RU
Толық нұсқаға өту

Президент Wilo Group компаниялар тобының басқарма төрағасын қабылдады

29.09.2026, 17:06 43

Германияға ресми сапары аясында Қасым-Жомарт Тоқаев Wilo Group халықаралық технологиялық компаниялар тобының жетекшісі Оливер Гермеспен кездесті, деп хабарлайды «24KZ» Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Концерн сорғылар шығарады, сондай-ақ тұрғын үйлерге, қоғамдық және өндіріс ғимараттарына арналған энергия үнемдеуші шешімдер ұсынады.  

Президент Wilo компаниясын Қазақстанда жергілікті өндірісті дамытқан неміс бизнесінің жарқын үлгісі деп атады. Қасым-Жомарт Тоқаев компанияның Алматы облысындағы өндіріс кешеніне инвестиция салу, сондай-ақ елімізді Орталық Азия нарығына шығатын алаң ретінде пайдалану туралы шешімін жоғары бағалады. 

Мемлекет басшысының пікірінше, ендігі қадам локализацияны тереңдету болуға тиіс. Яғни Қазақстанда шығарылатын бөлшектер үлесін арттыруға, инженерлік және сервистік әлеуетті дамытуға, отандық жеткізушілер қатарын көбейтуге мән берген жөн. 

Бұл ретте Президент концерннің Алатау қаласында сорғы құрылғысына маманданған өңірлік сервис және инженерлік орталығын ашу жоспарын құптады.  

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, еліміз Wilo компаниясының отандық инжиниринг кәсіпорындарымен, университеттермен және техникалық мамандармен ынтымақтастығына мүдделі. Оның аясында кадр даярлау, сервистік қызмет көрсету және цифрлық өндірістің озық тәжірибесін енгізу бағыттарын  ілгерілетуге болады. 

Оливер Гермес концерн жобаларына қолдау көрсеткені үшін Қазақстан Президентіне алғыс айтты, сондай-ақ елімізбен серіктестік аясын кеңейту жоспарын таныстырды. 

Неміс кәсіпкері Қазақстанның Wilo үшін Орталық Азиядағы өңірлік хабқа айналғанын атап өтті.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz