзделіп отыр. Ұлттық экономика министрлігінің мәліметіне қарағанда, салаға тартылатын инвестицияның 7 трлн теңгеге жуығы коммуналдық секторға, ал 6 трлн теңгесі энергетика секторына жұмсалады. Соның ішінде 27 энергия өндіру нысанын салуды және жаңғырту міндеті тұр.
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #тұрғын үй #ЖЭО #энергетика #Заң мен тәртіпPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz