RU
Толық нұсқаға өту

Қасым-Жомарт Тоқаев су-моторлы спорттан ӘЧ кезеңінің ашылуына қатысты

01.08.2026, 15:09 38

Қырғызстанда су-моторлы спорттан әлем чемпионатының гран-при кезеңі басталды.

Су айдынындағы Формула-1 аталып кеткен жарыстың ашылу салтанатына Орталық Азия мемлекеттерінің президенттерімен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та қатысты. 

Су айдынындағы Формула-1. Жылдамдық пен батылдық, техника мен табиғат тоғысқан ерекше спорт түрі. Қуатты жарыс қайықтары сағатына 250 шақырымнан асатын жылдамдықпен су бетінде жүйткейді. Әр бұрылыс, толқын мен желдің екпіні спортшылардың шеберлігі мен төзімділігін сынға салады. Қырғызстан бұл жарысты алғаш рет қабылдап жатыр. Чемпионатты тамашалау үшін келген туристердің қарасы қалың. Жарыс алдында Орталық Азия елдерінің басшылары чемпионатқа қатысушылармен әңгімелесіп, оларға сәттілік тіледі. Президентке су жарыстарына арналған болид таныстырылды.

Бекзат Аманов, тілші:

Дәл қазір Президенттер жарыс қатысушыларымен кездесіп, пікір алмасуда. Жалпы чемпионатқа 13 елдің намысын қорғайтын 8 команда қатысып жатыр. Ал пилоттардың саны 18.

Жарыс арнайы белгіленген су трассасында өтеді. Әр айналымда спортшылар қайықты асқан дәлдікпен басқарып, әрбір секунд үшін тартысқа түседі. Заманауи технологиямен жабдықталған қуатты қайықтар жоғары жылдамдыққа бейімделсе, жетілдірілген қауіпсіздік жүйелері спортшылардың қорғанысын барынша қамтамасыз етеді. Салтанатты рәсім барысында Орталық Азия мемлекеттерінің көшбасшылары бір мезгілде символикалық тетікті басып, әлем чемпионатын ресми түрде ашты.

Бекзат Аманов, тілші:

- Жоғары жылдамдық, заманауи технология және моторлы қайықтардың құлақ тұндырар дүбірі. Әдетте тіршілігі табиғаттың тыныштығымен өрбитін Ыстықкөл жағасын дәл қазір осылай суреттеуге болады. Су айдынындағы Формула-1 жарысы ресми басталды. Мына көлдің бетінде қазір әлемдегі ең жылдам қайықтар мен ең тәжірибелі пилоттар бақ сынасуда.

Бұл Қырғызстанда тарихындағы ең ірі халықаралық спорттық-мәдени іс-шара. Байрақты бәсекеге Қасым-Жомарт Тоқаевтың келгені бекер емес. Келесі жылы сайыс Қазақстанда өтуі мүмкін. Ұйымдастырушылар Қапшағай су қоймасында өткізуге келісті. Егер жоспар өзгермесе, еліміз бұл жарысты қабылдаған алтыншы ел болады.

Бекзат Аманов

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz