Төрткүл дүниенің басын қосқан байрақты бәсеке.
Астанада жасанды интеллект бойынша ІІІ халықаралық олимпиада басталды. Интеллектуалды сайысқа әлемнің 100-ден астам елінен 500-ге жуық дарынды жас жиналды. Бұл жолы олар жай ғана білімін сынап қоймай, жасанды интеллект модельдерін әзірлеп, күрделі кейстерді шешіп, роботтарды бағдарламалау арқылы өзара бақ сынасады. Сайыстың ашылу салтанатына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та қатысып, болашақ технократтарға сәттілік тіледі.
Риат Шони, тілші:
- Мексика, АҚШ, Бразилия… Жоқ, бұл футболдан әлем чемпионаты емес! Мұнда да әлемнің әр түкпірінен келген командалар бар. Мұнда да ел намысы сыналады. Мұнда да жеңіс үшін тартыс қызу. Бірақ бұл жолы алаңда футболшылар емес, жасанды интеллектіні жетік меңгерген жас дарындар бақ сынайды. Астана төрінде алғаш рет Жасанды интеллект бойынша халықаралық олимпиада өтіп жатыр. Яғни бұл жерде доптың орнына дерек, тактиканың орнына алгоритм, ал басты қару — білім мен логика. Осылайша Астана болашақтың технологиялық көшбасшылары бас қосқан алаңға айналды.
Болгария мен Қытайдан кейін Жасанды интеллект бойынша халықаралық олимпиада жалауы Қазақстанда желбіреді. Айтулы жарысқа әлемнің 100-ден астам елінен 500-ге жуық дарынды жас келген. Арғысы мұхиттың арғы жағындағы АҚШ болса, бергісі іргедегі Қырғызстан, Өзбекстан сынды мемлекеттер бар.
Габриэла Мораес, Бразилия командасының мүшесі:
- Мен Қазақстанға алғаш рет келіп тұрмын. Әдемі ел. Астанадағы зәулім ғимараттар да көздің жауын алады. Негізі өзім бұндай олимпиадаға алғаш рет қатысып отырмын. Менің ойымша, жастардың назарын осы жасанды интеллектке аудару өте маңызды.
Зои Лан, АҚШ командасының мүшесі:
- Халықаралық деңгейдегі бұндай олимпиадаға алғаш рет қатысып отырмын. Қазақстан командасының мүшелерімен де танысып үлгірдік. Интеллектуалды жағынан мықты. Осы сайыста жақсы нәтиже көрсете алады деген ойдаймын.
Айта кету керек, бұл олимпиадада өнер көрсететін ұлттық құрама мүшелері әр өңірден іріктеліп алынған. Ал оларды осы сайысқа дайындау үшін Google, Microsoft сынды әлемнің алпауыт компанияларында жұмыс істейтін мамандар тартылған екен.
Айта кету керек, былтырғы олимпиадада Қазақстан құрамасы сәтті өнер көрсетіп, жалпыкомандалық есепте төртінші орыннан көрінген.
Дінмұхаммед Ынтықбай, Қазақстан командасының мүшесі:
- Дайындық жаздың басынан бері болып жатыр. 15 адамды сборныйға алып, дайындау лагеріне шақырды. Бірінші дайындау лагеріне 15 адам келіп, 2 апта бойы әр түрлі лекторлармен, тренерлермен дайындалып, әр түрлі есеп шештік. Соның нәтижесінде 8 ең үздік баланы Қазақстан командасына алды.
Жасанды интеллект бойынша халықаралық олимпиадада қатысушылар жай ғана есеп шығарып қоймайды. Олар машиналық оқыту, деректер ғылымы және нейронды желі алгоритмдерін пайдалана отырып, күрделі тапсырмалардың шешімін табуы керек. Практикалық сынақты орындау үшін Қытайдан арнайы роботтар да әкелінген екен.
Бағдат Мусин, Қазақстан спорттық бағдарламалау федерациясының президенті:
- Екі түрлі сайыс болады жарыстар. Біріншісі — ол индивидуалды жағынан, екіншісі командалық жағынан. Индивидуалды жағынан алты сағаттың ішінде жасанды интеллект модельдерін жасап, түрлі-түрлі кейстерді шешуге тура келеді. Екіншісі — топтық жарыста олар роботтарды бағдарламалаумен айналысады. Біз Қытайдан осы олимпиадаға арнайы 10 роботты алып келдік. Сол 10 роботты олар өздері бағдарламалап, өздері өздерінің бағдарламасын сол роботтарға жүктеп, оны қалай жұмыс істеуін көрсетеді. Жюрилер сосын өздерінің шешімін айтады.
Толық цифрлық мемлекетке айналу міндетін алған Қазақстанда бұндай Олимпиаданың өтуі заңдылық. Қазір еліміз Біріккен Ұлттар Ұйымының электронды үкіметті дамыту индексінде 193 мемлекеттің арасынан 24-орын алады. Жаңа технологияларды енгізуге әзірлік деңгейі бойынша да Қазақстанда Орталық Азияда көш бастап тұр. Шараның ашылу салтанатына қатысқан Президент қазір бірыңғай инновациялық экожүйе құрып жатқанымызды да мәлімдеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Мұнда жасанды интеллект мемлекетті, экономиканы, бизнесті басқарудың маңызды тетігі ретінде қоғам өмірінің барлық саласына дендеп енеді. Былтырғы Жолдауымда алдағы үш жыл ішінде Қазақстанды толық цифрлық мемлекетке айналдыру бойынша нақты міндет жүктедім. 2026 жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялау да – осы стратегиялық бағдарды жүзеге асыруға бағытталған қадам.
Сондай-ақ 1 шілдеде күшіне енген елдің жаңа Ата заңында да инновацияны дамыту мемлекет қызметінің стратегиялық бағыты деп көрсетілген. Демек, Қазақстан ғалымдар, инженерлер, IT мамандары мен жасанды интеллект саласының көшбасшыларына үлкен сенім артып отыр. Әрі жастардың бұл бағытта дамуына барынша жағдай жасауда.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Білім қай заманда да халықты біріктіріп, адамзатты өркениеттің шыңына жетеледі. Сіздердің қарым-қабілеттеріңіз медицина, білім, экология және басқа да өте маңызды салалардағы тың шешімдерге негіз бола алады. Дәл осы олимпиадада әлемді өзгертетін жаңа идеялар мен жобалар дүниеге келуі мүмкін.
Сөз соңында Мемлекет басшысы олимпиада қатысушыларына сәттілік тіледі. Сондай-ақ Президент байқау тапсырмаларымен және автономды роботтың мүмкіндіктерімен танысып шықты. Негізі елорда төрінде бастау алған дарынды жастардың додасы тамыздың 8-іне дейін жалғасады.
Риат Шони, Асхат Серікұлы
Тегтер #Тоқаев #жасанды интеллект жылы #Олимпиада #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz