Бүгін - Құрылысшы күні. Жалпы аталған сала - ұлттық экономиканың жетекші бағыттарының бірі. Құрылысшылар мемлекеттің өсіп-өркендеуіне өлшеусіз үлес қосып келеді.
Елдің басты инфрақұрылымы, тұрғын үйлер мен негізгі әлеуметтік нысандары осы мамандық иелерінің маңдай терінің арқасында салынады. Бүгінде секторда 600 мыңнан астам қазақстандық еңбек етеді.
Соңғы жылдары Қазақстанда құрылыс саласының өсу қарқыны айтарлықтай артты. Сарапшылардың мәлімдеуінше, оның жалпы ішкі өнімдегі үлесі тек 6-7 пайызды құрағанымен, экономикаға тигізетін мультипликативтік әсері әлдеқайда жоғары. Қазір бұл сектордың әлеуетін жақсарту үшін бірқатар маңызды шешім қабылданып жатыр. Осы орайда құрылыста жүрген қарапайым жұмысшылардың еңбегін де ұмытпаған абзал.
Виктор Микрюков, Қазақстан құрылысшылар қауымдастығының президенті:
- Ең алдымен құрылысшы мамандығының беделі туралы айтсақ, бұл - аса ауыр әрі жауапкершілігі жоғары қызмет екенін түсіну керек. Қыстың қақаған аязында, 30 градус суықта құрылыс алаңында монолит құйып жүрген мамандардың еңбегін нағыз ерлікке теңеуге болады. Олар биіктікте, күшті жел соққанда да жұмысын тоқтатпайды. Құрылысшыларды тек сөзбен ынталандыру мүмкін емес. Сондықтан лайықты еңбекақы төлеу мәселесіне ерекше көңіл бөлінуі тиіс. Жалақы атқарылған жұмыс көлеміне қарай төленгені жөн. Ал қызметінде жоғары нәтиже көрсетіп, жұмысты мерзімінен бұрын әрі сапалы орындаған мамандар үшін бонустық көтермелеу жүйесін енгізу қажет.
Саладағы негізгі бағыттардың бірі - тұрғын үй құрылысы. Мұнда ауыз толтырып айтатын нәтиже аз емес. Тәуелсіздік алғаннан бері елімізде жалпы аумағы шамамен 260 миллион шаршы метр баспана пайдалануға берілді. Бұл - 2,4 миллионға жуық жаңа пәтер. Ал 2030 жылға қарай бір тұрғынға шаққандағы тұрғын үймен қамтамасыз ету көрсеткішін 30 шаршы метрге жеткізу стратегиялық мақсат ретінде белгіленген. Бұл Қазақстандағы тұрғын үймен қамту деңгейін дамыған мемлекеттердің көрсеткішіне жеткізуге мүмкіндік береді.
Қанат Мыңбаев, ҚР ӨКМ Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары:
- Мемлекет басшысының сайлауалды бағдарламасына сәйкес 2023-29 жылдары елде 15,3 млн шаршы метрден жоғары жылда үй салу тапсырылған. 2023 жылы бұл көрсеткіш 17,8 млн шаршы метр, 2024 жылы 19,1 млн шаршы метр, 2025 жылдың қорытындысымен 20,3 млн шаршы метр болды. Мемлекет басшысының тапсырмасы артығымен орындалып келе жатыр.
Айта кетерлігі, биыл елімізде жаңа Құрылыс кодексі күшіне енді. Құжатта құрылыс сапасы мен қауіпсіздігіне қойылатын талаптар күшейтіліп, мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауының тетіктері жетілдірілді. Сонымен бірге құрылысшылардың жауапкершілігі де артты. Кодексте саланы цифрландыруға ерекше мән берілген. Енді Бірыңғай мемлекеттік ақпараттық жүйе құрылып, рұқсат беру мен келісу рәсімдерінің басым бөлігі электронды форматқа көшіріледі. Бұл әкімшілік кедергілерді азайтып, құрылыс саласындағы ашықтықты қамтамасыз етуге сеп болмақ.
Авторлары: Дариға Ташенова, Нұрғали Мамырбаев, Вячеслав Шурыгин
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #Құрылысшылар күні #маман #мерекеPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz