Биыл агроөнеркәсіп кешендері минералды тыңайтқышты қолдану көлемін арттырады. Себебі оларға топырақ сапасын жақсарту және бақылау бойынша бірқатар талап қойылып отыр.
Көміртекті егіншілікті дамытуға халықаралық ұйым қолдау көрсетеді. Ал шалғайдағы жайылымдарды тиімді пайдалану үшін шаруаларға жеңілдетілген несие беріле бастады.
Кейінгі екі жылда елдегі шаруалар минералды тыңайтқыштарды қолдану көлемін үш есе арттырып, 1,8 млн тоннаға жеткізді. Ал биылғы меже одан да көп. Жылдың аяғына дейін 2,3 млн тоннаға жеткізу жоспарланып отыр. Бүгінде бұл бағытта жасалған өзара келісімшарттардың 83 пайызы орындалған. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметі осындай. Сонымен қатар шалғайдағы жайылымдарды тиімді пайдалану және шаруаларға қолдау көрсету мақсатында «Жайлау» бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Соның негізінде кемінде 300 ірі қара немесе 1 000 ұсақ мал өсіретін жаңа агроқұрылымдар құруға мүмкіндік бар. Шаруалар 200-ден 350 млн теңгеге дейін жеңілдетілген несие алып жатыр.
Дайдарбек Сапаров, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:
- Мал шаруашылығы саласына биыл арнайы бағдарламалар әзірледік. Олар – «Игілік», «Береке» және «Жайлау» бағдарламалары. Осы бағдарламалар аясында ірі қара және ұсақ мал шаруашылығына несие беру басталды. Сонымен қатар қайта өңдеу саласын дамытуға кірісеміз. Қазір де қайта өңдеу жұмыстары жүргізіліп жатыр, бірақ оны бұдан да жоғары деңгейге көтеріп, терең өңдеуге көшу қажет. Осы бағытта да ұмыстарымыз бар. Сондай-ақ экспорт көлемін ұлғайту керек. Биыл экспорт көлемі 7 млрд АҚШ долларына жетті.
Шаруалар топырақ сапасын бақылауға міндетті
Таяуда қабылданған арнайы заңға сәйкес, «жер» мен «топырақ» ұғымы бөлек қарастырылып, шаруаларға бірқатар талап қойылды. Мәселен, аумақтың құнарлылығын сақтау мақсатында агрохимиялық өңдеу міндеттеледі. Сонымен қатар жер телімдерінің өлшемі мен топырақ сапасы туралы деректер көрсетілген цифрлық паспорт беріле бастайды. Алдағы уақытта шаруалардың өзі топырақ жағдайына тұрақты түрде талдау жүргізуі керек. Егер талдау деректері бірыңғай базаға енгізілмесе, оларға мемлекеттік қолдау шаралары көрсетілмейді. Елде мемлекеттік институт 53 млн гектар аумақты зерттеген. Соның 2,7 млн гектары тозғаны белгілі болды. Оған климаттық өзгерістер ғана емес, адами факторлар да әсер етіп отыр.
Каналбек Раймбеков, Жерлерге зерттеп-қарау жұмыстарын жүргізу мемлекеттік институты бас директорының кеңесшісі:
- Бұл норма бойынша жер телімін енді алатындарға 1 қаңтардан бастап бірден жер паспорты беріледі. Ал жерді бұған дейін алған ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне жер паспорты өздерінің өтініштеріне сәйкес жасалады. Менің ойымша, тауар өндірушілердің бұған ынтасы болады. Өйткені ауыл шаруашылығына берілетін мемлекеттік қолдау шаралары да осы паспортқа қарай бейімделеді.
Көміртекті егіншілікке басымдық беріледі
Елде көміртекті егіншілікке басымдық беріліп жатыр. Тиісті жұмыстар БҰҰ-ның Азық түлік және ауыл шаруашылығы ұйымымен бірге жүзеге асырылады. Қос тарап топырақтағы органикалық көміртекті бақылауға арналған ұлттық жүйе әзірлеуге кірісті. Онда нақты деректер алуға, жер ресурстарын тиімді игеру тәсілдерін бағалауға және көміртекті егіншілікті дамытуға мүмкіндік қарастырылған. Бұл бастама тараптар арасында екі жыл бұрын іске қосылған серіктестік бағдарламасы негізінде қолға алынып отыр. Бағдарламаны Ауыл шаруашылығы министрлігі 10 жыл бойы қаржыландырады. Жыл сайын кемінде 2 млн доллар қарастырылған. Ведомствоның мәліметіне қарағанда, бүгінде біздің ел бұл жобаға 5,6 млн доллар жұмсады.
1 млн гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды
Ауыл шаруашылығы мақсатында жер телімдерінің кейбірі игерілмей жатыр. Мемлекет тиісті заңнама талаптарын орындамаған шаруалардан жылжымайтын мүлікті қайтарып алады. Биылдың өзінде осындай 1 млн гектардан астам аумақ мемлекет меншігіне кері өтті. Енді ол жер телімдері іскер жандарға беріліп, мемлекеттік бақылау күшейтіледі.
Тегтер #ауыл шаруашылығы #тыңайтқыш #Агроөнеркәсіп #Басты жаңалықтарPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz