RU
Толық нұсқаға өту

Қ. Тоқаев VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу салтанатына қатысты

31.08.2026, 23:00 29

Көшпенділер өркениетінің рухы қайта жаңғырып, Бішкек бүгін әлем назарын өзіне аударды.

Қырғызстанда VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары басталды. Жүзден астам елдің өкілдері бас қосқан дүбірлі дода тек ұлттық спорт түрлерінің бәсекесі емес, ғасырлар бойы қалыптасқан салт-дәстүр мен ортақ мәдени мұраны дәріптейтін үлкен алаң. Қазақстан да бұл ойындарға ең мықты спортшыларын бастап келді. Ашылу салтанатына Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та бауырлас елдің басшысы Садыр Жапаровтың арнайы шақыртуымен қатысты.

Риат Шони, тілші:

- Бір қарағанда бұл шыны, металл мен бетоннан тұрғызылған алып заманауи арена. Бірақ архитектурада кездейсоқ сызық болмайды. Мұндағы әр өрнектің ар жағында ұлттық болмыс жатыр. Киіз үйдің сұлбасы, керегенің ырғағы, түндүктің бейнесі. Бәрі жаңа архитектураға көшкен. Осылайша 51 мың адамдық стадионның ең қызық ерекшелігі оның көлемінде емес, идеясында болып тұр. Өйткені жаңашылдық - өткенді ұмыту деген сөз емес. Заман өзгереді, сәулет өзгереді, ал тамыр сақталады.

Тарих тамырын тереңге жайған қырғыз бауырлар ұлттық құндылықтарын еш жоғалтпаған. Өткенді ұмытпаған айыр қалпақты ағайындар заманауи Бішкек арена төрінде Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу салтанатын өткізді.

Риат Шони, тілші:

- Көшпенділер ойындарының үлкен жолы дәл осы Қырғыз жерінен басталған. Ыстықкөл жағасында тұсауы кесілген дода кейін талай елді аралап, Астана төріне де жетті. Енді міне, сол үлкен көш қайта айналып, бастау алған мекеніне оралып отыр. Бірақ мұны жай ғана спорттық эстафета деп қарау аздық етеді. Қазақ пен қырғызды ғасырлар бойы ат үстіндегі мәдениет, дала мінезі, салт-дәстүр мен ортақ тарих байланыстырып келеді. Шекарамыз бөлек болғанымен, тамырымыз талай жерде тоғысады. Сондықтан бүгін Бішкекте басталғалы тұрған дүбірлі дода тек жарыс емес. Бұл ортақ тарихтың қайта атқа қонған сәті. 

Сайын даланы дүбірге бөлеген бәсекенің бел ортасынан хабар таратуға әлемнің түкпір-түкпірінен мыңдаған журналист келген. Жақыны Қазақстан, Өзбекстан болса, арғысы мұхит асып келген АҚШ өкілдері. 

Рид Аллен, журналист /АҚШ/: 

- Былтыр Моңғолияда Наадам мерекесінде болдым. Сол жерде маған Дүниежүзілік көшпенділер ойындары туралы айтып берген. Содан кейін міндетті түрде келуім керек деп шештім. Маған күрес ұнайды, бүркіттерді көргім келеді.  Жалпы барлығы қызық болады. 

Мариус Боренштейн, журналист /Франция/: 

- Менің білуімше, бұл ойындардың мақсаты – көшпенділердің дәстүрлерін қайта жаңғыртып, оларды кеңінен дәріптеу. Мен қазір деректі фильм түсіріп жүрмін. Сол жұмыс барысында Айдай Ахматова деген адаммен таныстым. Ол бұл ойындардың әлем халықтарын бірлік пен бейбітшілікке үндейтінін айтты. Мен келген Еуропада Олимпиада ойындары көбіне бәсеке мен тартыс ретінде қабылданады. Ал мұнда, меніңше, басты идея - бейбітшілік пен түрлі мәдениеттердің бірлігі. 

Қырғыз жерінде өтіп жатқан 6-дүниежүзілік көшпенділер ойындарына жер жаһаннан 100-ден астам мемлекет жиналған. Олар ұлттық спорттың 43 түрінен бақ сынасады. Ел намысын қорғайтын саңлақтардың да саны 150-ден асады. Басты бәсекеге көкпарда қызады деп күтіледі. Мұнда әрине қазақ пен қырғыз палуандарының тартысы көптің назарында. Өйткені бұл жай ғана ойын емес, екі елдің де намысы сынға түсетін, тақым мен білектің, айла мен шеберліктің бәсекесі. 

Құрманбек Тұрғанбек, көкпардан ұлттық құрама капитаны: 

- Қазақстанның өзінде 3 ай көлемінде дайындық өткіздік. Біздің командаға жалпы 30-ға жуық бала сборға шақырту алған болатын. Соның ішінен 24 баланы іріктеп алдық. Көкпарға 12 бала, көк бөріге 12 бала. Өзімізбен бірге алып келдік. Келгеннен кейін қырғыз тарапынан да 1-2 ат алған болатынбыз. Жекпе-жек аттарын. Аттарда жаңарды. Балалар да жаңарды. 

Айта кету керек, бүгін ел намысын қорғауға аттанған саңлақтарымызға қолдау білдіру үшін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та Бішкекке арнайы келген еді. Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу салтанатына, сондай-ақ өзге де елдердің Президенттері мен Үкімет басшылары, халықаралық ұйымдардың төрағалары да қатысты. Ал ертең Қырғызстан астанасында Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің 26-отырысы мен «ШЫҰ+» форматындағы кездесу де өтетін болады. 

Риат Шони, Асхат Серікұлы, Ділмұрат Сейдаханов

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz