RU
Толық нұсқаға өту

Таулы аймақтарға қауіп төніп тұр

31.08.2026, 08:23 150

Непал мен Қытай шекарасында, Гималай тауында болған алапат тасқын әлем назарын таулы аймақтардағы климаттық қауіпке аударды. 

Ғалымдар мұндай оқиғаларды зерттей келе, биік таулардағы мұздықтар мен мәңгі тоңның әлсіреуі қауіпті күшейтті дейді. Бұл – бір ғана елдің мәселесі емес. 

Біріккен Ұлттар Ұйымының дерегі бойынша, мұздықтар әлемдегі тұщы судың 55-60 пайызын береді. Ал таудан бастау алатын тіршілік нәріне 2 млрд-тан астам адам тәуелді. 

Мұздықтар – табиғаттың алып су қоймасы. Қыста қар мен мұз жинайды, жазда біртіндеп еріп, өзендерді суға толтырады. Алайда жер беті жылынған сайын бұл табиғи жүйенің тепе-теңдігі бұзылып барады. Дүниежүзілік метеорологиялық ұйымның дерегі бойынша, 2024 жылы әлемдегі мұздықтар шамамен 450 млрд тонна мұз еріп кеткен. Бұл – гидрологиялық бақылау тарихындағы ең ірі шығындардың бірі. Ал 2000 жылдан 2023 жылға дейін мұздықтар 6 трлн 542 млрд тонна мұз жоғалтты. Осы кезеңдегі мұздықтардың еруі дүниежүзілік мұхит деңгейін шамамен 18 миллиметрге көтерген. Ғалымдар қауіп осында екенін ескертеді. Яғни мұның арты алапат су тасқынына әкеліп, болашақта су тапшылығы, азық-түлік дағдарысы, көші-қон мәселесін күшейтеді. 

Температураның әрбір жоғарылауы криосфералық аймақтардағы қауіптерді күшейте түседі. Мұздықтардың шегінуі мен қардың еруінен болатын су тасқындары, көшкіндер және тұщы су тапшылығы бүкіл әлемдегі таулы аймақтарға елеулі қауіп төндіреді. 

Хэмиш Притчард, Британ антарктика қызметінің гляциологы:

- Зерттеулерге қарасақ, Непалдағы Лангтанг өзені бассейнінде мұздықтардың еру қарқыны 1964 жылдан бері төрт есе өскен. Дәл қазір болып жатқан жағдай, осыдан 11 жыл бұрын да болып, жер сілкінісінен туындаған қар көшкіні Лангтанг ауылын қиратып кеткен. Былтыр да, қазір апат болып жатқан Бхотекоши өзенінде тасқын болып, адамдар зардап шеккен еді. 

Таулы аймақтарға төнген қауіп тек Непал, Қытай немесе Үндістанмен шектелмейді. Әлемде таулы аумақтары бар ондаған мемлекет бар. Ал таудан бастау алатын өзендер көптеген жағдайда бірнеше елдің аумағы арқылы өтеді. Сондықтан бұл халықаралық су қауіпсіздігінің мәселесі. Ең осал аймақтардың қатарында Гималай, Памир, Тянь-Шань, Кавказ, Альпі және Анд таулары бар. Гималайдағы су ресурстарының өзгеруі Қытай, Үндістан, Непал, Пәкістан, Бутан, Бангладеш және Ауғанстан сияқты елдерге тікелей әсер етуі мүмкін. Ал Орталық Азияда бұл мәселе Қазақстанға да қатысты. Қазақстан аумағының басым бөлігі жазық болғанымен, елдің маңызды өзендерінің бір бөлігі көрші таулы аймақтардан бастау алады. Мұздықтардың азаюы Қазақстанға трансшекаралық өзендердегі су көлемі және маусымдық ағыстың өзгеруі арқылы әсер етуі мүмкін. 

Макс Диллей, Дүниежүзілік метеорология ұйымы климат бағдарламасының директоры:

- Алдағы бес жылда Солтүстік жарты шардағы Арктика аймағында температураның жаһандық орташа жылыну деңгейінен үш есе жоғары болуы ықтимал. Бұл әсіресе, полярлық мұз жамылғыларына, мәселен Гренландия мұздығына әсер етсе, оның салдары бүкіл планетаға таралуы мүмкін. Себебі мұздың еруі теңіз деңгейінің көтерілуіне және мұхиттық ағыстардың өзгеруіне ықпал етеді.

Ғалымдар болашақта үш негізгі қауіптің күшеюін болжап отыр. Біріншісі – сел мен су тасқыны. Сосын тау беткейлерінің тұрақсыздануы, көшкіндер жүріп, мұздықтардың опырылуы. Үшіншісі – су тапшылығы. Климат өзгерісі қазірдің өзінде таулы аймақтардың табиғи тұрақтылығын өзгертіп жатыр. Бұл тұста сарапшылар: «Ендігі басты міндет – апатты толық тоқтату емес, оның алдын ала белгілерін анықтап, халықты дер кезінде ескерту», - дейді. Ол үшін мұздықтарды спутник арқылы тұрақты бақылау, өзен деңгейін өлшейтін датчиктер орнату, мұздық көлдерін бақылау және мемлекеттер арасындағы өзара ықпалдастық қажет.

Макс Диллей, дүниежүзілік метеорология ұйымы климат бағдарламасының директоры:

- Қазіргі климат 20-30 жыл бұрын атмосферада қалыптасқан жағдайдың нәтижесі. Егер біз тағы 20-30 жыл күтіп, климаттық дағдарыс толық күшіне енген кезде ғана шығарындыларды қысқартуға шындап кіріссек, ол кезде тым кеш болуы мүмкін. 

Жаһандық орташа температура индустрияға дейінгі деңгейден шамамен 1,5°C жоғары көрсеткішке жақындап келеді. Альпі және полярлық аймақтарда жылыну одан да жылдам жүріп жатыр. Себебі қар мен мұздың еруі жер бетінің жылуды оқшаулау қабілетін төмендетеді.

Қар мен мұздықтардың біртіндеп азаюы жер бетінің шағылыстыру қабілетін төмендетеді. Соның салдарынан жер күн энергиясын көбірек сіңіріп, қыза түседі. Бұл атмосфераның жылынуымен қатар таулардағы мәңгі тоңның еруіне әкеледі.

Ричард Уоллер, Кил университетінің физикалық география саласындағы аға оқытушысы:

- Ғалымдар Гималайдағы апаттың нақты тетіктерін әлі де зерттеп жатыр. Дегенмен олардың көпшілігі жаһандық жылыну салдарынан бүкіл әлемдегі мұздықтар мен мәңгі тоңның әлсіреп бара жатқанын алға тартады.

 

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz