"Болашақ ойындары" халықаралық мульти-спорттық турнирі жаһандық аудитория рекордын жаңартуға жақын. Жарыстың алғашқы төрт күнінде трансляциялар 85 миллионнан астам қаралым жинады. Қазіргі қарқын сақталса, сайыс аяқталғанға дейін бұл көрсеткіш 490 миллионға жетуі мүмкін. Әсіресе көрермен саны финалдық кездесулер кезінде артады.
Мәселен, ертең Dota 2, ал 8-9 тамызда Counter-Strike 2, Mobile Legends: Bang Bang және фиджитал-футбол бойынша шешуші ойындар өтеді. Биыл жоба ауқымы айтарлықтай кеңейді. Медиа-серіктестер саны 27-ден 54-ке, ал ресми стримерлер 58-ден 120-ға дейін артты. Дүбірлі дода 16-дан астам тілде көрсетіліп жатыр.
Турнир матчтары Қытай, ТМД елдері, Үндістан, Латын Америкасы сынды өңірлердегі жетекші телевизиялық және сандық арналар арқылы таралуда. Көрермен санының артуына цифрлық платформалардың ықпалы зор. Былтырғы турнирде қаралымның 82 пайызға жуығы стримингтік сервистерге тиесілі болған.
Тегтер #ЖИ және цифрландыру #Болашақ ойындары #қаралымPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz