RU
Толық нұсқаға өту

Инвестициялық жобаларды ЖИ бағалайды

20.08.2026, 08:00 36

Инвестициялық жобалардың қайсы тиімді, қайсы тиімсіз? Мұны енді жасанды интеллект анықтайды.

Жаңа жүйе нарықтағы мүмкіндік пен өнім сапасын, қаржылық әлеуетті, тіпті құқықтық мәселелер мен команданың деңгейін жіті саралайды. Сөйтіп мамандар апталап талдайтын алгоритммді санаулы минутта атқарып, шешім қабылдайды.

Ақша бар жерде тәуекел де, қауіп-қатер де бар. Сондықтан инвестиция салмас бұрын әр жоба мұқият тексеріледі. Оның нарықтағы орны, даму бағыты, қаржылық жағдайы, бәсекелестері мен ықтимал тәуекелдері бағаланады. Ал мұндай көлемді ақпаратты жинап, талдау айтарлықтай уақыт пен күш-жігерді талап етеді. Енді сол бейнетті жұмыстың бір бөлігін жасанды зият атқарады. Бүгінде платформадан елуден астам стартап жоба өткен. Жүйенің дәлдік деңгейі - 99 пайыз.

Марат Толыбай, ACTIVAT VC компаниясының негізін қалаушы:

- Бұл жүйенің тағы бір ерекшелігі - кері байланыс алу мүмкіндігі. Стартаптарға көп жағдайда қаржыландырудан бас тарту себебі түсіндірілмейді. Ал, жасанды интеллект оның әлсіз тұстарын анықтап, қалай жетілдіруге болатыны жөнінде нақты ұсыныстар береді. Инвестиция ала алмаған жоба кемшін тұстарын талдап, қателіктерін түзете алады. Осылайша, келешекте жобаның тартымдылығын арттырады.

Алайда жасанды интеллект үкім шығарушы емес, кеңесші ғана. Яғни, ол ұсыныс береді, ал инвестиция бойынша түпкі шешімді адам қабылдайды. Ол инвестордың орнын баспайды, керісінше жұмысын жеделдетіп, мүмкіндігін кеңейтеді, - дейді мамандар.

Әлібек Сұлтанғазин, BGLOBAL VENTURES инвестициялық директоры:

- Жасанды интеллект көмегімен көлемді деректерді өңдеуге кететін уақытты 30-40 пайызға қысқартуға болады. Венчурлік нарықтағы жаңа кезең басталды. Мәселен, АҚШ-та, әсіресе жеке инвестициялық қорларда цифрлық көмекшілер кеңінен қолданылады. Жасанды зердені қауіпсіз әрі дұрыс дамытса және сенімді ақпарат беретін отандық тілдік модельдерді жетілдірсе, оның әлеуеті зор. Бұл ең алдымен бизнестегі ашықтықты арттыруға және шешім қабылдау процесінің тазалығын қамтамасыз етуге көмектеседі.

Жасанды зияттың мүмкіндігі артқанымен, оны қолдануда шектеулер де бар. Мәселен, инвестициялық талдауда компаниялардың жеке деректерін ашық жүйелерге енгізу қауіпсіздік талаптарына сай келмеуі мүмкін. Сондықтан мамандар ақпараттың қорғалуына да жіті мән береді.

Авторлары: Дильназ Тұрғазыева, Санжар Біргебаев, Мадияр Қындыбаев 

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz