RU
Толық нұсқаға өту

Елде таза авиаотын шығарылады

09.09.2026, 07:30 79

Қазақстан әуе арқылы да тоғыз жолдың торабына айналуға тиіс. Бұған географиямыз келіп тұр. Енді шетелдік алып лайнерлер біз арқылы ұшу үшін бұларға қызмет көрсету сапасы жоғары болуы керек.

Әуежайлар жолаушылар ғана емес, жүк тасымалдаушы компаниялар үшін де қолайлы болуға тиіс.  

Осы орайда халықаралық рейстер үшін жеңілдік бар. Авиаотынға қосымша құн салығы алынбайды. Жаңа тәртіп биыл енгізілді. Жалпы авиаотын бойынша отандық өндірушілер ішкі сұранысты өтеп келеді. Дегенмен импортқа жүгінетін кездеріміз де бар.

Бір жылда әлемдегі авиаотын құны екі есе өсті. Соның салдарынан әуе компаниялары шығынданып, табысы төмендеді. Мұны Халықаралық әуе көлігі қауымдастығы растайды. Сарапшылардың болжауынша, биыл жаһандық әуе компаниялары тек отынның өзіне 350 млрд доллар жұмсауы мүмкін.

Отандық авиаотын ішкі нарыққа жеткілікті

Авиаотынның қымбаттауы Қазақстан үшін де өзекті. Өйткені біздің ел халықаралық авиациялық хаб ретіндегі рөлін күшейтуі керек. Ал бәсекеге қабілетті болу үшін ұшақтарды жанармаймен үздіксіз қамтып, бағаны тұрақтандыру және транзиттік рейстерге қажетті инфрақұрылымды дамыту қажет. Мамандар: «Елдегі авиаотын құны шетелдік әуежайлармен  салыстырғанда жоғары», - дейді. Ал жүк тасы­малдаушы компаниялар әуежай таң­да­ған­да жанармай бағасына мән береді. Демек отын­ның жеткілікті және бағаның халықаралық нарықта бәсекеге қабілетті болуы маңызды. Қазір елдегі үш мұнай өңдеу зауыты авиаотын өндіреді. Негізгі қажеттілік жылына 1,2 млн тонна шамасында. Ал биылғы жоспарлы өндіріс көлемі – 825 мың тонна. Бұл жергілікті әуе компаниялары мен Қазақстан Республикасы Қарулы күштері үшін жеткілікті. Қалғаны халықаралық транзит пен жүк тасымалдарына және шетелдік әуе компанияларына қызмет көрсетуге жұмсалады. Жетпегенін Ресей, Қытай және Еуропа елдерінен импорттаймыз.

Сәбит Мұхан, ҚР ЭМ Мұнай тасымалдау және өңдеу департаментінің бас сарапшысы:

- Экономикалық тиімділігіне келер болсақ, біздегі импорт шетелдік және транзит рейстерге қызмет көрсетуге бағытталған. Салаға қаржылық салмақты азайтып, әуе тасымалын қолжетімді ету үшін Үкімет бірқатар шараны қабылдады. Үшінші елдерден алынатын авиаотын үшін кедендік шығын 5 пайыздан 0-ге дейін төмендеді. Ал отынның өзі ҚҚС-нан босатылды. Мұның бәрі көлік-логистикалық шығындарды азайтуға сеп.

Елде таза авиаотын шығарылады

Әлемдік әуе компаниялары 2050 жылға қарай көміртек шығарындыларын таза нөлдік деңгейге жеткізу керек. Қазақстан – ИКАО-ның экологиялық таза отын өндіру бағдарламасына қосылған ТМД-дағы алғашқы ел. Яғни кәдімгі керосинге балама отын түрін шығару міндет. Сала мамандары: «Біз үшін биоэтанолды авиациялық отынға айналдыру тиімді», - дейді. Елде ауыл шаруашылығы шикізаты да жеткілікті. Әйткенмен Jet A-1 стандартын сақтау маңызды. Таяуда Қостанай облысында елдегі алғашқы синтетикалық отын өндірісі ашылмақ. Сондай-ақ өнеркәсіптік майды қайта өңдеу арқылы отын алу бойынша Азия инвесторларымен келісім жүргізіліп жатыр. Жаңа технологиялар жалпы өндіріс көлемін еселеуге тиіс. 2032 жылға қарай көрсеткіш 1,7 млн тоннаға дейін артады деген жоспар бар.

Сәбит Мұхан, ҚР ЭМ Мұнай тасымалдау және өңдеу департаментінің бас сарапшысы :

- Бұл көрсеткішке жету үшін кешенді шаралар қабылданды. Ең алдымен, қолданыстағы мұнай өңдеу зауыттарының технологиялық процесін оңтайландырып, өндірісті арттырамыз. Өндіріс орындарын терең жаңғыртамыз. Бұған қоса жылына 10 млн тонна өнім өндіруге қауқарлы жаңа мұнай өңдеу зауытын саламыз. Ол да мұнай өнімдерін, соның ішінде авиаотын өндірісін арттыруға мүмкіндік береді.

Авиакеросинді экспорттай аламыз

Иә, өндірісті 2 есе арттыру айқын жоспар. Оны қамту үшін Павлодар және Шымкент мұнай өңдеу зауытын жетілдіру қажет. Мысалы, Шымкенттегі жылдық қуат 6 млн тоннадан 12 млн тоннаға дейін артады. Әлбетте авиакеросин өндірісіне басымдық беріледі. Өйткені экологиялық отын өз алдына, кәдімгі керосиннің де маңызы зор. Қазір Азия мен Еуропа арасында ұшатын ірі жүк ұшақтары біздің елге аялдап, дәл осы отынды сатып алады. Яғни тікелей валюта ағыны деуге болады. Орталық Азиядағы жүк хабы ретіндегі орнымызды нығайту үшін де сапалы әрі арзан отын керек. Сондай-ақ авиакеросин тапшылығы байқалатын көрші елдерге экспорттауға мүмкіндік бар.

Келесі айда Брюссельде авиация саласына қатысты ірі жиындар өтеді. Қазақстан тарапы да қатысады. Біздің мақсатымыз – халықаралық авиациялық хаб ретінде бәсекеге қабілеттілікті арттыру, инвестиция тарту, сондай-ақ келешекте экологиялық таза авиаотын экспорттайтын елдердің қатарына қосылу. Өйткені жер шарының қақ ортасында жатқан Қазақстанның авиациялық әлеуеті зор.

 

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz