Араға 30 жыл салып, елде тағы бір саяси лауазым пайда болды.
Бүгін Мемлекет басшысы Ерлан Каринді Вице-президент етіп тағайындау туралы Жарлыққа қол қойды. Сөйтіп, ол бұрынғы атқарған қызметінен босатылды. Ал Премьер-министр лауазымына Олжас Бектенов қайта тағайындалды. Құрылтай отырысында сөз алған Үкімет басшысы жыл қорытындысы бойынша экономиканың кемінде 5 пайыз деңгейінде өсуін қамтамасыз ететінін мәлімдеді. Бұдан бөлек Құрылтай отырысында не айтылды? Қасым-Жомарт Тоқаев Вице-президент пен Премьер-министрге қандай тапсырма берді?
Апта бұрын Мемлекет басшысы вице-президентке қатысты сауалға «ол белгілі, сіздер жақсы білетін адам болады» деп жауап берген болатын. Бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев тұспалдаған адамның есімі белгілі болды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Ерлан Қарин – елге танымал азамат. Ол мемлекеттік басқару жүйесінде ұзақ жыл жұмыс істеді, көкжиегі кең, тәжірибесі мол, отаншыл азамат деп айтуға болады. Ауқымды реформаларды сапалы іске асыруға белсенді түрде атсалысты. Мемлекеттің стратегиялық бағдарын, даму жоспарын жақсы түсінеді. Сондықтан Ерлан Тынымбайұлы Қаринді осы лауазымға лайық деп есептеймін.
Қасым-Жомарт Тоқаев құрылтайдан кандидатураны қолдауды сұрап, лауазымның негізгі міндеттеріне тоқталды. Мемлекет басшысының айтуынша, Вице-Президент мемлекеттік басқару жүйесінде айрықша роль атқарып, билік тармақтары арасындағы теңгерімді қамтамасыз етеді. Үкімет және Құрылтай депутаттарымен тығыз жұмыс істеп, Президент айқындаған міндеттерді іске асырады.
Нұрлан Бекназаров, ҚР Құрылтайының депутаты:
- Ерлан Қаринның кандидатурасын 141 депутат қолдады, ал төртеуі қалыс қалды. Сөйтіп, ол Мемлекет басшысының жарлығымен жаңа қызметке тағайындалды. Бұған дейін Ерлан Қарин Президент Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары қызметін атқарған. Сондай-ақ мемлекеттік саясат, қоғамдық даму және стратегиялық коммуникациялар саласында еңбек еткен.
Ерлан Қарин, Қазақстан Республикасының вице-президенті:
- Ендігі мақсат — жаңа конституциялық құндылықтарды қоғамдық өмір қағидатына айналдырып, қоғамдық санада орнықтыру. Кешегі өткен Құрылтай сайлауы, елдегі Конституциялық реформалар қоғамдық өмірге көптеген жаңа есімдердің, жаңа тұлғалардың келуіне себеп болды. Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, бастамаңызбен елде болып жатқан оң өзгерістер отаншыл, мемлекетшіл азаматтардың бәріне осындай ауқымды жұмыстарға араласуға жол ашып отыр. Осы тарихи сәтте барлық ел азаматын Президентіміздің айналасына топтасып, жұдырықтай жұмыла түсуге шақырамын.
О. Бектенов Үкімет басшысы лауазымын жалғастырады
- Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет басшысы лауазымына партия фракциялары жетекшілерінің пікірін ескере отырып, Олжас Абайұлы Бектеновтің кандидатурасын ұсынды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Ол мемлекетшіл, тәжірибелі, білікті азамат. Жауапкершілігін жақсы түсінеді. Бұған дейін Үкімет басшысы ретінде нәтижелі жұмыс істеді. Қазір еліміздің алдында ауқымды міндеттер тұрғанын жақсы білесіздер. Бұл мәселе бойынша Құрылтайдың тұңғыш отырысында толығымен айттым. Қазақстан үлкен құрылыс алаңына айналуда. Түрлі инфрақұрылымдық жобаларды қолға алдық. Алда әлі де көп жұмыс істелуі керек. Жалпы еліміздің Тәуелсіздігі мен Егемендігін нығайтуға, мемлекетімізді одан әрі дамытуға қатысты мәселелер әлі де күн тәртібінде тұр. Бұл мәселелерді бәріміз бірге ойдағыдай, сәтті шешуіміз керек.
Құрылтай Олжас Бектеновті Премьер-министр лауазымына тағайындауға келісім берді. Екінші мәрте Үкімет тізгінін қолға алған Бектенов жоғары сенім көрсеткені үшін Президентке және бірінші шақырылымдағы Құрылтай депутаттарына алғысын білдірді. Сондай-ақ Премьер-министр жыл қорытындысы бойынша экономиканың кемінде 5 пайыз деңгейінде өсуін қамтамасыз ететінін мәлімдеді.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
- Біздің өзара бірлескен жұмысымыз Мемлекет басшысының «Әділетті әрі қуатты Қазақстанды құру» міндетін жедел және сапалы орындауға бағытталады деп сенемін. Жаңа Конституциямыз қабылданып, мемлекетіміздің саяси жүйесінің жаңару үдерісі бастау алған ел дамуының аса маңызды кезеңінде Үкіметті басқару мен үшін айрықша жауапкершілік. Президент мырза, жыл қорытындысы бойынша экономиканың кемінде 5 пайыз деңгейінде өсуін қамтамасыз етеміз. Бұл орайда азаматтарды белсенді жұмыспен қамту арқылы олардың табысының өсуін ынталандыра отырып, инфляцияның деңгейін төмендетеміз.
Мемлекет басшысы құрылтай жиыны аяқталысымен Вице-президент пен Үкімет басшысын жеке-жеке Ақордада қабылдады. Қасым-Жомарт Тоқаев Ерлан Қаринге Құрылтаймен, Үкіметпен және басқа да мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл кезінде Президент атынан өкілдік етуді тапсырды. Ал Үкіметке экономикалық өсімді жеделдету жөнінде тапсырма берді.
Әлішер Әли, Марат Диханбаев
Тегтер #үкімет #экономикалық өсім #тапсырма #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz