Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Германияда Канцлер Фридрих Мерцпен келіссөз жүргізді.
Тараптар қос ел арасындағы сан қырлы ынтымақтастықты нығайтуға бейіл екенін растап, «Орталық Азия - Германия» форматы аясында белсенді байланыс қарқынын сақтауға уағдаласты, деп хабарлайды 24KZ.
Президент пен Канцлердің келіссөзі екі ел делегациясы мүшелерінің қатысуымен кеңейтілген құрамда жалғасты. Тараптар сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайту мәселесіне баса мән берді. Бұдан бөлек Қасым-Жомарт Тоқаев Фридрих Мерцті елімізге мемлекеттік сапармен келуге шақырды. Артынша Қазақстан Президенті мен Германия Канцлері БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап берді. Jibek Joly телеарнасының тілшісі Ділназ Ерланова Мемлекет басшысынан дипломатиялық қарым-қатынас орнағанына 35 жыл толуы қарсаңында Қазақстан мен Германияның ынтымақтастығына қандай баға беретінін сұрады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Біз жүріп өткен жолымызды барынша жоғары бағалаймыз. «Жол мұраты – жету» деп бекер айтпайды. Қиын жолды еңсеріп, зор табысқа жеттік. Өзіңізге мәлім, біздің елімізде Германияға деген ықылас ерекше. Бұл елді жақсы көреміз, құрметтейміз, оның экономика мен өзге де салалардағы жетістіктеріне тәнтіміз. Германия – халықаралық аренада өте беделді мемлекет. Сондықтан мен осы елмен жаңа келісімдерге қол жеткіземіз деген үмітпен келдім. Біраз уағдаластық жасастық. Енді осы келісімдерді тиісті деңгейде жүзеге асыру міндеті тұр. Сондықтан мен келешекке үлкен үміт артамын. Бұдан да мол табысқа жететінімізге толық сенімдімін. Келіссөз барысында Канцлер Мерцті келесі жылы өзіне ыңғайлы кез келген уақытта елімізге мемлекеттік сапармен келуге шақырдым.
ARD телеарнасының тілшісі Демиан фон Остен Президенттен Омбы қаласында айтқан соғысты уақытша доғару туралы мәлімдемесіне қатысты пікір білдіріп, Ресейдегі қазіргі ахуалға баға беруді сұрады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Бүгін мен Владимир Путин Ресей басшысы әрі мемлекет қайраткері ретінде Орталық Азия мен Еуропаға, оның ішінде Қазақстанға, жалпы тұтас әлемге оңтайлы саяси тұлға екенін анық айттым. Бұл Сізге тосын болса да турасы сол. Мен оны өте жақсы білемін. Оның бойынан тарихы қым-қиғаш алып елдің басшысына тән қасиеттердің бәрі табылады. Ел алдында тұрған күрделі стратегиялық мақсаттарды өзінше түсінеді. Әрине, Украинадағы жағдай бәрімізді алаңдатады. Мен әуел бастан Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымы Жарғысының ережелерін қатаң ұстанатынын айтқанмын. Біз барлық мемлекеттің аумақтық тұтастығы қағидатын сақтауға және құрметтеуге үндеп келеміз. Украина халқына, оның тарихына, мәдениеті мен дәстүріне, тіліне зор құрметпен қарайтынымызды бұрыннан айтып жүрміз. Мен соғысты дереу тоқтату туралы айтпадым. Қазіргі жағдайда мұның оңай емес екенін түсінемін. Менің меңзегенім: Украина аумағындағы әскери іс-қимылды уақытша доғарып, дипломатиялық процеске көшу немесе қандай да бір келіссөз бастау еді.
Тегтер #Қасым Жомарт Тоқаев #Украинадағы қақтығыс #баға #Германия #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz