Әлемде мигранттар көбейген үстіне көбейіп барады. Әрине ешкім туған жерден жетіскеннен кетпейді. Өзге жұрттан нәпақа табады.
Сосын көбі тапқан-таянғанын еліне, отбасына жібереді. Сол еңбек мигранттарының отбастарына аударған ақшасы сол елге жасалған тікелей шетелдік инвестициялардан да асып түскен. Бұл – Дүниежүзілік банктің дерегі. Кейінгі 20 жылда мұндай қаржы аударымы 5 есе көбейген. Өсім экономикалық дағдарыстар мен пандемия кезінде де тоқтамаған. Тіпті әлемнің 23 елінде мигранттар жіберген қаржы жалпы ішкі өнімнің 10 пайызын қамтиды.
Былтыр әлемнің әр түкпіріндегі еңбек мигранттары елде қалған отбасыларына шамамен 729 млрд доллар қаржы аударған. Бұл – табысы орта және төмен мемлекеттерге бөлінген тікелей шетелдік инвестициялардан да көп. Біріккен Ұлттар Ұйымы мен Дүниежүзілік банктің дерегі осындай. Мигранттар қаражаттың басым бөлігін Азия және Тынық мұхиты аймағындағы елдерге жіберген. Бұл дегеніміз – 384,9 млрд доллар. Одан кейін Латын Америкасы мен Кариб теңізі аймағындағы мемлекеттер тұр. Бұларға 168,6 млрд доллар аударылды. Ал Африка елдеріне 124,2 млрд доллар түскен.
Альваро Ларио, Халықаралық ауыл шаруашылығын дамыту қорының президенті:
- Шетелде миграцияда жүрген азаматтар – елде қалған отбасыларының басты асыраушысы. Олардың негізгі қажеттіліктерін өтеу, түрлі дағдарыстарға төтеп беру және болашақтарына инвестиция құю үшін жұмыс істейді. Мигранттардың ақша аударымы сондай-ақ жергілікті бизнесті, жұмыс орындарын және азық-түлік жүйелерін қолдау арқылы күллі экономиканың дамуына ықпал етеді.
Әлемде 168 млн адам күн көру мақсатында шекара асқан. Еңбек мигранттарының, жартысынан көбі, яғни 68%-ы қызмет көрсету саласында жұмыс істейді. Айта кетерлігі, олардың айлығы әрдайым жергілікті азаматтардікімен бірдей бола бермейді. Орта есеппен 25%-ға кем алады. Қазір қарапайым жұмысшылардың көбінесе, араб мемлекеттеріне ағылатынын байқаймыз. Көбіне құрылыс, қонақ үй бизнесі, логистика, тұрмыстық қызметтерге араласады.
2024 жылы Парсы шығанағы араб мемлекеттерінің ынтымақтастық кеңесіне мүше мемлекеттерге Оңтүстік және Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінен 3 млн 400 мың адам жұмыс іздеп барған. Ұйымға Сауд Арабиясы, Біріккен Араб Әмірліктері, Қатар, Кувейт, Оман және Бахрейн кіреді.
Ал мәселен, АҚШ пен Канадада білікті мамандарға сұраныс жоғары. Медицина, IT, инженерия, құрылыс, көлік салаларында жұмыс көп. Германия, Франция, Испания, Италия, Нидерландқа да шетелдік қызметкерлер аса қажет. Өйткені бұл елдерде демография баяулап, халқы қартайып жатыр. Ал Орталық Азия азаматтары бұрындары Ресейге жұмыс іздеп барса, қазір Жапония мен Оңтүстік Кореяны, Еуропа елдерін жиі таңдайды.
Австралия мен Жаңа Зеландияға тоқталсақ, мұнда маусымдық жұмыс орындары шетелдіктерге зәру. Алайда өткен аптада Аустралия иммиграциялық саясатты қатаңдатты. Ал Фермерлер: «Ауыл шаруашылығы саласында жұмыс күшінің жетіспеушілігі азық-түліктің қымбаттауына әкеледі», - дейді.
Сарамат Ручкеу, фермер:
- Манго жинау үшін 2500 адам қажет. Біз маусымдық жұмысшылардың көмегіне мұқтажбыз. Өйткені өзімізде жұмыс күші жетіспейді. 30 жыл бойы өзге елдің азаматтары келіп, бізге қолғабыс етеді.
Дүниежүзілік банктің деректеріне сүйенсек, алдағы он жылда дамушы елдерде 1 млрд 200 млн-дай адам еңбек етуге қабілетті жасқа жетеді. Демек еңбек нарығына қысым күшейе түседі. Әсіресе Оңтүстік Азия мен Африкадан қоныс аударушылар көбейеді. Ал 2030 жылға қарай мигранттардың отбасыларына аударатын қаржы көлемі 5 трлн доллардан асуы мүмкін.
Тегтер #шартарап #мигранттар #экономикаPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz