RU
Толық нұсқаға өту

Президент Құрылтайдың алғашқы құрамына айрықша жауапкершілік жүктеді

28.08.2026, 17:00 24

Ерекше қажеттілігі бар балаларды жан-жақты қолдау жөніндегі заңға баса назар аудару қажет.

Қасым-Жомарт Тоқаев бірінші шақырылымдағы Құрылтайдың бірінші сессиясында депутаттарға осылай деп жауапкершілік жүктеді. Бұдан бөлек Президент 16 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желіге тіркелуіне заң арқылы тыйым салу мәселесіне тоқталды. Алтын визаның маңызы мен көші-қон саясаты жайлы да сөз қозғалды. Тарихи жиында тағы не айтылды? 

Әлішер Әли, тілші:

- Қос палаталы Парламент тарих қойнауына кетті. Тәуелсіздік жылдары толайым істің басында тұрған заң шығарушы органның жолын енді Құрылтай жалғайды. Бүгін аты да, заты да өзгерген Құрылтайдың алғашқы жиыны өтті. Президент “бұл тарихи сабақтастықты сақтап, өткен күннің тағылымы арқылы болашақты бағдарлауға жасалған қадам” деген еді. Жаңарған Құрылтайдың құрамына енген 145 депутатқа ел үмітін үкілеп қарап отыр. Халық сапалы заң, салмақты іс күтеді.

Еліміз дамудың даңғыл жолына түсіп, жаңа өрлеу кезеңіне қадам басты. Мемлекет басшысы осылай деп алғашқы құрылтай отырысының шымылдығын ашты. Қасым-Жомарт Тоқаев жиынға қатысушыларды құттықтап, сайлаудың мәні мен мазмұнына кеңінен тоқталды. Құрылтайдың алғашқы құрамына айрықша жауапкершілік жүктелетінін айтып, тамыры тереңде жатқан тарихты да қаузап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Ата-бабамыз ел тағдыры шешілетін сындарлы сәттерде Құрылтай шақырған. Мысалы, Талас құрылтайы алып империя – Алтын орданың құрылуына себепкер болды. Ал Ордабасы құрылтайы қиын-қыстау кезеңде барша қазақты бір байрақтың астына жинады. Бұл ұғым Ұлы даладағы парламентаризм институтының жылнамасы тереңде екенін айғақтайды. Сондықтан заң шығарушы органға Құрылтай деген атау бердік. Бұл өткенді көксеу емес. Бұл тарихи сабақтастықты сақтау, саяси дәстүрді заманауи басқару жүйесімен ұштастыру деген сөз.

Құрылтай билік жүйесінде іргелі өзгерістерге жол ашады. Яғни құзіреті мығым. Конституциялық сот судьялары, Орталық сайлау комиссиясының, Жоғары аудиторлық палатаның мүшелері Құрылтайдың келісімімен тағайындалады. Депутаттар Президенттің ұсынысымен Жоғарғы сот судьяларын сайлап қана қоймай, қызметінен де босата алады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Бір сөзбен, Құрылтайға атқарушы және сот билігін қалыптастыруға, ел тағдырын айқындайтын стратегиялық маңызы бар мәселелерді шешуге қатысты аса ауқымды құзырет берілді. Біз осылайша заң шығарушы органның ықпалын едәуір күшейттік. Бұл билік тармақтары арасындағы өзара теңгерім жүйесі нығая түседі деген сөз. Жалпы мемлекеттік және қоғамдық институттарды жүйелі түрде жаңғырту жұмысы жыл соңына дейін жалғасатын болады.

Осыдан кейін Президент бірінші сессияда қабылдануы тиіс бірқатар маңызды заңдарды жіпке тізді. Соның бірі еліміздің көші-қон саясатын жетілдіру. Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет тиісті заң жобасын Құрылтайға жолдап, депутаттарымыз оны тезірек қарағаны жөн болар деді. Одан бөлек, ұлтымыздың зияткерлік әлеуетін нығайту үшін «Кітапхана және баспа ісі туралы» құжат әзірлеп, Құрылтайға енгізуді тапсырды. Жиында алтын визаның маңызы мен мәдениет саласына енгізілген мәртебелі марапаттар жайлы да сөз қозғалды. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Тағы бір мәселе. Біз елімізге кәсіби тұрғыдан жоғары білікті мамандарды, заманауи технологияларды және шетел капиталын көптеп тарту үшін жүйелі шаралар қабылдап жатырмыз. Бұл іске тың серпін беру үшін «Алтын визаны» енгізудің маңызы зор. Бұдан бөлек мен таяуда «Шәмші Қалдаяқов» медалі мен «Қазақстанның еңбек сіңірген суретшісі» құрметті атағын енгізу жөнінде тапсырма бердім. Бұл мәртебелі марапаттар ұлт мәдениетіне қалтқысыз қызмет етіп, соның ішінде музыка және бейнелеу өнерін дамытуға елеулі үлес қосқан азаматтарға беріледі. Енді осы бастаманың заңнамалық негізін қалыптастыру қажет.

Бұдан бөлек Құрылтай қос палаталы Парламенттің депутаттары қарап үлгермеген бірқатар заң жобасын қабылдауға тиіс. Қасым-Жомарт Тоқаев ерекше қажеттілігі бар балаларды жан-жақты қолдау жөніндегі заңға баса назар аудару қажеттігін айтты. Әсіресе медициналық және әлеуметтік қызметтердің сапасын арттыру керек деді. Сондай-ақ президент 16 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желіге тіркелуіне заң арқылы тыйым салу мәселесіне де тоқталды. Ендігі кезек депутаттарда.

Жанарбек Әшімжан, ҚР Құрылтайының депутаты:

- Қасым-Жомарт Тоқаев құрылтайдың басшылық құрамына Айбек Дәдебайдың кандидатурасын ұсынды. Ал вице-президент пен Премьер-министр бойынша ұсыныс құрылтай құрылымы жасақталған соң енгізілетінін айтты. Мемлекет басшысының жыл сайынғы Қазақстан халқына Жолдауы болса, Құрылтай мен Үкімет құрамы толық айқындалғаннан кейін жарияланады.

Айдарбек Қожаназаров, ҚР Құрылтайының депутаты:

Құрылтай мемлекет пен халықтың арасында дәнекер болып, ұлтымызды ортақ іске ұйыстыруы қажет. Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзін осылай деп қортындылап, алғашқы депутаттарға айрықша жауапкершілік жүктеді. Иә, бұқара 145 депутатқа үміт артып отыр. Сапалы заң, салмақты іс күтеді. Мемлекет басшысы да әрбір шешім елдің тағдырына, мемлекеттің болашағына тікелей ықпал етеді, сондықтан депуттар қоғамға пайдасы тиетін шаруамен айналысу қажет деді.

Әлішер Әли, Асхат Қарақойшиев

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz